СОВЕТ ҚҰРАМАСЫНА КІРГЕН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ КОНЬКИШІСІ, 1952-1953 ЖЫЛДАРЫ ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ЖҮЙРІКТЕРІ ҚАТАРЫНА ЕНГЕН ӘЙГІЛІ СПОРТШЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ 12 ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ, СОВЕТ ОДАҒЫ КӘСІПОДАҚТАР ҚҰРАМАСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ БОЛҒАН ОРАЗ ҚАҢЛЫБАЕВ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Өткен ғасырдың көзі қарақты жанкүйерлері болмаса, бүгінгі жастар біле қоймайтын Ораз Қаңлыбаевтай дүлдүл конькишіміз болғанын бір еске түсіріп қойғанды жөн санадық. Ораз қиқулы додаға түскен кезде біздің аты аңызға айналған саңлақтарымыздың басым көпшілігі әлі мектеп қабырғасында жүрген болатын. Біздің есебіміз бойынша Ораз Қаңлыбаев барлық спорт түрлері бойынша Совет одағы құрамасына енген бірінші қазақ спортшысы.Ораз Қаңлыбаев совет құрамасының сапында 1953-1957 жылдары өнер көрсетті.

Ораз Қаңлыбаевтың спорттағы жетістігі атақты Медеу мұз айдының тұсау кесуімен және өрлеу кезеңімен тығыз байланысты. Осы жерде «Қазақ жерінде әлемге әйгілі Медеу айдыны қалай өмірге келді?» деген сауалға жауап берудің реті келіп тұр. 1948 жылы Совет одағының коньки құрамасы Хельсинкиде әлем чемпионатына қатысты. Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңімпаз боп шыққан держава спортшылары сол бәсекеде Константин Кудрявцев жеңіп алған бір ғана алтын жүлдемен шектелді. Бұл сәтсіздік Кремльдің шамына тиді. Коньки құрамасын поездан түскен бойда суыт Кремльге шақыртты. Мамандар мен спортшылар Сталиннің қабылдауына бара жатып: «енді қайтып отбасымызға ораламыз ба, жоқ па?» деген үрей құшағында болған екен. Құдай сақтап, Кремльден аман-есен шыққан орыс мамандары сол тұстағы ең жүйрік саналатын – Швейцарияның Давос стадионымен іргелес ашық айдыннан кем соқпайтын жер іздеуге кірісті. Ұзамай «жеңімпаз елдің спортшылары тек қана жеңіске лайық» деген мазмұндағы ЦК-ның қаһарлы қаулысы шықты. Конькишілер бес жылға дейін халықаралық жарыстарға қатысу хұқынан айрылды. Мәскеу мамандары тағы қай жерлерге көз салғанын білмейміз. 1949 жылы совет құрамасының аға жаттықтырушысы Константин Кудрявцев Алматыға арнайы келіп, Медеу шатқалындағы қазіргі стадион тұрған жерге табан тірейді. Себебі, таудың тұзсыз мөлдір суынан қатырылған мұздың сапасы мен таулы жердің табиғаты конькишілерге жылдамдықты үстеу үшін қолайлы болып шықты. Бұл кезде 19 жастағы Ораз конькидің әліппесін әжептәуір меңгеріп қалған еді.

1951 жылы ақпанның басында 400 метрлік жарыс жолы бар Медеу айдыны салтанатты түрде ашылды. Мәскеудегі спорт басшылары арманына жетті. Осы жылы қаңтар, ақпан айларындағы жарыстарда 5 бірдей әлем рекорды жаңартылды. Бұрын-соңды мұндай тамашаны көрмеген орыс мамандары аң-таң. Бұрын бес-он жылда бір әлемдік рекордтың жалына қол артса, жер-көкке сыймайтын советтік тренерлер енді жарыс сайын бірнеше рекордқа кенеліп, әбден жырғады. Нақты деректерге сүйенсек, 1951-1955 жылдары Медеуде әлемнің 23 рекорды дүниеге келген екен. Ұзамай Медеуге дүние жүзінің ең таңдаулы конькишілері лек-легімен ағыла бастады. Сол тұстағы Еуропаның мақтаныштары – Швейцарияның Давосы мен Австрияның Инцелі Медеудің шаңын қауып қалды. Біздің Медеу содан қырық жыл бойы Совет одағының коньки спортындағы ең басты аренасына айналды. Советтің ондаған Олимпиада және әлем чемпиондары дүниежүзілік деңгейдегі басты жарыстарына осы жерде әзірленді. Сөйтіп, Іле Алатауының Медеу шатқалында орналасқан қазақ айдыны әлемдік рекордтар фабрикасы деген мәртебелі атаққа қол жеткізді. Конькидің есеп-шотын қағушылар Медеуде 200-ге жуық дүние рекордының тұсауы кесілді дейді. Бұл дегеніңіз, әлемдік коньки тарихында қазақтың Медеуі қаншалықты маңызды екенін дәлелдесе керек.

Қаңлыбаев осындай ортада жыл санап шыңдала түсті. Қазақстан конькишілерінен тұңғыш «КСРО спорт шебері» Ораз Мұсағалиұлы 1953 жылы көпсайыста Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды. Ол бір жыл бұрынғы чемпиондық есебін бірден 17 ұпайға арттырып, негізгі қарсыластарынан оқ бойы шығандап кетті. 5000, 10000 метрге жарыста Совет одағы мен Қазақстанның бірнеше рекордының мұртын бұзды. Оның бұл рекордтары әлемдік үздік нәтижелермен үзеңгі қағыстырып тұрды. Осы жетістігінің арқасында Қаңлыбаев Совет одағы құрамасына алынды. 1952-1953 жылғы қысқы спорт маусымының қорытындысында дүние жүзі бойынша Ораз Қаңлыбаев 10 000 метрде 6-шы, үлкен көпсайыста 13-інші, 500 метрде 22-інші орынға табан тіреді. Бұл жөнінде «Советский спорт» газетінің 1953 жылғы 9 мамырдағы санында жазылды. Сол маусымның соңында Қаңлыбаев әлемдегі ең таңдаулы 25 конькишінің қатарына енді. Ораз Қаңлыбаев Совет одағының чемпионы атағына «Динамо» спорт қоғамы құрамасы сапында бірнеше мәрте қол жеткізді. Ораз Мұсағалиұлы – Қазақстанның 12 дүркін чемпионы! 1955 жылы Қытай Халық Республикасының ашық біріншілігінде 2 мәрте жеңімпаз атанды.Сонымен қатар, Қытай - Совет одағы матчының бас жүлдесін жеңіп алды.

Қаңлыбаев 29 жасында спортшы кәсібін доғарып, 1959 жылы Совет одағының кәсіподақтар спорт қоғамы құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды. Бұл қызметтің тізгіні Мәскеудің қолында екенін ескерсек, Ораз Мұсағалиұлының одақ мойындаған мықты маман болғанын аңғарасыз. Осы жерде Қаңлыбаев баптаған советтің кәсіподақтар құрамасы сол тұстағы әлемдегі ең жүйрік команданың бірі Норвегиядан басым түскенін айта кету керек.

Ол одақ құрамасына қоса, Қазақстанның жоғары деңгейдегі конькишілер бөлімінің аға бапкері міндетін қатар атқарды. Қазақ маманы советтің кәсіподақтар командасын алты жыл жаттықтырып, 1965 жылы Мәскеудің арнайы тапсырмасымен Монғолия құрамасын 1968 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындауға жәрдемдесті. Ол кезде Мәскеудің сыртқа жіберетін мамандарға деген талабы өте күшті болатын. Қаңлыбаев сол талап үдесінен шыға білді. 1964 жылғы Олимпиада ойындарында командалық есепте 42-орынды қанағат қылған монғол жүйріктері 1968 жылғы Олимпиада бәсекесінде 14-орынға көтерілді. Тағы бір жете мән беретін дерек: Ораз Қаңлыбаев 1964, 1968, 1972 жылдары Қазақстанның коньки командасының бапкерлік кеңесін басқарып қана қоймай, Совет одағы ұлттық құрамасының бапкерлер құрамына енді. Сол жылдары жер шарындағы ең күшті коньки құрамасының бірі - совет командасына тәлімгер болған Қаңлыбаевтың бапкерлік білігін өзіңіз бағамдай беріңіз.

Ораз Мұсағалиұлы 1970 жылы Қазақстан коньки федерациясы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, дәл осы жылы бүкілодақтық дәрежедегі төреші атағына ие болды. Бізге Ораз ағамен жүздесудің сәті түскен жоқ. Спорт саласына дендеп ене бастаған кезімізде – 1989 жылы жол апатынан көз жұмды. Негізіне келсек, О. Қаңлыбаев Шығыс Қазақстан облысы Зайсан өңірінің тумасы.

Қаңлыбаевтың спорттық, бапкерлік, одан әрі қайраткерлік жолына зер салсақ, бұл кісінің білімді, табанды әрі іскер адам болғанын аңғарамыз. Талайларға тізгін бермейтін спорттағы жетістіктер алғыр, зерек әрі табиғатынан дарынды адамдарға бұйырса керек. Ал спортшы кездегі табысты кәсіби маман деңгейіне ұластыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Егер Ораз ағамыз ортаңқол маман болса, Мәскеу ол кісіні одақтың кәсіподақтар құрамасының маңына жуытпас еді. Егер Ораз ағаның кәсіби деңгейі орташа болса, сол тұстағы Қазақстан спортының басшысы - халық министрі Қаркен Ахметов бастаған шенділер оған республика құрамасының бапкерлік кеңесін басқартып қоймасы тағы белгілі. Қысқасы, Ораз Мұсағалиұлы өресі биік, Қарым-қабілеті күшті маман болғаны күмән тудырмайды. Сонымен қатар, ортасына өте сыйлы болғаны жайлы мағлұматтар да баршылық.

О.Қаңлыбаевқа қатысты қосымша дерек: оның туған әпкесі Жамал Мұсағалиқызы Қаңлыбаева – техника ғылымдарының докторы атағын алған бірінші қазақ қызы. Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор. Жамал апай 1974 жылы 50 жасында өмірден озды. Бір шаңырақтан қазақ спорты мен ғылымының екі бірдей дарабозы шығыпты. Тақыр жерге шөп шыға ма? Арғы аталарында немесе нағашы жағында текті кісілер болғаны анық.

Ораз Қаңлыбаев оқтай зулап, алғаш олжа салған кезең өткен ғасырдың 50-інші жылдарының басына дөп келсе, дәл сол тұста Медеу шатқалындағы

алаңқайда Алатаудың өзегін жарып шыққан мұздай судан айнадай жарқырап жүйрік айдын пайда болыпты. Алаштың кешегі күндей күркіреген империяны мойындатқан мұзтабан ұлы мен ұшқыр мұзымен жер жүзін сүйсіндірген ғажайып Медеуінің тағдыры ұқсас боп шықты. Ораз аға сексен тоғызыншы жылы мына жалғаннан бақиға аттанса, дәл сол кезеңде Медеудің де рекордтары толас таба бастады.

P.S. Біздің ұлт өз жерінде барынша азшылыққа ұшырап, қыспаққа түскен алмағайып тұста әлемдегі ең алып державаны мойындатып Ораз Қаңлыбаев шықса, азаттыққа қол жеткізген ширек ғасырда, қазақ өз тарихында 10 миллионнан еркін асқан мамыражай заманда сол азаматтың деңгейінде бір конькиші немесе мықты маман дайындай алмадық. Біз, осы, қайда кетіп барамыз?!

Қыдырбек Рысбек.

«Жас Алаш» газеті, 01.02.2018

 


 

А) Ораз Қаңлыбаевтың соңынан рекордтар саулап, төгіліп жатқан кездегі Медеу мұз айдыны. 

Ә) Конькиден Совет одағының және Қытайдың чемпионы Ораз Қаңлыбаев.