Бала кезімде үлкендерге, "мен анау қызды сүйемін, оған ғашықпын", дей қалсам, өй, сен өзі ғашықтық жайлы не білуші едің, жассың ғой дейтін. Мәнісін терең ұқпаған мен амалсыздан үнсіз қалушы едім.
Бүгін ойлап қарасам, сол кездегі ғашықтық деп жүргенім бос сөз екен. Шын ғашықтық дейтін сезімнің не екенін түсіндім... ия, түсіндім, әрі жүрегіммен ұғындым. Қашан екенін айтайын ба өзіңе? Өмірімнің жаңа парақтарында сенің есімің аталған кезде, өзіңді алғаш кездестірген сәтте. Мен сол үшін...иә тек сол үшін өміріме ризамын. Бәлкім, сені кездестірмегенімде ғашықтық дейтін ғажап сезімнің не екенін сезбей өтер ме едім кім білсін?! Өмірде менің бір байқағаным, адамның оқығандарымен естігендері бөлек екен, ал басына түскені мүлде бір бөлек екен...иә айтарлықтай бөлек екен.
Бұрын бар-жоғы білінбейтін жүрегім неге бүгін кеудемнен шығып кетердей буырқанып соғады, дүрсілі басқаша ма қалай өзі? Айналамда не болып жатыр, неге ешнәрсеге елең етпеймін? Бұрын біреу түртіп кетсе жағасынан жармаса кетуші едім, ұшқалақ мінезімнің ұшқыны да қалмағаны ма, неге ештеңеге құлқым жоқ? Бала кезімдегі ақындарға еліктеп жазған махаббат жайлы өлеңдерімде бүгін неге мән-мағына жоқ, неге соншалықты жеңіл де мұңсыз? Неге қазір ғашықтық дастандарды толқусыз жәй ғана оқи алмаймын? Неге бәрі біртүрлі мұңды? Неге бүгін Ләйлі мен Мәжнүнді әулиедей пір тұтып, мадақтай бердім екен? Неге... Неге?
Білесің бе, кеше кешкісін тәп-тәтті қиялмен ұйқыға кете бардым. Иә, шынымен-ақ ұйықтағым келген, бірақ ұйықтай алмадым, өйткені сенің сұлу бейнеңді бір сәтке де көз алдымнан жоғалтқым келмеді. Жоқ, жоқ, шындығы сол... сенің елесің маған ұйқы бермеген!
Кеше сені қатты қызғандым. Қалайша қызғанбаспын, тереземнің алдынан өткен желіккен жел қиялымдағы аруды "неткен сұлу" деп, әбден қызғанышымды оятты емес пе? Қорықтым. Білесің бе, өлердей қорықтым. Қиялымдағы сұлу бейнеңді алып кете ме, деп қорықтым. Желіккен жел, әйтеуір, менің ойымды сенің бейнеңнен арылту үшін өзінің сұм айлаларын аяп қалмады, тіпті "оның әдемі бейнесін ойлауыңа мүмкіндік бермеймін" дегендей тереземді тарсылдатып мазамды алды. Сірә, мен қалармын ба, қасарысып тұрып алдым. Иә, рас сенделген желдің тұрпайы қылығына көне қоймадым.
Бір сәтке тыныштық орнады. Ерніме енді езу ұялағанда тағы мазамды алмасы бар ма?! Ойымды кес-кестеп сенделген жел қара бұлттарын ертіп келгенде екі қолымды басыма қойып, мазамды алмаңдаршы, деп айқайладым. Тіпті де көңіл бөлмеді. Жаңбыр құя берді. Әрбір тамшысын тереземе әкеп ұрғанда көрпемді басыма бүркеп, көзімді тарс жұмып алдым. Маза бермеген жаңбырға тереземнен көз салсам, оның әрбір тамшысында сенің жымиған бейнеңді көрдім. Атыңды қайталап, еріксіз басымды сілки бердім. Сонда да жауын титтей де жанашырлық танытпады. Көкірегімді одан бетер ашу-ыза кернеді. Жалындым. Жабырқадым. Жындануға шақ қалдым.
Жо... Жоқ, айта көрме, мен көнбіске жәбір жасаған тек желіккен желмен еріккен жаңбыр ғана ма? Қиялымдағы сұлу бейнеңе тамсана, әрі қызғана қарайтын желмен жаңбырдан кейін түнгі аспанның жымыңдаған жұлдыздары да тесірейе, біресе алара қарап, мазамды алуда сақадай сай тұрды... Олар бір-біріне сыбырласты ма, қалай өзі?! Сыбырласты. Иә...иә, сыбырласып жатты, тіпті не туралы сыбырласқанын да естігендеймін. Сенің мақтауыңды айтып жатты. Мен, бейшара, ләм-мим деп үн қатпадым. Өйткені іштей сені қызғанып жатқан едім. Кеудем сәл қалғанда жарылардай болды. Ауыр-ауыр күрсіндім. Жылауға себеп таппай тұрған баланың күйін кештім. Екі көзім жасқа толып қала бердім. Сол бір таңның атпай кеткені-ай...
Санжар Ғұлама