Тоқты. Маусым алмасуында күш-қуатын қалыпта сақтау үшін қысқа қашықтыққа жүгіру, сәбіз, грейпфрут, қарбыз, алманы көп жеу ұсынылады. Олар ағзаны тазалаумен қатар зат алмасуын жақсартып, қажетті витаминдермен байытады. Артық салмақтан сақтану үшін калориясы аз тамақ жеген дұрыс.

Торпақ. Оның әлсіз тұсы – асқазан. Оны бұзып алмау үшін салқын және газды сусыннан бас тарту керек. Күзгі жайсыздықты сезінбеу үшін балық, теңіз капустасы, ірімшікті көбірек тұтынған жақсы. Ұйқының толыққанды болуы маңызды. Тері ауруларынан сақтана жүргейсіз.

Егіздер. Әр нәрсені уайымдап, алаңдап, жүйкені жұқартудан сақтаныңыз. Кальцийдің күндік мөлшерін қабылдау ағзаға, сүйекке ғана емес, жүйкелерге де пайдалы. Қыста көп қуат жоғалтпау үшін күзде табиғи дәрмектерді молынан тұтынуға тырысыңыз. Асығып жүретін әдеттен арылған дұрыс. Әйтпесе жарақат алып қалуыңыз ғажап емес.

Шаян. Эмоцияға тез берілетін белгі. Мұндай көңіл-күй кезінде өзіңізді тез тыныштандыратын фильм тамашалаңыз, бір сәт ұйықтап алуға да болады. Тек ашу үстінде жол жүрмеңіз, тамақты да жақсы көңіл-күймен жеген дұрыс. Салқын душ, мұздай су сізге жағымсыз. Оның салдары қыста жиі тұмауратуға соқтыруы мүмкін.

Арыстан. Үнемі белсенді қимыл-қозғалыста болып, көп күш-қуат жұмсайтындықтан құнарлы тамақтанғаны дұрыс. Осы маусымда С және Д витаминін көбірек тұтынып, ағзаны қысқа ертерек дайындағаны дұрыс. Ағзадағы ең осал тұсы – жүрек. Сондықтан майлы асты шектеп, жеміс, көкөністі көбірек тұтынғаны абзал.

Бикеш. Ағзаны қысқа осы уақыттан бастап дайындауға кірісуі керек. Әсіресе иммунитетін нығайту маңызды. Ол суықтауға өте бейім. Одан сақтану үшін жеңіл жаттығу түрлері мен ас арасында, күніне 2-3 рет көкөніс, жеміс-жидектер тұтыну ережесін қалыптастырғаны дұрыс. оның пайдасы қыста байқалады.

Таразы. Олардың тыныс алу жолдары әлсіз. Алдағы салқын күндерге дайын болу үшін дұрыс тыныс алу жаттығуларын үйренгені жөн.  Дәрігерлердің ащы ас, тұзды мен өткір тамақтан сақ болыңыз деп ескертуі тап осы жұлдыз белгісіне арналған десе болғандай. Оларға тәттіге тым құмар болу да зиян. Өйткені тәттілер ағза қуатын «жеп» қояды. Әрі тамақты тез ауыруына да себеп.

Сарышаян. Маусымдық ауа алмасуы оған жайсыз әсер етеді. Бас ауыруы, күйгелектену соның белгісі. Сондықтан бір апталық үзіліс алып, жұмыстан тыныққаны жөн. Інжір, сәбіз, сарымсақты жиірек тұтынып, иммунитетті көтеруге күш салғаны жақсы. Йодқа бай теңіз тағамдарына басымдық беріңіз.

Мерген. Тынымсыз, әр тәулікте көп күш-қуат жұмсайды. Бірақ оның орнын толтыруды ойлана бермейді. Бұл ағзаның тез шаршауына соқтырады. Оған С және В тобының витаминдерін молырақ тұтыну керек. Өйткені күн салқындаған сайын ағза көп энергия бөледі. Оның орнын толтыру маңызды. Бауырға қамқор болу керек.

Тауешкі. Басқа жұлдыз белгілеріне қарағанда олар кальцийді көбірек қажет етеді. Ой жұмысымен жиі айналысатындықтан жүйкесіне көп күш түседі. Маусым алмасуындағы жайсыздықтардың алдын-алу үшін салмағына қарай сұйықтық ішуді әдетке айналдырғаны жөн. Бұл ретте итмұрын (шиповник) тұнбасының пайдасы көп.

Суқұйғыш. Ағзадағы әлсіз тұсы – ас қорыту мүшелері. Бұзау, тауық етінен пісірілген сорпа оған жағымды. Ауа алмасуында ашушаңдыққа бейім. Жүйкені жайландыратын шай, В1, В12 витаминдерін қабылдаған пайдалы. Ағзаны күзге дайындауда күніне ашқарынға үш дана грек жаңғағын жеу ұсынылады. Нәтижесін апта ішінде сезіне бастайды.

Балықтар. Тамақтан улануға бейім. Қара жүзімнен жасалған квас ішу ол үшін ең шипалы диета деуге болады. Жүзімнің ағза жасушаларын жаңартып, жасартатын қасиеті бар. Ол иммунитетті де көтереді. Витаминге бай. Алдағы салқын күндерге ағзаны аса қиындықсыз, осылай сусын арқылы дайындауға мүмкіндігі бар.

 

                                                                                      

zamana.kz/