el24.kz Қазақстанда бір пәтерге шектен тыс көп адамды тіркеу тәжірибесіне заң жүзінде шектеу қойылмақ. Аталған мәселе елорда мәслихатының отырысында қаралып, тиісті заңды құжат мақұлданды.

Соңғы жылдары Астанада бір бөлмелі, шағын пәтерлерге ондаған, тіпті жүзге жуық адамды тіркеу деректері тіркелген.

Мұндай жағдайлар көші-қон есебін бұрмалап қана қоймай, қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымына қосымша салмақ түсіріп отыр.

Жаңа заңға сәйкес, пәтерде тіркелетін әрбір бөгде адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын алаң тиесілі болуы тиіс. Бұл талап отбасы мүшелеріне қолданылмайды. Ал туыстық қатысы жоқ азаматтарды тіркеу кезінде жан басына шаққандағы тұрғын алаң қатаң түрде тексеріледі.

Мәселен, бір пәтерде алты адам тіркеліп, олардың біреуі ғана отбасы мүшесіне жатпайтын болса, дәл сол азаматқа арналған 15 шаршы метр норманың сақталуы міндетті. Аталған талап орындалмаған жағдайда пәтер иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Қала әкімшілігінің мәліметінше, бұл шара Астанада нақты қанша адам тұрып жатқанын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындардың нақты санына қарай мектеп, балабақша, аурухана, жол, қоғамдық көлік және өзге де инфрақұрылым нысандарын дұрыс жоспарлауға жағдай жасайды.

Билік өкілдері жаңа талаптар көлеңкелі тіркеулерді азайтып, тұрғын үй саласындағы тәртіпті күшейтеді деп отыр. Құжат жақын уақытта күшіне еніп, бақылау тиісті мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады.