Ұлттық палатада қоғамдық жерлердегі қауіпсіздік шаралары талқыға салынды
29 наурыз күні «Атамекен» алаңында бейне байланыс арқылы Ұлттық палата ұсынған «Тұтынушылардың құқығын қорғау саласын дамыту арқылы қоғамдық бақылауды күшейту» бастамасына қатысты дөңгелек үстел өтті.
Шараға Қазақстанның ірі сауда–ойын-сауық орталықтарының өкілдері, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, қоғам қайраткерлері, журналистер, сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті қатысты.
Жиын «Атамекен» ҚР ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Райымбек Баталовтың жетекшілігімен өтті. Соңғы күндері қатысушыларды, жалпы қоғамды көпшілік жиналатын нысандардағы қозғалыс пен қызметті реттеу, апатты жағдайлардың алдын алу мәселелері ерекше толғандырғаны анық.
«Кемероводағы апат қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл нағыз трагедия, және біз бәріміз бұдан сабақ алуымыз керек. Бизнес тарапынан алғашқы қозғалыс басталды. Мұндай қайғылы, көп адамның өмірін алып кеткен оқиғалар болмауы керек. Бүгінгі жиын мұндай жағдайды алдын алуда жүйелі әрі жылдам шараларды таңдауға себеп болады», – деді Райымбек Баталов.
Шара барысында отандық нарыққа танымал «Мега» сауда–ойын-сауық орталықтары желісінің президенті Нұрлан Смағұлов Қазақстандағы сауда орталықтарының қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде екенін айтты.
«Ресейде орын алған апат біздің жалпы қауіпсіздікке деген көзқарасымызды өзгертті. Алматы қаласында 27 наурыз күні «Мега» кешендерінде оқыту жұмыстары өтті, барлық өрт сөндіру құрылғылары мен шығу жолдары тексерілді. Бүгінде сауда орталықтары үлкен нысандар, сондықтан жол сілтейтін белгілер көзге ілінбей жатады, стандарттар ескірген. Сол үшін көрсеткіштерді үш тілде жазып, өзгертетін боламыз. Жалпы біздің ұсынысымыз Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттермен бірігіп, жоспардан тыс тексерулерді өткізу бойынша меморандумға қол қоймақпыз және бұл бастамаға басқа да меншік иелерін қатысуға шақырамыз. Тексерулерден қорықпау керек. Әр сауда нысаны «Қауіпсіз сауда үйі» деген атау үшін күресу керек», – деді Нұрлан Смағұлов.
Спикердің айтуынша «Мега» кешендерінің жалға алушылары сақтандыруға міндеттелген, бұл талаптар шарттарда жазылған. Сонымен қатар кәсіпкер мемлекеттік органдарға бұл мәселелердің бәрін бизнеске ысырып тастауға болмайтынын айтты. Бұл мәселені шешуде мамандардың көмегі керек. Қауіпсіздік шаралары жақсы деңгейде. Алайда үлкен олқылық қауіпсіздік
шараларын насихаттаудың төмендігінде жатыр. Осы ретте қоғамдық кеңестер құру маңызды деп атап өтті.
«Біреудің қателіктеріне қашанғы жалтақтай береміз? Мұндай жағдайлар өз елімізде аз ба? Бұл жаңалық емес. Өкінішке қарай жол апаттары, су, өрт салдарынан болашағымыз – балалар өліп жатыр. Көп нысандарда аппаттық шығу жолдары тас құлыпта. Шара қолдану керек, үлкен нысандарда шығу белгілері оқылмайды. Сонымен қатар желіде мемлекеттік органдардың тексеруі көбейгені, сыбайлас жемқорлық салдары орын алғаны туралы айтылып жатыр. Мүмкін арандату мақсатында айтылып жатқан болар, бірақ ойланатын мәселе-ақ», – деді қоғам белсендісі Ғалым Байтұқ.
ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рустамбеков Қазақстандағы қауіпсіздікті сақтау нормативтері еуропалық нормативтерден гөрі қатаң екенін, алайда оларды ұстану мен орындау бөлек екенін айтты.
«Мәселен, нысандарды қабылдау талаптарды өзгерген. Нысанды қабылдаушылардың тізімінен Төтенше жағдайлар департаменті алынып тасталған. Енді бұл функция да мемлекеттік сараптамаға өткен. Меніңше бұрынғы ережелерді қайтару керек», – деді сәулетші.
Бүгінде республика бойынша лицензиясы бар 1500 мекеме жұмыс істейді. Демек, лицензияны алу сатып алумен ғана шектеледі.
Сарапшылар ірі сауда–ойын сауық орталығының бірінші қабатындағы сауда орындарының жалға алу құны ең қымбат, есесіне тұтынушылар көп келетін ең өтімді жер екенін айтады. Қабат жоғарылаған сайын, жал құны төмендей түседі. Ал балалар ойнайтын орындар, кинотеатрлардың барлығы әдетте жоғары қабаттарда орналасады.
«Ата-ана баласымен жоғары жаққа көтерілгенше түрлі бутиктерді жолшыбай аралап кетеді. Бұл маркетинг. Алайда балаларымыздың қауіпсіздігі үшін көпшілік жиналатын орындарды неғұрлым жерге жақын, 1-қабатта орналастырған абзал. Әрине, бұл бизнеске кедергі болса да, адам өмірін сақтап қалатын шара», – деді Серік Рустамбеков.
Өз кезегінде ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Сәбит Битаев бүгінгі жиында айтылған ұсыныстарды ескеретінін айтты.
«Өкінішке қарай біз барлық сауда орталықтарына бірдей қауіпсіздік шараларын ұстану, ірі нысандарда қозғалысты реттеу бойынша үйрететін бейнероликтерді орналастыра алмай отырмыз. Ондай роликтер бар. Әзірге түрлі нысандарда оқыту жұмыстарын жүргізіп, сауда нысандарын тексеріп жатырмыз. Жалпы бизнес, мемлекеттік органдар, қоғам бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бізге қоғам пікірі маңызды», – деді Сәбит Битаев.
Төтенше жағдайлар жөніндегі орган өкілі балаларға қауіпсіздік шараларын жаппай үйрету бойынша мәселені бұрыннан бері көтеріп келгендерін айтты. Алайда бұл бастаманы ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдамай отыр.
Бүгінде мектеп бағдарламасында бастауыш әскери дайындық сабағы ғана өткізіледі.
«Атамекен» ҚР ҰКП Сауда комитетінің төрағасы сауда орындары иелері мен жалға алушылар міндетті сақтандырылуы керек деген ойда.
«Тілсіз жау – өрт болмайды емес, болады. Сақтандыру амалдары, жауапкершілікке тарту, меншік иелерінің қауіпсіздік шаралары мен құралдарына инвестиция жасағанда ғана қауіпсіздік пен жауапкершілік артады», – деді спикер
Жиын соңында сарапшыларға сұрақтар қойылды. Жалпы ірі мегополистердегі қауіпсіздік стандарттары біршама жақсы болса, өңірдегі көрініс мүлде басқа, көңіл көншітпейді. Сонымен қатар нормативтерде де кереғарлық бары айтылды. Мәселен өрт қауіпсіздігі бойынша апатты шығу жолдары үнемі ашық болуы керек делінсе, терроризмге қарсы нормативтердегі шартпен нысандағы қосымша шығу есіктері құлыптаулы болуы керек.
Жиынды қорытындылай келе ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Райымбек Баталов жоғарыда көтерілген мәселелерді шешіп, ұсыныстарды қарастыру мақсатында Ұлттық палата жанынан қоғамдық кеңес құруды ұсынды.
«Мәселе күрделі. Қоғамға, жалпы бизнес үшін бұл мәселені шешуде қоғамдық бақылау, қауіпсіздік бойынша нақты әрі тез кәдеге асатын шаралар қажет. Осы тұрғыда жұмыс істейтін боламыз»,– деді Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы.