Фариза Амангелдіқызы

Бүгін колледж стадионында футболдан жарыс болады. Арасында Ақболат та бар. Ақболаттың командасына жанкүйер болу үшін Ғайша асығып жатыр. Соңғы сабақтан сұранайын десе, онсыз да ұлдарды футболға басшылық алып кеткен.

Аз ғана қыздар болып сабақ өтіліп жатыр. Ғайша тыпыршып соңғы сабаққа дейін әрең шыдады. Жанкүйер болып отырамын деп Ақболатқа сөз беріп еді. Құрбылары мұны келеке етіп, футболға барғаның не, одан да қыдырайық деп үгіттеді.


- Жоқ, мен Ақболатқа уәде бергенмін, бармасам болмайды,- деді ол.

- Қыздар, Ғайшаны білмейтіндей сөйлемеңдерші. Ол бәрібір футболға барады. Оның ақ боз атты Ақболат деген ханзадасы тұрғанда бізді қайтсін?- деп сөзбен түйреп өтті бір құрбысы.

- Не десеңдерде мейлі. Мен бүгін қыдыруға шықпаймын қыздар, ренжімеңдерші,- деді де асыға басып стадионға кетті.


Ақболат пен Ғайша оқуға түскенде танысты. Сол таныстық жүректерге жылулық сыйлап, қол ұстасып жүргендеріне міне, екі жыл. Қыз-жігіт болып жүрсе де, артық әрекетке бармай сыпайы араласты. Оқуды аяқтаған соң үйленеміз деген сенімді шешімдері де жоқ емес.
Ғайша стадионға келсе жұрт тарап жатыр екен. Ойын аяқталыпты. Көңілі түсіп кеткен ол Ақболатты іздеп мойнын созып әрі-бері қарап еді таппады. Не істерін білмей тұрғанда біреу артынан келіп бетін шымшып алды. Жалт бұрылып еді, сүйіктісі екен.

- Неге келмедің? Біздің жеңісімізді көретін едің.
- Соңғы сабақтан сұрануға қорықтым. Онсыз да аз едік. Ренжімеші,- деді қиылып.
- Ештеңе жоқ. Ренжімеймін. Біз жеңіске жеттік. Көрші колледж студенттері 4:0 есебімен колледждеріне қайтты. Жатақханаларына кіргізбей қоймасын оларды,- деп қарқылдай күлді Ақболат.
Екеуі стадионда орындықта біраз отырды. Бүгін не істейтіндерін жоспарлады. Ақболат Ғайшаны үйіне шақырды. Қанша уақыт бірге жүрсе де сүйіктісі мұндай ұсыныс айтпағандықан, Ғайша не айтарын білмей қалды.
- Бүгін анам көрші қалаға құрбысының үйіне тойға кетеді. Екі күнде келіп қалады. Екеуміз тамақ жасап, кино қараймыз, мүмкін достарымызды шақырармыз, - деген соң барып Ғайша келісті.
Ақболаттың үйінде бір топ жастар ойын-сауық құруда. Азын-аулақ сусын, тәтті, семечки әкеліп, кино көрді. Кеш батып, қараңғылық түскен соң жатақхана есігі жабылады деп достары тарай бастады. Соңында Ғайша кетуге ыңғайланып еді, Ақболат бүгін жанымда болшы деп өтінді.
- Қорықпа, мен саған тиіспеймін жаным, мені білесің ғой. Ондай жігіт емеспін. Тіпті үйленетінімзді де жақсы білесің. Ертең сабаққа бірге шығамыз.


- Бірақ менің сөмкелерім жатақханада ғой.

- Таңертең жолай алып кетеміз, ұзақ емес қой.

Екеуі қайтадан ноутбуктың алдына жайғасты. Романтикалық кино таңдап, кино қарауға кірісті. Не керек, екеуі таңға жуық аттап болмас шекарадан өтіп кеткендерін сезбей де қалды...


Ақболат сүйіктісін жұбатып, оқу аяқтала салысымен үйленетінін айтып әлек болды. Ғайша өзін іштей сөгіп, неге қыздармен кетіп қалмадым деп жылады. Бірақ Ақболатқа толықтай сенетін. Осылай жүріп олар үшінші курстың да соңына таяды. Екеуінің жұптары ешқашан жазылған емес. Сабаққа да бірге дайындалады. Бірге барады, бірге қайтады. Бірақ, Ғайша Ақболаттан әкесі туралы ешқашан естіген емес. Соған қарағанда, анасы екеуі ғана болса керек деп ойлады. Ал, Ақболат әкесін тіпті көрген де емес. Ес білмейтін шағында анасымен айырылысып кеткен. Анасы екеуі ғана тұрады. Анасы базарда сауда жасайды.

Ақболат анасының саудадан кешке қайтатынын білгендіктен, соңғы кездері Ғайшаны үйге көп алып келіп жүрді. Ойнап жүріп от басқандарын білмеген қос ғашық, оқудан шыға сап Ақболаттың үйіне тартатынды әдетке айналдырды. Солай жүріп өзінің жүкті екенін сезгенде барып басын тасқа ұрған Ғайша не істерін білмей, үрей мен махаббатты қатар қоя отырып, Ақболатқа айтуға бел буды. Киноны көп көретін Ғайша Ақболат тастап кете ме деп те іштей секем алып жүр. Ақыры, айтпасқа амал болмай бар шындықты жайып салды:
- Ақболат саған бірдеңе айтуым керек.
- О не жаным?
- Мен жүкті болып қалыппын.
- Не дейсің? Рас айтасың ба? Керемет. Мен әке боламын ба? Бірақ, қалай әке болам үйенбесек. Дереу үйленуіміз керек, жаным менің.
- Сен шынымен қуанып тұрсың ба? Әлде мені мазақ етіп тұрсың ба?
- Мазағы нес? Сенің өзің шынымен жүктісің бе?
Ғайша қуанғанынан жылап жіберді. Ақболаттың мойнына асыла кеткен ол көз-жасын тыя алар емес.
Олар отырып, үйленудің жоспарын құра бастады. Соңғы курс оқитын болғандықтан, оқу жағы ешқандай мәселе келтірмейтін еді. Ең дұрысы алып қашу деп ұйғарған олар, бір күнді белгілеп, сол күні Ақболат сүйіктісін алып қашпақшы болды. Келісілген күннен бір күн алдын Ғайша анасына болған жағдайды айтпақшы болып бекінді. Бірақ жүкті екенін жасырып қалды. Тек қана тұрмысқа шығамын деп айтудан әрі аса алмады. Анасы қызының болашағына алаңдап, асығыстық жасама, алдымен танысып-білісейік, қандай ел екенін көрейік деді. Бірақ Ғайшада олай жүретін уақыт болмағандықтан тұрмысқа шығамын деп бірбеткейленіп тұрып алды. Анасы сонда да шет жағасын сұрастырып көріп, Ақболаттың тек анасы ғана барын білді де дереу қарсы болды.
- Қызым, ойланып іс қыл. Жарайды, жақсы көреміз дейсіңдер, бірақ жақсы көрумен барлық нәрсе тына салмайды. Ел-жұрт бар. Ол жігіттің әкесі қайда екен?
- Мам, сонда әкесі жоқ деп қарсы болып отырсыз ба? Ол Алланың ісі ғой, қайтеді енді?
- Қызым, алдымен ұқсаңшы. Мен әкесіз жетім деп кемсітіп отырғаным жоқ. Оның анасы...
- Анасына не болыпты? Сауда жасап күнелтіп жүр. Онда тұрған не бар?
- Қызым, ел-жұрт оның анасы туралы теріс пікірде. Былай, жүрісі бар әйел екен.

- Ой, мам елдер өсектей береді ғой. Кімнің аузына қақпақ боласыз?
- Мұны әкең естісе бермейді сені.
Ғайша мына әңгімеден соң тіпті қиналып кетті. Айтпай-ақ кетіп қалуым керек пе еді, деп те ойлап қояды. Оқудан екеуі саябаққа келіп орындыққа жайғасты. Ғайша көңілсіз анасымен болған әңгімені баяндап берді. Ақболат Ғайшаны шын сүйетін еді, сол үшін алған бетімнен қайтпаймын, қалай да саған үйленемін. Ешқашан баламды, не сені тастап қоймаймын деді. Сүйіктісінің сөздері жүрегіне жылу сыйлағанмен ата-анасының қарсылығы көңілін күпті етіп Ғайша көңілсіз басын төмен салды.
Екеуі қанша тырысқанмен алып қашатын күні Ғайшаны анасы ешқайда шығармады. Тіпті, оқуына да бара алмады. Оқуға келмегенінен секем алған Ақболат дереу сүйіктісіне қоңырау шалып еді, сөндірулі деп автоответчик жауап берді. Сол кеткеннен Ғайша бір жеті сабаққа келмеді. Бір сұмдықты сезген Ақболат қоңырауына жауап болмаған соң, үйіне іздеп барып еді алдынан анасы қарсы алды. Тіпті мұны сөйлетпей, есіктен шығарып жіберді. Не істесем де бәрібір Ғайшаға үйленуім керек. Оларды көндіруім керек деді де, енді оның айласын ойластыра бастады. Ақыр аяғында, өз-өзіне қол салмақшы болып болмашы жіпке асылған ол, тыпыршып тұрып қалды. Соның алдында ғана досына хабарласып "Ғайшасыз өмір сүре алмаймын, хош.." деп смс-хабарлама жіберген еді. Досы Абзал жүгіріп жетті.
- Сенің есің дұрыс па? Бір өлімнен аман қалдың. Одан да Ғайшаның үйіне құда түсіп бармайсың ба?
- Анасы үйіне жолатпай жіберді, қайтем енді. Тіпті Ғайшаның аяғы ауыр болса да...


- Ғайша ата-анасына оны айтқан ба өзі?
- Білмеймін, айтқан шығар.
- Тұра тұр. Менің әкем Ғайшаның әкесімен бірге істейді. Мүмкін барып сөйлесіп қайтар?
- Алдымен мамаға айтайын, бірге барсын.


Негізінде, Ғайшаны Ақболаттың анасы да ұнатпайтын. Жалғыз ұлының көңілі үшін амалсыз көніп еді...
Құда түсіп келгендерді Ғайшаның анасы жақтыра қоймады. Қабағы қатулы күйде қарсы алды. Тек Ғайшаның ғана көздері күлімдеп, қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап жүр. Алғашында қарсы болған болашақ құдағиы мән-жайды естігенде тастай боп қатып, тілі икемге келмей сөйлей алмай тұрып қалды.

- Солай, Құдағи... Жастар білместікпен некесіз атталмайтын шекараны аттап қойыпты, оның үстіне қызыңыздың аяғы ауыр екен... Тездетіп тойдың қамына кіріспесек болмас енді.


- Жарайды, әкете беріңдер. Бірақ мен сіздермен Құда-жекжат бола алмаймын! Ақыры қызым мені қарабет қылған екен, менің батамды неғылсын. Азар болса, бір қызымды құдай алды деп жүре беремін. Менің ондай қызым жоқ. Ұл тапқанша, тас тапсын!- деп теріс батасын берді де орнынан тұрып кетіп қалды.

Соңғы сөздері өңменінен өтіп кеткен Ғайша жылап-еңіреп анасының етегіне жармасып кешірім сұрап жалынды. Анасы сол күйі жібіген жоқ. Әкесі үнсіз отырған күйі қала берді. Бұл үйде артық қала алмайтынын түсінген Ғайша сүйретіліп Ақболаттың артынан еріп кетті.


Беташарда өтті... Той да өтті... Ғайшаның анасы сол күйі келмеді. Мүмкін немересін көріп кешіріп, қайта құшағын ашар деген жалғыз үмітпен жүрді. Бірақ, құдай бір айналдырғанды шын айналдырады деуші ме еді? Ғайшаның іштегі баласы жап-жақсы өсіп келе жатып, аяқ-астынан дамымай қалды. Дәрігерлер аң-таң болып себебін таба алмады. Сол күйі іштегі бала дамымай, бала өлі туылды. Елдің бәрінің күдігі бір. "Анасының теріс батасының алған сорлы оңады ма?"- десіп сыртынан сыбырлап өсектеушілердің қарасы күннен-күнге көбейе берді. Көнбеске амал жоқ, Алланың ісіне көніп, Ақболат пен Ғайша ары қарай өмір сүре берді. Бір-екі жыл өткен соң Ғайша тағы да жүкті болды, бірақ ол бала да тұңғыш шаранадай болып, дәл сол уақытта дамымай, тағы да іштегі сәби өлі туылды. Бұл енді жаға ұстатар жағдай еді...

Жалғасы бар...