Қазір мандариндер маусымы және ол Жаңа жыл символдарының бірі саналады. Оның Қазақстанда кең тараған сұрыптарын және оны таңдауға бірнеше кеңес ұсынамыз.
 
Мандарин - қышқыл-тәтті қызғылт сары цитрусты жеміс. Ол апельсинге қарағанда кішілеу және ондағы қант пен қышқыл азырақ, бірақ су көбірек.
 
Әдетте, мандариндер маусымы күзде басталып, көктемде аяқталады. Маусымдық өнімдерді өз уақытында жеу ағзаға пайдалы. Жаңажылдық дастарханға мандарин әлі таңдамаған болсаңыз, алдымен оның түрлерімен танысып алыңыз.
 
 
Түрік мандарині (1200-1500 теңге)
 
Түрік мандариндерінде дәнек өте аз, қабығының түсі ашық қызғылт-сары және сары болып келеді. Түрік мандариндері дәмді, бірақ кейде қышқыл сұрыптары да кездесіп қалады.
 
 
 
Балды қытай мандарині (1700-2000 теңге)
 
Ол басқа сұрыптарға қарағанда ірі және дәнектері бар, бірақ ол ең тәтті және шырынды сұрыптардың бірі.
 
 
Жапырақтары бар қытай мандарині (1500-2000 теңге)
 
Жасыл жапырақтары бар қытай мандариндері өте кішкентай болады және қабығы тез әрі оңай ашылады. Сондықтан да оны көбіне кішкентай балалар жақсы көреді. Оның дәнегі аз келеді. Дәміне келер болсақ, көбіне тәтті болады, бірақ кейде еш дәмі жоқ түрі де тап болады.
 
 
Пәкістан мандарині (500 теңге)
 
Пәкістан мандариндерінің бағасы арзан. Олардың өлшемі үлкендеу және дәнектері өте көп болады. Сондай-ақ оның дәмі қышқыл, кейде, тіпті, ащы болатынын ескеріңіз.
 
 
Марокко мандарині (1400-1700 теңге)
 
Марокко мандариндері әркез дәмді және шырынды, ал қыбығы жұқа келеді. Олардың өлшемі орташа, ал түсі қанық қызғылт сары немесе кейде, тіпті, қызылдау түрлері кездеседі. Мандариннің бұл түрінде көбіне дәнек болмайды. Оның қабығы қиын ашылады.
 
Мандарин таңдауға бірнеше кеңес
 
1. Алдын ала өлшеніп оралған емес, өзіңіз таңдап, пакетке сала алатын мандарин таңдаңыз. Осылайша, сіз бұзылған және шіріген жемістердің кетіп қалуының алдын аласыз. Мандаринді уыстап емес, бір-бірден алып, жақсылап қарап алыңыз.
 
2. Жемісті ұстап қараңыз. Ол ұстаған кезде тығыз болуы керек. Өте жұмсақ мандариндер бұзылып кеткен, ал өте құрғақтары дәмсіз болуы мүмкін. Жемістің жұмсақтығын қабығы тез ашылатын түрімен шатастырмаңыз. Себебі кей мандарин сұрыптарының қабықтары тез ашылады. Бұл қалыпты.
 
3. Мандариндер түсі бойынша әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан барлық реңк – қалыпты. Мысалы, жасылдау мандариндерден қорқудың қажеті жоқ. Ол мандариннің сондай сұрыбы болуы мүмкін.
 
4. Егер мандаринді базардан алып жатсаңыз, сатушыдан біреуін жеп көруді сұрауға ұялмаңыз. Мандаринді өзіңіз ашып, жеп көргеніңіз жақсы. Сол кезде оның қаншалықты жақсы жеміс екенін бірден түсінесіз.
 
5. Иіс ең жақсы бағдар екенін ұмытпаңыз. Сондықтан мандаринді иіскеп көруге болады. Оның иісінің қанық болуы мандариннің дәмді екенін білдіруі мүмкін.
 
Мандариндерді тоңазытқышта сақтаған жөн. Олар бөлме температурасында жылдам бұзылады. Сондай-ақ мандариндерді пакетте сақтамаңыз, әйтпесе, шіріп кетуі мүмкін.
 
Мандаринді жеп бастаған адамның өзін тоқтатуы қиын, алайда оны өте көп жеуде зиян. Күніне неше мандарин жеуге болатынын мына материалдан оқи аласыздар.
 
Ақпарат дереккөзі: Massaget.kz