«Қара бура» лақап атымен танымал болған маңғыстаулық Нұрдаулет Жарылғапов белбеу және  кураш күресінен өткен ел біріншілігінде  чемпион атанды. Осылайша, Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін 2022 жылғы Азия ойындарына жолдама алды,-деп хабарлайды el24.kz , Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
 
 
Белбеу және  кураш күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионаты Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жарыста Қазақстанның әр түкпірінен 12 салмақ  бойынша келген 500-ге жуық спортшы сынға түсті.  Үздік шыққан спортшылар халықаралық додаларда ел намысын қорғауға жолдама алды. 
 
- Түркі елдеріне ортақ кураш күресі қазіргі таңда Азия ойындары бағдарламасына қосылды. Сондықтан Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін жарысқа шәкіртім Нұрдаулет Жарылғапов жолдама алды.  Ол жақтан да үмітті ақтап, ел намысын жоғары деңгейде қорғаса құрлықтық аламанға қатысуға мүмкіндік алады. Яғни жылдың басты бәсекесі - қазан айында Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатына қатыса алады, - деді МО ұлттық спорт түрлері орталығының директоры Қайрат Бурбасов. 
 
Айта кетейік, Нұрдаулет Жарылғапов 100-ден жоғары келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 21 спортшының арасында үздік атанса, ал маңғыстаулық Әлібек Сәрсенғалиев қола жүлдеге ие болды.