Отандық шоу-бизнес жұлдызы Бағлан Әбдірайымов ауырып қалып, коронавирусқа анализ тапсырды. Өнер иесі тамағы ісіп, жөтелі құрғақ сияқты болғандықтан медицина мамандарына жүгінуге мәжбүр болған. Әнші өткен тексеріс оның ағзасында инфекцияның бар-жоғын анықтаған. "Жігіттер" квартеті мүшесінің сынамасы қандай нәтиже көрсеткені жайлы KAZ.NUR.KZ хабарлады.
Бағлан Әбдірайымов карантин басталған уақытымен қатарласып ауырып қалғанын жеткізді. Эстрада өкілі мұндай ауыр жағдайда қауіпті вирусқа деген күдігі басым болғандықтан, бірден тексеріске баруға бекінгенін айтып берді.
"Көрісу мерекесі қарсаңында батыс өңіріне барып, достармен жүріп қайттық. Кетер күні моншаға түсіп, Жайықтың мұз қатқан суына жігіттерден қалыспай сүңгіп те алдық. Содан ұшаққа мініп үйге келдім. Карантин жариялау басталды, менде тұмау басталды. Екі күн үйде жатып емделіп, жөтелім құрғақ сияқты көрініп, жүрегім айныған сияқты, сүйегім сырқырағандай болды. Күдік басым болған соң арнайы мамандарға бардым. Тамақ ісіп кеткен. Кірген бойдан температура тексеріп сұраққа алды. Шет елге қашан шыққанымды, туберкулезбен ауырған-ауырмағанымды, травмалық операция болған-болмағанын бәрін сұрады. Ерғали ағам айтпақшы: "Ана бәле жұқпады ма?"- дегендей болды ғой. Шүкір, дін аманмын! Антибиотик жазып берді. Ақ халатты абзал жандардың еңбегін енді бағалау басталды. Біз үшін жұмыс істеп жүр. Сіздер үшін біз үйде отырамыз! Ауырмаңыздар" , - деп жазды әнші Instagram парақшасында.
"Ел аузында" бағдарламасының хабарлауынша, әншінің тапсырған сынамасы теріс нәтиже берген. Әбдірайымовтан COVID-19 вирусы анықталмаған болып шықты. Өнер иесі суық тигізіп, тұмауратып қалған.