Хикая 

Түн. Қараңғылық өз билігін алып, айналасын құрсауына алғалы да біраз уақыт болды. Кешкі аласапыранда аяқталып, елдің бәрі үйлеріне кіріп, тыныштық орнағандай.
Тек әр жерден шыққан шәуілдеген иттің дауысы болмаса, ауыл жым-жырт. Осындай үнсіздік арасынан аяғы алысы жылдам ер адам мен артынан әрең еріп келе жатқан әйел кісі көрінеді. Дәл сол сәтті байқап қалғандай ауылдың әккі иттері де бірін-бірі қоштап үре кеткені...
- Бол, жылдам бассайшы...
- Келе жатырмын, көкем.. келе жатырмын. Мына аяғымда құрғыр басылмай тұрғаны...- деп көзінің жасын сүрте алдында бара жатқан ер адамға жетіп алуға барынша тырысуда.

Манзура – жастайынан екі баламен жесір қалып, тағдырдың қатал сынына ұшырады. Онсызда он баласы бар енесі баласының жылы өте ,келінін төркініне қайтарады. Төркіні де қайбір жетісіп отыр дейсіз. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау заманында әр үйде болған қу жетіспеушілік бұл үйді де айналып кетпеді. Бір үйде екі келіннің 9 баласына енді Манзураның екі баласы қосылып, күнде тартыс басталды. Бастапқы да жеңгесі мен келіні Манзураны аяғандай болып, қамқорлық танытқанымен, уақыт өте балалар арасындағы балалық тартыстар бұлардың да ортасына салқындық тигізгендей.

- Тағы қанша уақыт тұрар екен? Онсызда үйде көппіз, ең болмағанда біреуімізді бөлек шығарса қайтер еді?- деп келіншегі ыдысты тарсылдата қойып, күйеуіне түннің бір уағында асын берді.

- Енді соны айқайлап айту керек пе? Ақырын айтсаңда есітемін ғой - деп салмақты түрде Сәбит келіншегінің бұлданып берген асын алдына алып, жеуге кірісті. Күнұзаққа егістікте болып, кешке аяғынан құлай әрең үйге жеткенде үйдегі азан-қазан болған у-шудан өзі де шаршағандай…
 
Күн санап бұл үйде көз түртпек болған Манзура одан әрі күйзеліске түсіп, кейде бар өшін балаларынан алып, көкала қойдай ұрып тастайтын. Күні бойы әбден жылаған балаларын үйдегілерінің көзінше еркелете де алмайтын келіншек, түн жамылғанда пысылдап ұйықтап жатқан балаларының маңдайынан сүйіп, үнсіз кешірім сұрай жылап шығатын.

Жасы енді отызға толған келіншекті көп өтпей айттырып келетіндер де көбейді. Ондай сәтте қос құлынын ойлап, қарсылық танытқанымен жеңгесінің күн сайын:

- Басың болса, балаларың кішкентай кезде біреуінің етегінен ұста. Қашанғы үйде отырамын дейсің,- деп ақылын айтқансып сыбырлап кететін. Ал әкесі мен анасы келіндерінің онсызда сағы сынып отырған қызын жақтырмай жүргенін байқаса да, «тілім қысқа» деп амалсыз көндігетін де...

Бітпейтін үйдегі жанжалдар, одан қалды ағайын-туыстың «таңдай бермей, біреуінің етегінен ұста» деген ақылын тыңдап тұрмысқа шығуға келісім берді. Дәл сол күндері үйіне өз ағасы туралы жиі айтып келетін ағайын жеңгесіне еріп болашақ жарымен танысуға қалаға шықты. Жүрегі дүрсілдеп, дәл қазір тұрмысқа шығып кетсе, балалары жалғыз қалардай қорыққан Манзура қобалжып отыр.

Мақтауын келтірген жігіт ағасы да көп өтпей келісілген дәмханаға келді. Тартыншақтай, әрең келгені де көрініп тұрды. Басындағы шапкасын қайта-қайта біресе киіп, біресе шешіп әбден сасқан жігіт ағасы Манзураға тіке қарай да алмады. Екеуінің де қысылып отырғанын байқаған жеңгесі сылтауын айта сыртқа шығып кетті.

Даулет – бір үйдің сүт кенжесі. Алдында 4 әпкесі, 2 ағасы бар. Жастықтың буымен мектеп бітіре өз сыныптасын алып қашып келген жігітті үйіндегілер ұрысып жүріп, амалсыз үйлендірген де еді. Келіншегі Сағынай көрікті әрі пысық болды. Жас болса да, ата-ененің, арпылдап тұрған 4 қайынәпкесінің көңілінен шыға білді. Ол кезде бір ағасы енді ғана үйленген жылдар еді. Абысыны екеуі сырласып жүріп, үйдің бар тірлігін жасап та тастайтын. Араларын жақын етіп қатарынан 2 ұл, 2 қыз дүниеге әкелген Сағынай кішкентайы небәрі төрт жасқа толғанда айықпас дертке шалдықты. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, ауырғанын жан баласына сездірмей жүргенде ауруы да асқынып кеткен еді.
 
Мезгілінен қолын кеш сермеген Даулет осылай қапыда сүйген жарынан айрылып қалды. Бұл кезде үлкені енді он екіге толса, кішкентайы төрт жасқа толғанын кеше ғана тойлаған еді. Жарының соңғы уақытта жиі мазасызданып, орнынан тұра алмай жатып қалып жүргенін байқаса да, егістік пен малдың шөбін дайындаймын деп онша мән де бере қоймағанды.

Осыдан кейін де арадан мінеки үш жыл сырғып өте шығыпты. Туыстары мен ата-анасының күн санап «үйлен» деп қолқалағанына қарамай, өз тірлігімен жүретін жігіт бір жағы балаларын да уайымдайтын. Кішкентайынан анасыз қалған балапандарын өгей ананың қас-қабағына жәутеңдеткісі де келмегендей. Дегенмен қауқары кеткен ата-анасының жағдайы да күн санап нашарлап бара жатқандай. Бір үйде еркегі де, әйелі де – өзі болып жүргеніне де үш жыл болды.

Інісінің осылай жүргені ұнамаған үлкен әпкесі өзі кірісіп жан-жақтан қыз іздестіре бастады. Алыстан қыз іздеп жүргенде жанында жүрген қайынсіңлісіне назары да түседі. Осылай бар айласын асырып, тиімді сәтті пайдаланып інісі мен қайынсіңлісін таныстырып отыр еді.

Екеуі де қысылып, ұзақ сөйлесе алмады. Табиғатынан ұяң Манзура жанарын төмен қаратып, жігіттің сұрақтарына қысқа жауап беруден аспады. Даулет те қобалжып, қандай әңгіме айтарын білмей әбден сасқаны бар емес пе?!

Бұл таныстық – жаңа өмірдің бастауы еді. Бір көргеннен жап-жас келіншекті ұнатқан Даулет әпкесіне бірден үйленетінін айтқанда, қуанған әпкесі дереу Манзураның анасымен келісуге келді. Бәрі де жылдам болып кетті. Ұзату күні де белгіленіп, қызу дайындық басталғанда Манзура үшін ең қиын таңдау алдына келді. Балалары...

Иә, иә болашақ қайынжұрты барлық дайындық басталған сәтте ғана келіннің балаларысыз келуін айтты. Бұл жаңалық Манзураны қатты тығырыққа тіреді. Тамағына келіп тірелген өксігін баса алмай, аяғын әзер басып ата-анасының алдына келді:
 
- Апа, егер рұқсат етсеңіздер, мен мына тойдан бас тартқым келеді. Балаларым... Мен балаларымды тастағым келмейді, - деп жанарынан бір тамшы жасы дөңгелеп түсті. Қызының онсызда қиналып жүргеніне жүрегі тілімденіп отырған әкесі терең күрсінді:

- Ееееее, қызым... Кейде бәрі де біз ойлағандай бола бермейді. Балаларың бөтен жерде қалғалы жатқан жоқ. Біз бармыз, өлтірмейміз,- деп сөзінің соңын зілді аяқтады. Әкесінің осы бір сөзі Манзураның бар қарсылығын жапқандай. Амалсыз әке сөзінен аттай алмаған қыз көп өтпей ұзатылып кете барды.

Келіндік өмір. Жаңа аналарын тосырқай қарсы алған балаларының көңілін табу да Манзураға оңай соқпады. Әсіресе үйдің ес біліп, етек-жеңін жинап қалған үлкендері күн сайын қырсығып, түрлі қылық шығаратын. Күні бойы бөлмесіне қамалып, тамақ ішпей қоятында күндері болатын. Ондай сәтте өзін екі есе кінәлі сезінетін Манзура сол балалардың бар жағдайын жасауға тырысқанымен, іштей өз балаларын сағынып, ішқұса болып жүретін.

«Кішкене шыдашы, бәрі реттелген соң жанымызға алдырамыз» деген Даулеттің сөзі ғана жанына демеу болатындай. Сол бір үміт жетегінде жүріп арадан он жыл өте шыққанында байқамағандай. Бұл сәтте Даулеттің үлкен ұлын үйлендіріп, одан кейінгі қызын да тұрмысқа берді. Ата-енесі бақилық болған соң, өз балаларын жанына алғысы келгенімен, нағашы ата-апасына әбден үйренген балалары келуден бас тартты.
 
Ұлы да, қызы да ер жетіп, мектеп бітірер жасқа да келіп қалған еді. Өз балаларының маңдайынан сүйіп, еркін еркелете алмаған келіншек кейде ешкім жоқта суреттеріне қарап үнсіз жылап та алатын. Дегенмен жаңа түскен келіннен қысылып, өз сезімін тағы да тұншықтырды.

Баласындай көріп, жанына жақын тартқан үлкен ұлы Қуаныш үйленгелі қатты өзгерді. Бейнебір Манзура алғаш осы үйге келген кездегі Қуанышқа қайта айналғандай. Келіншегінің қас-қабағына қарап, сәл мұңайса, бар өшін сол баяғы үйренген өгей анасынан алатын әдет шығарған.
 
Баласының тентектеу мінезінен хабардар Даулет кейде араша түсіп, Манзураны қорғағысы келгенімен, кез-келген жағдайдан сылтау табатын Қуаныш болмай бара жатса: «Сізге өз туғаныңыздан гөрі айдаладағы осы әйел ыстық» деп долданып шыға келетін. Одан қалды Даулеттің үлкен әпкелеріне шағымданып, болмағанды болды қылып, Манзураны әбден жексұрын да ететін.

Осылай арпалыспен жүріп арадан тағы он жылда өте шықты. Бұл кезде барлық балаларын құтты орнына қондырып, Даулет пен Манзура ауылда өздерімен-өздері күндерін кешуде. Ұлдарының барлығын бөлек шығарып, еш келінін қолында ұстағысы келмеген Манзура кейде жастайынан келіп, осылардың бар ыстық-суығына төзген балаларына қатты ренжитін. Туған аналары болмаса да, аналарынан кем көрмей, бір түртпектемей өсірген балалары бүгінде Манзураны жауларынан кем көрмейтіндей...

Өмір деген өз дегенін жасайды ғой. Тағдырдың қанша сынына төзіп, қайтпас қайсарлығымен ішіндегі қатып қалған ренішін ұмыта сол балалары мен өзін енесі ретінде еш қабылдағысы келмейтін келіндеріне жағамын деп жүргенде өмірдің кезекті дауылы келді. Күні бойы қан қысымы жиі-жиі көтерілген Даулетті уайымдаған Манзура жеделжәрдем шақырды. Кешігіп келген дәрігерлер жүректің инфаркт стадиясы жүріп жатқанын анықтап, дереу ауруханаға алып кетті. Реанимация бөліміне жатқызып, керек ем-домдарын да бастап кетті.

Бар туыс, балаларға хабар берген Манзура аурухана ішінде жүгіріп жүр. Таныс дәрігер жағалап жүріп, кіруге болмаса да, реанимация бөліміне жасырынып кіріп, Даулетпен тілдесіп те қайтты:
 
- Саған алғысым шексіз. Разымын...

- Олай демеші, қоштасып жатқандай айтпа. Сен мықтысың. Сен болмасаң, менің күнім не болмақ? Одан да еркелемей ертерек жазылуды ойла,- деп маңдайынан сипады.

- Сен де мықтысың... Мен үшін барлығын құрбан еттің. Тек соны балаларым қадірлемегені жаныма батады. Мен сені құрмет тұтамын. Ризамын,- деп терең күрсінді. Тамағына тірелген өксігін әрең ұстаған Манзура ашуланғандай кейіп танытып:

- Қай-қайдағыны айтпа. Әлі-ақ жазылып шығасың. Екеуміз мен зейнетке шыққан соң курорт жағалап жүреміз. Бір ауырдым деп сынып қалғаның неткенің... Қой, олай деме. Жазылып шығасың әлі,- деп жанарынан ытқып шыққан жасын сүрте, күйеуінің қолынан қысып ұстады.

Медбике уақыт болды деген белгі беріп, Манзураны сыртқа шығарып жіберді. Іштей бір қимастық сезімі пайда болып, қазір кетсе айрылып қалардай күй кешкен келіншек жанары жаутаңдай Даулетке қайта-қайта қарап қояды. Ол да бірдеңені сезгендей қимастықпен қарап жатты.

Сыртқа шыға «жағдайы қалай?» деп қаумалап сұрақтың астына алған туыстарына әзер жауап берген Манзура көз жасына ерік берді. Өз-өзіне келіп алсын деп қайынәпкесі жетектей сыртқа шығарып, есіктің алдындағы орындыққа отырғызды. Мең-зең қалыпта ұзақ отырған Манзура өз-өзімен сөйлесіп, іштей арпалысып отыр. «Даулет мықты. Әлі-ақ жазылып шығады. Жаманшылық шақырмай тыныш отыр» деп өзін шымшып та қояды.
 
Жарты сағаттай уақыт өткенде жүрегі алабұртып, ішке кірген Манзура суық хабар естіді. Туыстары аурухана ішін азан-қазан етіп, бір сәтте «әкем-ай» деп жылап кетті. Естігендерін қорыта алмай, бір орында қатып қалған Манзура естігендеріне еш сене алмай тұр.

Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, қайғы жұтып тұрса да, амалсыз ел-жұрт үшін тез жиналған Манзура тез жаназа қамына кірісіп кетті. Алыс-жақын туыстарға хабар да беріліп, жақын маңдағылар үйге де жиналып қалған еді.

Барлық қызық жаназадан кейін басталды. Осы уақытқа дейін келін болып, ата-енесіне қызмет еткісі келмейтін үлкен келіні мен баласы бір сәтте осы үйге көшіп келуге шешім қабылдады. «Даңғарадай үйде жалғыз өзім тұрғанша, жаныма серік болып үйде болғандары да жақсы. Одан қалды үйге келім-кетім адам көп болады. Сондықтан ертерек көшіп келіңдер» деп үнсіз келіскен Манзура өзін алда не күтіп тұрғанынан хабарсыз еді.

Әр апта сайын бейсенбілігі, одан жеті күндік, қырық күндік асын өткізген туыстар енді жан-жаққа тарай бастады. Тек туыстар Манзурадан жасырғандары бардай әр бұрышқа барып, сыбыр-сыбырлары көбейгендері ұнамаса да, мән бермеуге тырысты. Қырық күндік асын беріп, кешке барлық жерді жинастырып жүргенде кіші келіні мен баласының өзінен-өзі бұлқан-талқан болып, көліктеріне отырып кетіп жатқанын байқап, Манзура араша түседі.

- Құлындарым-ау, тыныштық па? Неге қайтуға асықтыңдар? Ең болмағанда іштегілермен қоштасып кетсеңдерші.

- Түу, енді сен бастамашы. Өтірік рөлге кірмей-ақ қой. Біз кетеміз.

- Ай, балам, тыныштық па? Маған сенсіреп сөйлемеуші едің ғой. Неге сонша ашуланып жатырсың?

- Мені ештеңе білмейді деп жатырсың ба? Ана ағамды әдейі үйге көшіріп әкеліп, осы үйді мұрагерлікпен қалдырып, мені дымсыз қалдырмақшы екенсіңдер ғой. Бірақ ол ойларың бекер. Менің де таныс адвокаттарым бар. Мына үй теңдей бөліске түседі әлі... – деп аузынан көбігі шашырай тістене сөйлеп жатыр. Естігендерінен құлағы бітеліп қалғандай күй кешкен Манзураның тілі байланып қалғандай.
 
Расында бұл үйде жүргендердің барлығының да құлқынын осы бір үй кімге қалады деген сұрақ тесіп бара жатыр еді. Өмірлік серігі, қолдаушысынан айрылған Манзура болса соңғы тиынын да балаларым үшін деп жұмсайтын әкенің қадірі тек осы үймен өлшенгеніне іші удай ашып барады. Осы күнге дейін қырғи қабақ соғысы енді ашық түрде ашылды. Балаларын былай қойғанда әпкелері де үйді бөліске салғылары келіп,таласып-тармасып бара жатқанда еш қолдауы жоқ Манзура ертеңгі күніне алаңдаулы еді.

Түнгі ауылдың бар итін шулатып бара жатқан Манзура мен ағасы Сәбит еді. Сол күнгі ұрыс үш күнге жалғасып, соңында үлкен келіні бетін жұлып ала жаздап, үйден қуып шыққанда бар сенгені төркіні болған Манзура ағасына дірілдей қоңырау соқты. Көлігі болмаса да, жол-жөнекей шыққан көліктерді ұстай бауырына жаны ашыған ағасы жетіп келгенді. Қарындасының беті тілініп, үстінің бәрі жыртылған түрін көріп, аяп кетіп, құшақтап алды. Ашумен ішке кіріп, барлығын орнына қоймақшы болған еді, жасы да біразға келіп қалған ағасына алаңдаған Манзура оны үйге кіргізбей, бұл ауылдан алып кетуін сұранды. Дәл осылай екеуі түн жарымда үлкен трасса жағалап бара жатыр еді.

Өгей өмір. Өмірдің өзі өгейлігін танытып, қартайғанда қу тізесін құшақтай тағы жалғыз қалған Манзураны көрген жан аяп кетеді. Кішкентайынан нағашыларына тастап, өз бақытын іздеп кеткен ана енді туған балаларына да жат болып қалғандай. Анасының бұл шарасыз халіне жаны ашыған ұлы мен келіні жанына алмақшы болғанымен, өзін баласының алдында айыпты сезінген Манзура бас тартып жеке пәтер жалдап шығып кетеді.
 
Үйдің де киесі бар демекші, бүкіл жастығын арнап, өгей болса да, туғанындай қараған ана қарғысы тиді ме ұлы мен келіні тартып алған үйде еш береке болмады. Балалары шетінен ауырып, одан жұмыстары да еш алға тартпай қарызға әбден батқан өгей ұлы ішкілікке де салынып кетті.
 
Күнде ұрыс-керістен көз ашпаған келіні де шыдай алмай үш баласын жетектей төркініне де жиі кетіп қалатын. Өз ағаларын салып, бірнеше рет соққыға да жығып күйеуін өзіне бағындырғысы келгенімен, одан бетер есіріп кеткен ол ішкілікке әбден салынып, қыстың бір күнінде далада қалып, үсіп қайтыс болады.
 
Одан кейін де осы үйге қызыққан талай туыстары келгенімен, ешбірі ұзақ тұрақтамай, тіпті сатылымға қойылса да,сатылмай, қараусыз үйге айналды.

Өткенінен сабақ алған Манзура өзі бөлек пәтер жалдап тұрғанымен, демалыс күндерін өз балаларына арнауға тырысатын. Жиі қонаққа шақырып, немерелерін қыдыртып, көңілді уақыт өткізуге тырысып бақты.
 
Осылай ақырын-ақырын арадағы тоң болып жиналған өкпе-реніштерде ақырын сейіліп, өз балаларымен қауышқан Манзура бұл күнде бақытты ана, сүйікті әже.

Өмір. Адам басына неше түрлі сындарлы сәттер келеді. Қандай сынақ болса да, соған сынбай, қасқая қарсы тұра білген адам ғана шынайы бақытқа жетеді. Қандай жағдай болса да, ішкі дауысыңызды тыңдаңыз. Ел үшін сүрген өмір сізге бақыт әкелмеуі мүмкін. Сондықтан барында барымызды бағалайық. 
 
"Әсерлі әңгімелер" топтамасынан