Биыл Жетісу облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында 2309 азамат жалпы сомасы 156,7 млн. теңге көлеміндегі біржолғы материалдық көмек алады. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облысымызда тұратын ҰОС ардагерлері мен қатысушыларына 1,5 млн. теңгеден төленеді, - деп хабарлайды el24.kz тілшісі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірінде Ұлы Отан соғысының 8 ардагері тұрады. Олардың барлығы 9 мамырға дейін әрқайсысы 1,5 млн. теңгеден алады.
Сондай-ақ жыл басынан бері ардагерлерге коммуналдық қызметтер үшін төлем ретінде 250 мың теңге төленді. Осы мақсатқа қаражат жыл соңына дейін де қарастырылған. Төлемдер ай сайын 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жүргізіледі.
ҰОС қатысушылары мен мүгедектері қажеттіліктеріне қарай есту аппараттары, протездік-ортопедиялық бұйымдар сияқты әртүрлі техникалық көмекші, гигиеналық құралдармен, сондай-ақ санаториялық-курорттық жолдамалармен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ КСРО-ны қорғаудың басқа кезеңдерінде майдан шебінде әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жараланған, контузия алған, мертігіп қалған, мүгедек деп танылған 90 әскери қызметшіге біржолғы материалдық көмек ретінде 100 мың теңгеден жалпы сомасы 9,0 млн. теңге төленеді.
Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлерде, геттоларда және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарында қамалған кезде кәмелеттік жасқа толмаған азаматтарға 100 мың теңгеден беріледі.
Облысымызда бұл санатқа кіретін 1 адам тұрады.
Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған ата-анасы мен жесіріне (бұл
санатқа жататын өңірімізде 19 адам бар) 60 мың теңгеден төлем жасалады.
Төлемдердің жалпы сомасы 1,1 млн.теңгеден асады.
Осындай қаражат сомасы қайтыс болған Ұлы Отан соғысының мүгедектерінің немесе мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген азаматтардың екінші рет некеге тұрмаған жұбайларына да қарастырылған (бұл санатқа жататын өңірімізде 32 адам бар). Бұл санаттағы азаматтарға барлығы 1,9 млн.
теңгеден астам қаражат көзделген.
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейінгі аралықта Ұлы Отан соғысы жылдарында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен наградталған адамдарға, сондай-ақ осы кезеңде
медальдармен марапатталмаған адамдарға да 60 мың теңгеден төленеді. Осы санаттағы 2159 адамға жалпы сомасы 129,5 млн.теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Сонымен қатар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, 2013 жылдың соңына дейін 6 жекелеген санат бойынша ардагерлерге 150 мың теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем төленеді. Олардың қатарында Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер мен Чернобыль АЭС апаттың салдарын жоюға қатысушылар да бар.