el24.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда ЛГБТ насихаты мен педофилияны дәріптеуге тыйым салуды көздейтін заңнамалық түзетулерге қол қойды. 

Қабылданған құжатқа сәйкес, жаңа нормалар жария түрде жасалатын үндеулер мен насихат сипатындағы әрекеттерге ғана қатысты қолданылады. Заң жеке азаматтардың жеке өміріне араласуды көздемейді және жыныстық бағдарды таңдағаны үшін қудалауға немесе жауапкершілікке тартуға жол бермейді.

Бұл қағидаттар заң жүзінде сақталады.

Жаңа заңнама аясында аталған бағыттарды ашық түрде насихаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілік тетіктері енгізілді. Атап айтқанда, заңды алғаш рет бұзған тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 40 АЕК-ке дейін, яғни 157 280 теңгеге ұлғайтылады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін.

Заң шығарушылардың айтуынша, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты — қоғамдық орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарында және ашық алаңдарда жүргізілетін насихат жұмыстарын шектеу, әсіресе кәмелетке толмағандардың психологиялық және моральдық қауіпсіздігін қорғау.

Айта кету керек, заң нормалары жабық сипаттағы жеке өмірге емес, тек қоғам алдында ашық түрде жасалатын әрекеттерге қатысты қолданылады. Осылайша, жаңа түзетулер қоғамдағы моральдық құндылықтарды сақтау мен азаматтардың жеке құқықтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.