el24.kz Өскемен – Новосибирск бағыты бойынша қатынайтын қалааралық автобустың жүргізушісі қызметтік міндетін атқару кезінде кенеттен қайтыс болды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға автобус қала ішіндегі Бажов көшесімен жүріп бара жатқан сәтте болған. Көлік қозғалысы кезінде 57 жастағы жүргізушінің денсаулығы күрт нашарлаған.

Оқиға орнында екінші жүргізуші дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер келгенге дейін ер адам көз жұмғаны белгілі болды.

Жолаушылардың айтуынша, марқұм сапарға шығар алдында автовокзалда өзін жайсыз сезінгенін айтып, бұған дейін жүрегіне ота жасалғанын жеткізген. Соған қарамастан, сапар басталған.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу нәтижесі бойынша қосымша ақпарат берілмек.