Жуырда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 21 журналиске «Самғау» сыйлығын тапсырды. Жыл сайын журналистер арасында облыс әкімінің жүлдесіне өтетін байқау биылғы жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында жарық көрген жарияланымдарға арналып, «Самғау» сыйлығы ретінде жалғасын тапты. Жүлделер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының жүзеге асырылуын насихаттау бойынша 7 аталым негізінде берілді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз сөзінде журналистердің еселі еңбектері үшін ризашылығын білдірген облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы қысқаша айтып өтті.
- Журналистер қауымы – жаңалыққа жақын, жақсы істер жайлы ақпаратты елге жеткізетін, қоғам өмірінің барометріндей. Халық пен билік арасындағы алтын көпір десек те артық айтқандық емес. Елбасы жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси реформаларды насихаттай жүріп, сіздер облыстың дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Сіздердің конструктивті, әділ сындарыңыз көптеген мәселелердің дер кезінде шешілуіне ықпал етеді. Ақпараттық кеңістіктегі өз міндеттеріңізді сіздер үлкен абыроймен атқарып келесіздер. Сол үшін баршаңызға алғысымды білдіремін! Бүгінгі байқаудағы жеңістеріңіз – сіздердің жарқын істеріңіздің жемісі, - деді А. Баталов.
Мәселен, «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы шеберлігі үшін Алашорданың 100 жылдығына арналған өзінің «Бір ғасыр бұрынғы бостандық» атты мақаласымен облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Қуаныш Тұңғатар 1-ші орынды иеленді. «Рухани жаңғыру» тақырыбын ашу» номинациясында облыстық «Жетісу» телеарнасының продюсері Зухра Жақыпбаеваның «Жетісу жұмбақтары» телехабары үздік шықты. «Қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы үздік пост» номинациясында блогер Ажар Ботабаева үздік деп танылды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» туралы фоторепортаждары үшін «Талдықорған» газетінің фототілшісі Айдын Нұршанов марапатталды.
Жалпы марапаттау «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мен жүзеге асыруға қатысты 7 аталым бойынша өткізілді. Конкурс нәтижесінде 21 жүлдегер дипломдар мен арнайы сыйлыққа ие болды.
Атап өтсек, биылғы шығармашылық байқауға бұқаралық ақпарат құралдарының 93 өкілі қатысып, 34 мақала, 43 сюжет, 10 пост пен 6 фотосурет материалдары ұсынылған.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.