Қырық жыл ұрлық жасаған бір кісі қартайған шағында «сонша жыл ұрлық жасадым, адам өлтіріп күнәға баттым. Енді төрімнен көрім жақын қалғанда қажылыққа барып, Алладан күнәларым үшін кешірім сұрап келейін» деп, қажылыққа жеті нан, жеті уыс талқан салып, жолға шығыпты.
Күндіз-түні тоқтаусыз жүріп отырған ол шаршап-шалдығып шөлге жеткенде жүрек жалғап алайын деп қоржынына қараса, не бір түйір нан, не бір жұтым су қалмаған екен. Енді қайтпек? Жан-жағына көз жүгірткен ол алыстан бір үйді көреді. Сусын сұрап ішейін деп үйге жақын барса, бір әйел өліп жатыр.
Ал көкірегінен сүт бұлақтай ағады. Үйге кірсе, биік сөренің үстінде бір нәресте шырылдап жылап жатыр. Оған жақындап қалған бір жылан тілін сумаңдатып, шағуға дайын тұр. Әлгі кісі дереу жыланды өлтіріпті. Енді баланы алайын десе, қолы сөреге жететін емес. Аяғының астына қойып, шығатын нәрсе іздесе, бір түйіншек тұр дейді. Ашып қараса, орамалға оралған Құран кітабы. Кітапты аяғының астына қойып, баланы алмақшы болады. Бірақ есіне әке-шешесінің «Құран – қасиетті кітап. Оны дәретсіз қолыңа алма, аяқпен баспа, күнәға батасың» деген сөзі түсіп, райынан қайтады.
Қараса, тағы бір түйіншек тұр. Ашып қараса, нан. Енді нанның үстіне шықпақшы болады. Бірақ, есіне тағы да әке-шешесінің: «Нан – ең қасиетті ас. Оның бір уағын да ысырап етпе. Жерде жатқан нанның кішкене бір уағын көрсең, көзіңе сүртіп, жоғарыға қой. Ол да болса құстың бір балапанының несібесі шығар» деген сөзі түседі. Баланың шырылдаған дауысына шыдай алмаған әлгі кісі тәуекел деп кітаптың үстіне шығыпты да, баланы алыпты. Бала талпынып, еңбектеп барып, анасының көкірегінен ағып жатқан сүтті тойып-тойып еміпті. Сол кезде ғана әлгі кісі: «Е, Аллам, осы күнге дейін жасаған күнәларым аз ба еді, енді Құранды да аяғымның астына қойып, одан бетер күнәға баттым-ау. Одан да менің жанымды осы жерде алып, тәнімді тозақтың отына күйдірмедің бе?» – деп еңіреп жылап жібереді. Сол сәтте көктен ғажайып дауыс естіліп: «Ей, пендем, сен кітапты аяғыңның астына қойып, баланы құтқарып, үлкен сауап іс жасадың. Сәбиді көре-біле тұра құтқармау – оны өз қолыңмен өлтіргеніңмен бірдей. Нанды аяғыңмен баспай дұрыс істедің.
Себебі қарын тоқ болса ғана құран сөзі құлаққа кіреді деген екен.