- Қайда барамыз? Тыныштық па?
- Тыныш... – деп саусағымен белгі берген жігіт қыздың самайындағы шашын сипалай, көзіне тіке қарады:


- Сен маған ұнайсың. Қызым боласың ба? - деп төтесінен сұрады. Өзі күтпеген сөзден не айтарын білмей қалған қыздың жүрегі дүрсілдей кетті. Әсемайдың жауабын іштей сезгендей Бағлан ақырын ернінен сүйіп алды. Бұл сүйіс – тәтті сезім мен ыстық іңкәрліктің оянуына сеп бергендей. Жаңадан бері өзіне бағынбай бара жатқан жүрегі де тыныштала бастағандай.
Жаңа ғана бір-біріне қарауға қымсынып, екі жерде тұрып, тек ұялы арқылы байланысып тұрған жігіт пен қыз бұл қараңғыылықтан қол ұстасып шықты. Жаңа сезім, жаңа махаббат дастаны. Алғаш рет жігітпен қол ұстасып жүрген Әсемай өзін жетінші аспанда жүргендей күй кешуде. Бақыттан басы айналып, жігіттің әр көзқарасынан-ақ үнсіз сезімді ұғынып, жүрегіндегі тебіреністі барынша басуға тырысты.
Бұрынғыдай қысылмай енді екеуі жақын сөйлесе бастады. Қолы қалт етсе сүйгеніне хабарлама жазып, сәт сайын одан хабар күтетін Әсемай кейде Бағланды түсіне алмайтын. Қанша жерден арамыз жақын десе де, өзі туралы барынша құпия ұстағысы келетін жігіт көп дүниені жасырын ұстағанды жөн көретін. Тіпті кейде екі-үш күндеп жоқ болып та кететін әдет шығарды. Бірнеше күн іздеп, әбден үмітін үзе бастаған сәтте қайта оралып, түрлі сылтауларымен қызды алдап-арбап алатын.
Дәл солай он күн жоқ болып кеткен сүйгеніне алаңдаған Әсемай бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. Ұялысына қарап еді, он күн бұрынғы хабарламасы әлі бармапты. Жағдайына алаңдап, хабарын білер бір де бір туысын немесе досын да танымайды екен. Селқос оянып, көңілсіз киімдерін киген Әсемай емтиханға дайындаламын деп үйінен ертерек шығып кетті. Қылышын сүйретіп қыс та өз қаһарына ене бастаған еді. Түні бойғы жауған қардан әлі жол да ашылмапты. Амалдап жеңіл көлік жүрген жолмен үлкен көшеге қарай шыққан қыз аялдамаға әзер жетті. Жақындай бергенде өзіне таныс бейнені көзі шалды.

- Баааағлан.....
- Әсемай, жаным қалайсың,- деп бетінен сүйіп амандасқан жігіт дереу түрін мұңайтты.
- Қайда жүрсің? Саған қатты алаңдадым ғой.
- Ауылға барған едім, телефонымды жоғалтып алдым. Сол жақтан кеше түнде келдім. Ренжімеші, хабар бере алмадым, - деп тағы бетінен сүйіп алды. Айналасындағылардан ұялған қыз төмен қарап, ештеңе сездірмеуге тырысты. Дегенмен ішінде мың сұрақ....
Тағы да кезекті ақталуларымен қызды тез көндіріп алған жігіт автобус келгенде қыздың құлағына сыбырлады:
- Сені сағынып кеттім. Бүгін сабаққа бармай-ақ қойшы, кешке дейін бірге уақыт өткізейікші, -деп ұсыныс тастады. Ертең маңызды емтиханы болса да, сүйгеніне деген сағынышы бұл ұсыныстан бас тартқызбады.
Екеуі бірге қалаға жеткен соң орталық парк жаққа қарай аяңдады. Таң атпай келген екеуі әлі ашылып үлгермеген саябақта серуендеп жүр. Қол ұстасып ұзақ жүрген екеуі біраз уақыттан кейін тоңа да бастады. Кешке дейін әсем қалада бірге уақыт өткізген екеуінің арасы бұдан әрі жақындай түскендей еді. Сүйгеніне риясыз сенетін Әсемай соңғы кезде тіпті Бағланның бар ырқына көніп, сол үшін барлығына дайын болды. Тіпті кейде үйдегілеріне емтиханға қыздармен бірге дайындалып жатырмын деп алдап, сүйгенімен бірге таңды атырып та келетін. Іштей бұл әрекетінің дұрыс емес екенін түсінсе де, сүйгенінің айтқанына еш қарсы шыға алмайтын. Жоқ десе сол күні өзін тастап кетердей күй кешіп, оның бар мінезіне де, қылығына да үнсіз көнетін.
Емтиханы аяқталып, ауылына демалысқа қайтқан Әсемай сүйгенінен жырақта екі аптасын әрең өткізді. Баяғыдай әр демалысында ата-анасына қолқабыс болудың орнына керісінше аңдығаны телефон болып, ұзақты күн бөлмесінен шыққысы келмейтін. Одан өзіне де белгісіз бір әлсіздік басып, жастыққа басы тисе ұйықтай да беретін. Сабағынан әбден шаршаған болар деген анасы да қызының бұл халіне түсіністік танытуға тырысатын.

Екі аптасы екі жылдай өткен Әсемай Алматыға асыға жетті. Ағасы жұмыста болып, күтіп алуға келе алмайтынын білген қыз бірден сүйгеніне де хабар берген еді. Екеуі қол ұстасып жалдамалы пәтер жағалай сағыныштарын басу үшін кете барды...
Дегенмен ауылдан біртүрлі шаршаңқырап келген Әсемай сол пәтерде сүйгенінің құшағында көзі ілініп ұйықтап кетіпті. Есіктің қатты дүрсілдеп ұрылғанынан шошып оянған қыз орнынан атып тұрды. Жан-жағына қараса ешкім жоқ. Әр жерде шашылып жатқан киімдерін тауып, аяқ-қолы дірілдей киіне бастаған қыз есік жақтағы таныс дауыстан одан әрі дегбірі қашып барады. Қорқа-қорқа есікті әрең ашқаны сол еді:
- Әлгі оңбаған қайда? Саған айтамын. Қайда? Саған не істеді? – деп ағасы жанұшыра бөлмені аралап жүр. Дірілдеп, өзінен-өзі сөйлеп жүр. Әбден зәресі ұшқан Әсемай жанарынан аққан жасын сүрте есіктің алдында дірілдеп тұр.
- Аға.... Аға кешіріңізші. Аға... – деп дауысы дірілдей әрең шығуда....
- Ақымақ басым-ай... Ақымақпын. Саған не істеді әлгі оңбаған? Зорлады ма? Әлде...- деп қарындасына оқтала қарады.
- ..... – көзін тарс жұмып алған қыз дірілдеп сөйлей алар емес.
Төрт жыл бұрын... Университеттің соңғы курс түлектері достарының туған күніне жиналып, көңілді кеш ұйымдастыруда. Сол кафедегі официант қызға бір топ жігіттің көзі түсіп, қайбіріміз осы қызды қаратамыз деп ойнап, бәстеседі. Дегенмен Алмат өзі достарымен бәстесіп алып, сол қызбен кездесіп жүріп ғашық болады. Нәп-нәзік, талдырмаш қызбен кездесу үшін әр сәтті тағатсыздана күтетін. Шұғыла да жігіттің сезімінен кетәрі болмайды. Екеуі қол ұстасып жүріп, Алматының түнін талай бірге көшеде өткізетін. Таңға дейін екеуі сырласып, түнді таңға жалғайтын. Уақыт өте қарым-қатынастары одан әрі жақындап, сезімдері беки түседі.

Сондай бақытты күндердің бірінде Шұғыла Алматтың о бастағы бәстесуі туралы біліп қояды:
- Оңбаған. Сонда мені пайдалану үшін достарыңмен бәстестің бе?, - деп бетінен салып қалған сәтте Алмат ештеңе түсінбей қалады. Ашуға булыққан қыз жігітті тоқпақтай бар өкпе-ренішін айтып, жігіттің сөзін тыңдамай үйіне кете барды.
Сүйгеніне қатты ренжіген қыз оның ақталуына да мүмкіндік берместен, сол күні-ақ ауылына қайтып кетті. Шұғыланың ашуының басылғанын күткен Алмат дәл сол сәтте қызды қатты мазалай қоймайды. Ауылында жүріп ашуы басылғанша біраз жүрмекші болған қыз үйіне келе мазасы болмайды. Жолдан тамақтанып, тамақтан уланып қалған болармын бәлкім деп ауруханаға да барады. Дәрігер ұзақ тексеріп, соңында гинекологқа жіберген сәтте ғана не болып жатқанын түсінеді.
Шағын ауылдағы емханада сөз тұрмайды ғой. Сол күні кешке-ақ ауылдың әйелдері өзара гу-гу әңгіме барысында Шұғыланың жүктілігі жөнінде сөз қылуда. Қанша жасырғысы келсе де, ата-анасы бұл жағымсыз хабарды естіп, қызын сұрақтың астына ала бастады. Қу тізесін құшақтап мүлдем тіл қатпаған қыз таңға дейін көз ілмеді. Тек таңға жуық жақындарына бір тілім қағаз қалдырып, бұл өмірмен қоштасып кете барды....
Шұғыла мен Алматтың ортасындағы қарым-қатынас туралы тек інісі Бағлан ғана білетін. Әпкесінің өмірін күл-талқан еткен сол бір оңбаған жігіт туралы ешкімге тіс жармағанымен, іштей сол күні қалайда кек аламын деп өзіне серт берді.
Арадан төрт жыл өткенде Алматыда әлгі жігітті кездейсоқ көріп қалған Бағлан артынан еріп барып, тұратын үйін анықтап алады да, отбасын зерттей бастайды. Осылайша оның әдемі қарындасы Әсемайға көзі түседі. Бастапқы да Алматтан кек алмақ болған жігіт сол сәтте өз ойын өзгертіп, әпкесіне жасаған тірлігін қарындасына жасау үшін жоспар құрады.

Сол оқиға болар күні Әсемайдың сусына ұйықтатын дәрі қосып, пәтерде бірге уақыт өткізген соң сол сусынды береді. Тәтті ұйқыға кеткен қызды әбден фотоға түсіріп, қыздың телефонынан Алматқа хабарлама жіберді:
«Шұғылаға жасағаныңды қарындасыңа да жасадым. Енді теңбіз» деген хабарлама мен қарындасының жалаңаш бейнесін көрген Алмат дірілдей телефон соға бастады. Артынша мекенжай жазылған хабарламаны оқи, ештеңеге қарамай сол пәтерге қарай жүгірген Алматтың өзегін өкініш өртеп барады.
Қыз ары. Қазақ халқы үшін қашан да биік. Дегенмен Алла алдында некесін қимай, ақ жолдан адасқан қаншама жастарымыз бары рас. Қыз сезімге ерік берсе де, жігіт ұстамды болса қаншама қаракөздеріміз адал жолдан адаспас еді. Әттең....
Өкініштісі, бұл кезде Әсемайдың да аяғы ауыр еді.... Ағасының жасаған ісінің құрбанына айналған қыз тірі өлікке айналғандай. Қанша рет өз-өзіне қол жұмсамақ та болғанымен ағасы мен жеңгесінің қолдауының арқасында өмірге шекесі торсықтай ұл әкелді. Ағайын-туыстан, тіпті ата-анасынан да барынша жасырын ұстаған бауырлар, баланы туыла жеңгесінің атына жазып берді.
Өмір – бумеранг. бұл өмірде жасаған әр амалымыз өзімізге оралары хақ. Сондықтан тек жақсы істер көбірек жасайық. Ұлымызға қызды қадірлеу, сыйлаудың мәнін ерте жастан ұқтырып, ал қызымызға ар-абыройдың маңызын әрдайым құлағына құйып отырайық. Ең бастысы қыздарымыз жыламасын. Өзге жанның құрбанына айналмасын.

Соңы...