Фариза Амангелдіқызы

Ғайша мына жағдайдан соң, анасының үйіне баруға бел буды. Анасының көңілін тауып, кешірімін алып, бата беріңіз демекші. Базар жаққа барып қайтамын деп шыққан ол, қақпадан шыға бере, көшеде отырған көрші кемпірлердің әңгімесін құлағы шалып қалды.
- Анамның теріс батасын алдым деп қамығып жүр бейбақ. Енесінің дуакеш екенін қайдан білсін... Сол бірдеңе жасаған да, қашан көрсең ұнамаған адамының үйінің алдына тұз сеуіп кетеді. Болмаса, әке қарғысы оқ, шеше қарғысы боқ деген. Анасының екі ауыз реніш сөзінің кесірінен екі баласы да өлді деймісің.
- Иә, бәленің бәрі енесінде. Дуалаған болса ше? Өзі келінін келгелі бері бір жақсы деп айтпады. Елдің бәрі біледі емес пе оның дуакеш екенін. Қашан қарасаң жұрттардың есігінің алдына тұз тастап, міңгірлеп бірдеңелерді айтады да жүреді.
- Бәрінен де келінге қиын-ай.... Басқа салмасын, тас түскен жеріне ауыр деген...
Қалшиып тұрып қалған Ғайша көрші кемпірлердің әңгімесін ары қарай тыңдағысы келмеді, тез-тез басып жүріп кетті. Төркініне келсе, анасы үйде жоқ екен. Әкесі күліп қарсы алды. Іші жылып, қуанып қалды. Анам да осылай қарсы алса ғой шіркін, деп ойлады ішінен. Түс ауа анасы кіріп келді. Базарлап кеткен екен. Қызын көрді де, жүзі жайнап сала берді.
- Мам... Кешірші мені...
- Жарығым. Алтыным, келдің бе? Осы уақытқа дейін анаңды сағынбай қалай шыдадың?
- Мам, сізді ұрса ма деп... үйге кіргізбей қойса ше деп...
- Ақымағым, қандай ана өз баласын ойламайды. Ол кезде рас, ашулы едім. Бірақ ананың баласына айтқан жаман сөздерінің мәнісі жоқ. Себебі, ана тілімен айтқанымен, жүрекпен жамандық тілемейді. Кешір мені қызым, теріс бата бергенмін үшін.
- Мам, кешірім сұрамаңыз. Бәріне өзім кінәлімін. Сіздерді жерге қараттым.
- Өткеннің еншісіндегі әңгімені айтпайық қызым. Одан да қазір халің қалай? Жағдайың жақсы ма соны айтшы.
- Мам, білмеймін неге екенін. Екі баламнан да айырылдым. Сіздің кешіріміңізді алмай, кесем ағармайтын сияқты...
- Оны білем қызым. Сырттай сені уайымдап сұрастырып жүрмін.
Анасы мен қызы сағынысып көрсеткен соң ұзақ әңгіме қылды. Анасының иығына басын сүйеп отырған Ғайша бір күліп, бір жылап анасына деген мауқымын басты. Кеш болмай қайтайын деп, төркінімен қоштасып, үйіне қайтты.
Ғайшаны енесі көңілді қарсы алды. Келін болып келгелі енесінің өзіне жылы сөйлеп, жадырап жүргенін алғаш көруі.
- Ғайшажан келдің бе? Сені күтіп отыр едім. Ақболат та жоқ екен үйде. Саған бірдеңе айтайын деп едім.
- Ия айта беріңіз.
- Білесің мен көп жылдан бері жалғыз басты әйелмін. Саудамен күнелтіп, жалғыз ұлымды жетілдірдім. Бірақ жалғыз өзімнің шамам келмес еді. Маған көмектесіп жүрген бір кісі бар. Көптен бері сөзіміз жарасып, жақсы араласып жүрміз. Біз үйленеміз деп шештік. Не дегенмен, әйелсің ғой деп өзіңе айтып отырмын. Ақболатқа ақырындап айтып көрші,- деді жымиып. Не айтарын білмей сасқалақтап қалған келіні бас изегеннен басқа ештеңе дей алмады. Үйленгені нес? О тоба, мына жаста, деп ойлады ішінен.
Кешке Ақболат жұмыстан келген соң анасы қипақтап екі сөздің басын қоса алмай біраз әбігерге түсті. Бөлмесіне келген соң Ғайша енесінің күндізгі айтқан әңгімесінің шетін шығарып бастап еді, Ақболат ыршып түсті.
- Екі дұрыс па мамамның? Тұрмысқа шыққаны нес? Қазір-ақ сөйлесемін өзімен,- деп орнынан атып тұрды. Сол түні үйде біраз жанжал, айғай-шу болып, таңға дейін ешкім ұйықтамады. Бәрібір діттегеніне жетпей қоймайтын көкбет ене ертеңіне азын-аулақ киім-кешегін жинап үйден кетіп қалды. Артынан сұрастырып білсе, әлгі күйеу сымағы әйел-бала-шағасын тастап, Ақболаттың анасына үйленген екен...
Бірақ ол жерде де, ұзақ тұрақтай алмады. Енді жаңа өмір бастаймын деп, немерелі болар шағында тұрмысқа шығып еді, Құдай оны көп көрді ме, әлде күйеуінің бұрыңғы тастап кеткен бала-шағасының көз-жасы жібермеді ме, әйтеуір көп ұзамай күйеуі жүрегі ұстап қайтыс болды да, Ғайшаның енесі өз үйіне қайтып келді. Бірақ, баласының алдында сыйы кетіп, жүзі төмен болып жүрді.
Ақболаттың анасы қартайған шағында құрған тұрмысы баянсыз болып, үйіне оралғалы бұл үйден береке кетті. Ең арысы, туған ұлымен басы сыйыспай, келініне жөн-жосықсыз тиісетінді шығарды. Бағы жанбағанын балаларынан көріп, мені көре алмадыңдар деп қарғанып-сіленумен болды.
Өмірлері бір күн тыныш болса, бір күн ұрыс болып өтіп жатты. Ғайша сол күйі екі рет өлі бала туған соң, басқа құрсақ көтермеді. Бір күні үйге Ақболаттың досы Абзал келді. Қолында шақыру қағазы бар. Үйлену тойына шақыра келіпті. Көп уақыттан бері қуанышты хабарды енді естуі. Тойға барып біраз көңілі көтеріліп, тіпті Абзалдың келіншегімен құрбы болып кетті. Құрбысы бір-екі айдан соң аяғы ауыр екенін айтып тағы қуантты. Ал, Ғайша біреудің қуанышына ортақтасып қана жүре берді. Қанша қаласа да өзі жүкті бола алмады. Осының кесірінен арада жанжал да болды. Енесі ұрысқа ілік таппай жүретін еді, келінінің көтермей жүргенін бетіне басып айта беретін болды. Соңғы кезде достарының шаңырағына қызығып жүретін Ақболат та өзгеріп кетті.
- Маған неге бала туып бермейсің?-деді бір күні араққа сылқия тойып келіп.
- Ақболат, менің қолымда деймісің...
- Сенің қолыңда! Әрине сенің қолыңда! Басқалардың қатындары күшік сияқты жылда туады, ал сен туылатын баладан айырылып жүрсің.
- Маған олай деме. Мен өлтіріппін бе?
- Енді кім? Мен бе? Аяғың ауырлағаннан алақаныма салып жүрдім сені.
- Асылық айтпа. Алла қаласа береді, қаласа алады!
- Маған тумайтын қатын керек емес. Жоғал үйімнен!
Ғайша көздері жасаурап, заттарын жинастыра бастады. Енесі миығынан күліп терезеден бір сығалап өтті де, бөлмесіне кіріп кетті.
Ғайшаның төркініне келгеніне бір апта өтті. Осы уақыт ішінде артынан іздеп не енесі, не күйеуі келмеді. Бірақ, ішінен Ақболаттың келетінін сезіп жүрді. Жүрегі алдамады, бір аптадан соң Ақболат келді. Бірақ Ғайшаның әкесі "қызымды жібермеймін" деп қарсы болды. Араға тағы да Абзалдың ата-анасы түсіп жүріп Ғайшаны алып қайтты. Әкесі Абзалдың әкесімен бірге жұмыс жасайды. Сол кісінің аузынан естіген соң ба, құдағиын онша жақтыра бермейді. Амалсыз, қызының бақыты үшін тісін тісіне тигізіп үнсіз қалды. Ғайшаның өмірі тағы да қалпына түсті. Бір сарынды өтіп жатқан өмір... Бірақ, Ақболат бала жайлы ләм-мим деп жақ ашпайтын болды. Есесіне енесі Ғайшаның келгенін жақтырмай, қырын қарап жүрді. Тағы да бір жыл өтті. Ғайша енді өмірден баламыз өтемін бе деп зар еңіреп анасына мұңын шақты. Анасы ішінен кінәлі сезініп, неге сол кезде теріс бердім батаны деп өзін жегідей жеді. Ғайшаны үйіне шақырып емдетпекші болды. Медициналық жағынан әбден емделіп болған, дәрігерлер ешқандай кемшіліктің жоғын айтады,- деген соң, анасы оны қазақшылықпен емделуге көндірді. Ғайша ондайға онша сене бермейтін, әңгіме бала жайлы болған соң амалсыз келісті.
Екеуі қала сыртында тұратын емші кейуанаға келді. Есіктен кіргеннен Ғайшаға тесіле қараған қарт әжей әр бір қимылын қалт жібермей бақылап отырды да, олар жайғасып отырған соң:
- Қызым, сәби сүйе алмай жүрсің бе,- деді.
- Иә... Оны қайдан білдіңіз?
- Сенде қара дуа бар.
- Қайдағыны айтпаңызшы, мен сізді шөп дәрілермен емдейді деген соң келдім. Мам, кеттік...
- Қызым, соңына дейін тыңдасаңшы.
- Тыңдайтын ештеңе жоқ, қазіргі заманда адам дуа жасай ма? Қай ғасырда өмір сүріп жатырсыздар өзі?
- Шырағым, сенбесең өзің біл. Бала керек болмаса есік ашық кете бер.
Ғайша үнсіз келіп орнына қайта отырды.
- Сенің басыңда қара дуа бар. Ол өмір бойына жасалған. Үйіңде жүрген бір әйел кісі жасаған. Баласыз өтсін деген мақсатпен. Сол кісінің ішкі киімін алып кел, дуаны қайтару керек.
- Оны қалай аламын.
- Үйде жоқта алып қой, кейін ыңғайы келгенде маған келерсің,- деді де осымен сөз бітті дегендей орнынан тұрып кетті.
Ғайша мен анасы есеңгіреп үйіне қайтты. Анасы өзің біл дегендей үнсіз. Ол дереу өз үйіне қайтып, енесі жоқта емші сұраған затты алып қоймақшы. Үйіне келсе қас қылғандай бүгін демалыс деп, енесі саудаға шықпапты. Ғайша тірлікке қолы бармай, күнді зорға батырды. Селсоқ жүріп жұмыстарын аяқтады да, бөлмесіне барып жатып қалды. Соңғы кездері көңілсіз, денесі дел-сал болып есеңгіреп жүретінін де сол дуаның кесірі ме деп ойлап қояды. Көзі ілініп кетіпті. Түс көріп жатыр. "Түсінде бір шарананы құшақтап алып біреуден қашып келе жатыр екен, дәу қара тасқа шалынып құлап, қолындағы сәбиін түсіріп алыпты. Орнынан тұрып іздеп таппай жүр екен. Бір мезетте төбесінен біреу төніп тұрғандай, орнынан тұрып қараса енесі мұны келеке етіп, күліп тұр. Іздеген шаранасы енесінің қолында". Шошып оянды. Таң енді біліне бастапты. Салқын сумен бетін жуып, аз демалып отырды да, таңғы асқа кірісті. Таңғы астан соң енесі базарға кетті. Соны пайдаланып іздеген затын алды да, дереу төркінге бет алды. Анасы да мұны күтіп отыр екен, бірге емшінің үйіне келді. Емші әлгі ішкиімді алды да, Ғайшаның дуасын бірнеше әрекеттермен қайтара оқыды да өртеп жіберді. Сосын ештеңе болмағандай Ғайша үйіне қайтты. Анасы қайта-қайта хабарласып, мазасы кеткен соң, өзім кейін хабарласамын деп телефонын сөндіріп тастады. Екі-үш күн өтер-өтпес Ғайшаның енесінің денсаулығы сыр бере бастады. Бір жеті орнынан тұра алмай жатты. Ақыры болмаған соң жедел жәрдем шақырып, ауруханаға алып кетті. Бір ай жатты. Дәрігелер ешқандай диагноз қоя алмады. Тіпті қай жерінің ауырып жатқанын дәл айта да алмады. Тек ыстығы көтеріліп, аяқ-қолы қалшылдап, икемге келмей, дірілдей беретін болды. Бір айдан соң аздап өзгеріс болып, беті бері қараған соң үйге шығарды. Бірақ анда-санда бірден осылай аяқ-қолы қалшылдап икемге келмей қалатыны қайталанып тұратын болды. Ондайда жедел жәрдем шақырып ауруханаға алып кетіп, бір-екі күннен соң шығарып жүрді.
Ал, Ғайшаның жағдайы жақсы. Көп ұзамай аяғы ауырлап, тоғыз айды артқа тастап, өмірге ұл перзент алып келді. Отбасының берекесі балада екенін енді түсінгендей. Ақболат та жұмыстан асыға жетеді. Ұлын сағына құшақтайды. Ата-анасы да келіп тұрады. Тіпті, енесі де немерелі болғалы өзгерген. Денсаулығы жақсы болған күндері өзі қарап, арқалап жүреді. Осы өміріне шүкір деген Ғайша кейде ойға шомып, баяғы дуа мен теріс бата есіне түсіп кетеді. Расымен де қайсысының әсері болды екен...
 
Соңы...