Маңғыстау облысы “Өзенмұнайгаз” АҚ мен “БерАли Маңғыстау Company” ЖШС-нің лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі,Маңғыстау облысы бойынша Қаржы мониторингі экономикалық тергеу департаментіне сілтеме жасап.
“Қазмұнайгаз АҚ (“Өзенмұнайгаз”) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық және ақша жымқыру фактілері бойынша Жаңаөзен қаласы тұрғындарының көптеген өтініштері негізінде Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті бірнеше сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Атап айтқанда, “Өзенмұнайгаз” АҚ-ның лауазымды тұлғаларына кәсіпорынның бухгалтерлік және басқа да ресми құжаттамаларында бұрмаланған мәліметтерді көрсететін жаңа құбырларды жалған орнату арқылы ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізілуде”, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, “Өзенмұнайгаз” АҚ лауазымды тұлғалары мен “БерАли Маңғыстау Company” ЖШС басшылығына 2022 жылы мұнай ұңғымаларын жөндеуге арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдікпен тергеу жүріп жатыр.
“БерАли Маңғыстау Company” ЖШС басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға беру туралы келісімдер жасағаны анықталды.
“Бұл әрекеттерімен “БерАли Маңғыстау Company” ЖШС басшылығы мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де зиян келтірген. Бұл қаржыға кәсіпорынды дамытуға, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге жұмсауға болатын еді. Аталған фактілер тергеу аясында тексерілуде, басқа мәліметтер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды”, - деп атап өтті экономикалық тергеу департаменті.