Күздің салқын кеші. Таудан ескен жел денеңді қарып, өн бойыңды мұздатып жіберердей. Бүгін оқуынан кеш шыққан Әсемай асыға аялдамаға қарай жүгіруде. Елмен бірге жанталаса автобусқа әрең мінген қыз екі аяқтап тұру мүмкін емес көпшіліктің арасында әрең сыйысып тұр.

Бұл күй автобустағы ешкімге де ұнап тұрмаса да, үйлеріне асыққан жандар амалсыз шыдап тұрғандай. Дегенмен күні бойғы шаршаулары шығып, мына кептелісте жүйкелеріне әбден тиген жандар ашуланып, байқаусызда аяғын басқан, қолын тартқан жанмен ұрыса кетуге дайын тұрғандай:

- Түу, аяғыңызды байқасаңызшы, бастыңыз ғой.

- Енді қалай тұрамын, аспанда үшпайтын шығармын. Мына мінгендер кіріп, сыймай жатырмыз, - деп екіншісі де сіркесі су көтермей тұрғанын сездіргендей.
Күнделікті үйренген кептелісі мен мұндай ұрыс-керіске мән бергісі келмеген Әсемай амалдап терезеге жақын жерге тұрып алды да, бар ойын Алматының кешкі әсем көрінісін тамашалап жолын жалғастырды.

Автобус соңғы аялдамасына жақындай түскен сайын іштегілер де азайып, отыратын орындар босап қалды. Ең соңғы аялдамаға дейін баратын ару асықпай соңғы орынға жайғасып, терезеге сүйене көзі ілініп бара жатты. Бүгін таңнан бері дипломалды практикасының құжаттарымен әрі-бері шапқылап жүріп, әбден діңкесі құрыған қыз тез ұйқыға да кетті.


Өзіне қадалып қарап тұрған көзқарасты сезгендей жағымсыз күйде көзін ашқан Әсемай расында өзінен көз алмай отырған жүзі суық жігітке назары ауды. Суық көзқарасынан бойы бірден мұздап сала берген қыз жан-жағына қарап, өзіне қорған болар жанды іздердей. Қою қараңғылық өз күшіне де енгендей...

Соңғы аялдамаға келіп тоқтаған автобус ішінен санаулы адам түсті. Алматының шетіндегі ауылда тұратын қыз ешқашан бұлай кеш қалып көрмеген де еді. Салқын самал әсерінен бойы да тоңып, жылдам қадам басқан қыз аяқ алысын тездетіп үйіне қарай асықты. Жүрегі де дүрсілдей жан-жағына қарап, сақ келе жатыр. Жарық көшемен жүріп, өз үйіне қарай бұрылған сәтте жарықта аяқталып, қараңғылау көшеге түсті. Әр жерден шыққан көше иттерінің дауысы да әбден дегбірін алып барады. Қорқынышы сәт сайын артқан қыз қолы дірілдей телефонын ала үйдегілерге қоңырау шала бастады. Жеңгесі де алаңдап, ағасын алдынан жіберген екен.

- Жеңге, біртүрлі қорқып тұрмын. Өтініш телефонды сөндірмеңізші. Сізбен сөйлесіп, үйге де жетіп алайын.

- Бұлай кеш жүрмеуші едің ғой, ағаң қатты алаңдап отыр. Жаңа телефон соққан едік алмадың...
- А, иә, көзім ілініп кетіпті. Содан да байқамағанмын ғой. Жаңа кафедрада телефонымды дыбыссыз еткенімді ұмытып кетіппін,- деп ақтала жылдам баса жөнелді. Артына да қарап қояды. Әлгі автобустағы суық жігіт бейнебір артынан келіп, мына қараңғы тарапқа қарай сүйреп кетердей күй сезініп, қорқып та келеді.
Онсызда қорқып келе жатқан қызға қараңғы тараптан қаңғыбас ит арсалаңдай жүгіріп келе жатқанын көріп, жан дауысы да шыға кетті. Дәл сол уақытта қайдан шыққаны белгісіз әлгі автобустағы суық жігіт үлкен таяқпен әлгі итті ұра жөнелді. Ырылдап біраз сес көрсеткенімен қолындағы таяғымен итті аямай ұра жөнелді. Дәл сол кезде Әсемайдың ағасы да келіп қалып, әлгі итті жерден тас алып, ұра бастады. Таяқтың бір ұшы басына қатты тиген қаңғыбас итте шәуілдей дәл сол сәтте алды артына қарамай қаша жөнелді.
Қорқып тұрған қарындасын құшақтап, әрең өзіне келтірген ағасы әлгі жігітке алғысын да айтуда. Басындағы кепкасын басып киіп алып, түрін көрсетпеуге тырысқан әлгі жігіт басын изей өз жолына да кетті.

- Неге түннің бір уағына дейін көшеде жүрсің? Әбден уайымдап біттік қой. Телефоныңды да алмайсың, - деп ағасы ұрсып келеді, ал бұл сәтте Әсемайдың бар ойы әлгі жігітте еді. Өзі сонша қорқып, қашып келе жатқан жігіті өзін қорғайды деп еш ойламаған еді.

Осы оқиғадан кейін барынша сақ болуға тырысқан қыз универінде көп бөгелмеуге де тырысатын. Дегенмен сол бір жігіт еш есінен кете қоймады. Тағы бір кездессе арнайы алғысын да айтуды ойлап қояды. Сондай оймен жүргенінде бір күні таңертең ерте сабағына шыққанында әлгі жігітте кездесе қалғаны. Сол сәттегідей суық көзқараспен Әсемайдың жанынан өтіп кете барды. Неше күннен бері алғыс айтар сәтті сонша күтіп жүрсе де, дәл сол кезде ештеңе дей алмай тосырқап тұрып қалған қыз аяқ алысын жылдамдата әлгі жігітке жетіп алуға тырысты.
- Кешіресіз...
- .... - түсініксіз жігіт, дәл сол күнгідей суық қарады.
- Мен... Мен әлгі... Өткенде түнде иттен қорғап қалған қызбын. Сізге алғысымды айтайын деген едім. Көп көп рахмет.
- Ештеңе етпейді, - деп жанарын басқа жаққа тайдырып әкеткен жігіт аялдамада тұрған автобусқа барып отырды. Айтарын айтып алып, өзінен-өзі ыңғайсызданып қалған Әсемай кішкене сол орнында тұрып қалды да, ойланып тұрып, автобусқа отырды.
Осы күннен кейін екеуі дәл осылай жиі кездесіп қалатын. Әр кездескен сайын сол баяғы суық көзқараспен қызды бақылап қарайтын жігіттен кішкене именсе де, өзіне де беймәлім біртүрлі күйді сезінетін Әсемай кейде өзін еш түсіне алмайтын. Бұл суық қарым-қатынастың түбірін іштей іздейтін. Талдырмаш сұлу қыздың артынан жүгірген талай жігіт болса да, жүрегі біртүрлі өзіне ешкімді жақындатқысы келмейтіндей. Сол бір суық жігітпен сөйлесіп көруді қалайтындай...

- Бүгін де кеш шығыпсыз ғой. Тағы иттен қорықпайсыз ба?- деген дауыстан селт ете қалған Әсемай артына жалт қарады,
- Сіз....
- Жүріңіз, әлгі иттен өткізіп жіберейін,- деп алдына түсіп бара жатқан суық жігітті түсінбей қалған қыз жан-жағына қарап қойып, артынан ере бастады.
- Мен сізді мүлдем сөйлемейді екен деп ойлағанмын.
- Бәрі солай айтады.
- Осы жақта тұрасыз ба?
- Ммм
- Жұмыс істейсіз бе?
- Мхм
- Қараңғыдан қорықпайсыз ба?,- деп жас балаша сұрақты жаудырып келе жатқан қызға тағы да суық қараған жігіт:
- Көп сөйлейді екенсіз. .. – деген кезде өз сұрақтарынан ұялып қалған ару тілін тістей қалды.
Өз үйіне жақындаған сәтте ғана «рахмет» деп тіл қатып, бұрылып бара жатыр еді, әлгі жігіт «Менің есімі Бағлан» деп дауыстады.

- Әсемай...

- Есімің өзің сияқты әдемі екен. Мүмкін телефон нөміріңді берерсің,- деп жанына жақындады.
Бір сәтте жүрегі дүрсілдей кеткен Әсемай дауысы дірілдей әрең нөмірін айтып, үйіне жүгіріп кіріп кетті. Сыртқы есікті жаба қолына ұялы телефонын ұстай түсініксіз күйде тұрды. Киімдерін ауыстырып жатып та, әлгі жігіттен хабар күтіп, қайта-қайта телефонына да қарап қояды. Қайынсіңлісінің біртүрлі толқып жүргенін байқаған жеңгесі де, қалжыңдап сұрап, сөзге тартып көріп еді, ұяңдығына салып, ештеңе дей қоймады.

Бұл кеште Әсемайға аста батпады. Әлгі түсі суық жігіттің бір хабарласқанын күтті. «Сабақтарым көп еді» деп жылдам ас ішіп, бөлмесіне қарай асыға кіре, тағы да телефонына қарап қояды. Кітаптарын шашып, әрнәрсені шұқылап отырғанымен өзі күткен қоңырау келе қоймады. Үміті үзіле кітаптарын жинай, төсегін салып, енді жата бергені сол еді хабарлама түсті.

«Сәлем. Ұйықтап қалмадың ба? Бағлан» - хабарламаны оқи ұйқысы шәйдай ашылған Әсемай бір хабарламаны қайта-қайта жазып, өшіріп, әрең жауап қатты. Осы күннен бастап екеуі тек үнсіз ұялы арқылы хат алмасуды бастады. Таңертең бірге үйден шықса да, жігіт жанына аса жақындай қоймайтын, кешке де үйіне жеткенше аса сөйлей қоймайды. Дегенмен телефоннан түрлі әсем хаттарын арнап, қыздың жүрегін әлсін-әлсін жаулап барады.
Бүгінде сабағынан кеш шыққан Әсемай аялдамаға асығып келді. Қалтасынан ұялысын алып, хабарламаларды ақтарып тұр еді:
- Телефоннан көз алмайсың ғой,- деген таныс дауыстан селт етті. Бұл Бағлан еді. Жігітті өз аялдамасында көремін деп күтпеген қыз кішкене сасқалақтап та қалғанымен, дереу жинақталуға тырысты. Дегенмен жүрегі біртүрлі өзіне бағынбай, кеудесінен жарып шығардай күй кешуде.
- Сіз?
- Бүгін жұмыстан ертерек шыққан едім, өзіңмен бірге қайтайын деп сенің аялдамаңда түсіп қалдым, - деп ақырын жымиды. Сол сәтте өз шағынауданына қарай қатынайтын автобуста келе қалды.
Екеуі жол бойы бір-біріне ұрлана қарап, үнсіз телефонмен сөйлесіп келеді. «Бүгін ерекше құлпырып кетіпсің», «....» «Неге жымидың? Жауап бермедің ғой» деп тағы хабарлама жіберді. Екеуі осылай соңғы аялдамаға дейін барды. Жарық көшеде бірі алда, бірі артта телефондарына тағы үңіліп келеді. Қараңғы көшеге түсе қыздың білегінен шап берген жігіт оны жол шетіндегі ағаштың түбіне қарай тартты.

Жалғасы бар...

"Әсерлі әңгімелер" топтамасынан