«МӘҢГІЛІК ӨНЕГЕ – ӘЗ МҰХАММЕД» атауымен ағымдағы жылдың 13 желтоқсан күні Сәтбаев қаласында Мәуліт кеші өтті. Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолдауымен, Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы мен Б.Балқыбайұлы атындағы Сәтбаев қалалық орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен рухани кештің басты қонақтары елімізге танымал «Өнер қырандары» театры болды.
Кеш барысында Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Нарботаев Сұлтан Нұрланұлы Кеншілер сарайына жиналған 800-ге тарта көрерменді Мәуліт мерекесімен құттықтап, қала басшылығы атынан өз тілегін жеткізді. Содан соң Жезқазған аймағы бойынша өкіл имам Смагулов Мади Тоқпанұлы имандылық пен ізгілікке толы Мәуліт мерекесінің барлық мұсылман әлеміне деген маңыздылығына тоқталып, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы атынан аймақ жамағатын құттықтады.
Мәуліт кешіне жиналғандар «Өнер қырандарының» орындауындағы «Мешіт салу», «Асыл адам» қойылымдарымен қатар, түрлі композицияларды тамашалай отыра, зор ықыластарын білдірді. Қазіргі уақыттағы маңызды қоғамдық мәселеге айналып отырған дәстүрлі емес діни бағыттағы азаматтардың тағдыры, имандылық, ата-бабадан қалған салт-дәстүр мен рухани мұраға деген ерекше құрмет тақырыптарын қамтыған әзіл мен мұңға толы әдеби композициялар жиналған әрқайсысының жүрегін елжіреткені анық.
Сонымен қатар, осы кешке арнайы қатысып отырған республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының жетекшісі Алғадай Әбілғазыұлы елім деп елжірейтін барлық азаматтарға үлгі боларлықтай рәсім өткізді. 7 бала тәрбиелеп, осы күнге дейін өзінің жеке пәтері болмаған отбасыға 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, жиналған қауымның ерекше қошеметіне ие болды.
Кешті қорытындылаған Б.Балқыбайұлы атындағы Сәтбаев қалалық орталық мешітінің бас имамы Қондыбай қажы Акбаров 2017 жыл бойы қала тұрғындарына 1 тоннадан астам ет, 1,8 тонна азық-түліктің тегін таратылғанын атып өтті. Сонымен бірге, саналы іс-шараның сапалы өтуіне ықпалдасқан барша азаматтарға зор алғысын білдірді.
Айта кететіні, кеш басында мешіт қызметкерлері мен Сәтбаев қалалық дін орталығының мамандары көрермендерге діни кітаптар мен құрма таратылды.
Тайғақ кешсе, тағысын тайдырмаған, жағаласса жағасын жыртқызбаған, болашағын Исламмен сусындатып, ата-бабамыздан мирас болып қалған салтын қор қылмай, мұсылманша сауатымызды тереңдетіп, ата дінімізді сыйлайық.
Жаратушы Иеміз қарияларымызға күш-қайрат, ұл-қыздарымызға ар-иман нәсіп етіп, халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырғай, Мәуліт мүбарак болсын!