el24.kz 5 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін (МТНБ) өз қалауы бойынша таңдай алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, енді жүргізушілер арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар мемлекеттік нөмірді таңдау мүмкіндігіне ие болады.

«Кез келген қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің құны 10 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 15 АЕК-ке дейін болады», – деп хабарлады ІІМ.

Алайда бұл мүмкіндік жоғары сұранысқа ие, ерекше санаттағы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілеріне қолданылмайды. Мұндай нөмірлер бұрынғы тәртіппен, бөлек талаптар мен тарифтер арқылы беріледі.

Жаңа ереже көлік иелеріне ыңғайлы жағдай жасап, қызмет көрсету процесін жеңілдетуге бағытталған.