Алматы, 8 сәуір – el24.kz 

2025 жылғы 7 наурызда Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстер терминалында орын алған шулы оқиға бойынша сот процесі басталды.

67 жастағы Машрапбек Баратов Авиациялық қауіпсіздік қызметкерін пышақпен қорқытып, кепілге алғаны үшін жауапқа тартылуда.

Оқиға кезінде күдікті тексеру аймағына кіріп, құжаттарын көрсетуден бас тартып, қызметкерге суық қару қолдану арқылы шабуыл жасаған. Қауіпсіздік күштері оқиға орнына дереу жеткенімен, күдіктіні қарусыздандыруда 52 жастағы Мұса Әбдірайымның батылдығы ерекше рөл атқарды. Ол оқиға куәгері ретінде, өз өмірін қатерге тігіп, кепілге алынған қызды құтқаруға бел шешіп кіріскен.

Тергеу барысында Баратовтың 2024 жылы қоғамдық көлікте әйелге шабуыл жасап, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілгені анықталды. Алайда ол бұл жазаны толық өтемей жатып, қайтадан қылмыс жасаған.

Қазіргі таңда ол ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі – "Суық қаруды қолдана отырып жасалған бұзақылық" бойынша айыпталып отыр. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар, сот медициналық сараптама арқылы күдіктінің психикалық жай-күйін анықтап жатыр.

Сот отырысы Алматы қалалық сотында өтуде. Қоғам бұл оқиғаның әділ шешімін күтуде.