Президент табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарда баға өсіміне жол бермеу қажеттігін айтты

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстау және бағаның өсуіне жол бермеу қажет екеніне тағы да назар аударды.

Бұл туралы Президент 12 сәуірде өткен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтты.

  Сондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтар үшін әуе және темір жол көліктеріне билеттің қымбаттауына жол беруге болмайтынын ескертті. "Үкімет пен әкімдіктер зардап шеккен адамдарды орналастыру, оларға қажетті көмек беру мәселелерін тез арада шешуге тиіс.

Қазір бұл жұмыстар атқарылып жатыр. Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау керек. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыру қажет.

Айтпақшы, жоғалған құжаттар да проблема болады. Адамдар үйлерін асығыс тастап кетті. Құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу керек. Жағдай өте күрделі аудандарда қоғамдық штабтар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілсін", – деді Президент.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізу, сондай-ақ көппәтерлі үйлерге, әлеуметтік және басқа да нысандарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берілді. 

Су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралып жатқаны және эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат расталмады.

Алматыда есірткі таратып жүрген Пәкістан мен Үндістанның азаматтары ұсталды

 

Пәкістан мен Үндістаннан келген екі азаматы есірткі бизнесімен айналысқан. Олардың бірі Алматыдағы жоғары оқу орындарында оқиды.

«Өздерінің қылмыстық әрекетін жүзеге асыру үшін күдіктілер жеке тұрғын үйді жалға алған. Тұрғын үйді тінту кезінде сатуға дайын аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі, зертханалық жабдықтар, прекурсорлар табылып, тәркіленді.

Шетелдіктердің бірлесе жұмыс істегені анықталды, олардың бірі есірткіні қайнатса, екіншісі оны жасырып қою арқылы таратқан. Іздестіру шаралары қаскөйлердің тұрғылықты жерінде де жүргізілді. Олар синтетика салынған орамдарды жатын бөлмесінде сақтаған. Тәркіленген синтетикалық психотроптық заттардың жалпы салмағы 4 келіден асты. Күдіктілер қамауға алынды», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Қазақстанда міндетті екпелердің жаңа тізімі бекітілді: бұл туралы не белгілі?

 

Наурыздан бастап қазақстандықтар түрлі вирусқа қарсы екпе алуға міндеттеледі. Бұл туралы Денсаулық министрлігі хабарлаған еді. 

Министрлік мәліметінше, енді медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін екпе алуға болады.

Адам папилломасы вирусы туғызған аурулар міндетті профилактикалық екпе жүргізетін аурулардың тізбесіне енгізілді- деп хабарлайды el24.kz тілшісі Massaget.kzке сілтеме жасап.

Міндетті екпелердің жаңа тізімі бекітілді:

1) жоспарлы профилактикалық екпелер:
- "А" вирустық гепатиті;
- "В" вирустық гепатиті;
-b типті гемофильді инфекция;
-дифтерия;
-көкжөтел;
-қызылша;
-қызамық;
-пневмококк инфекциясы;
- полиомиелит;
- сіреспе;
- туберкулез;
-эпидемиялық паротит;

2) эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер:
- "А" вирустық гепатиті;
- "В" вирустық гепатиті;
- дифтерия;
- көктемгі-жазғы кене энцефалиті;
- күйдіргі;
-құтырма;
- қызылша;
- қызамық;
- оба;
- сіреспе;
- туляремия;
- тұмау;
- іш сүзегі;
- эпидемиялық паротит.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын ескере отырып, 6 жастағы балаларды (1-сынып) туберкулезге қарсы ревакцинацияланбайды;

Министрлік өкілдерінің айтуынша, профилактикалық екпелерге қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 85-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпелерді алуға міндетті.

Бірақ қазақстандықтар вакцинациядан бас тартуға құқылы. Бұл Кодекстің 77-бабында айтылған. 

Республикада профилактикалық екпелер туралы деректерді тіркеу мақсатында "Вакцинация" модулі жұмыс істейді. "Вакцинация" модулі - вакцинациялар туралы деректер қоры.

Денсаулық сақтау министрілігі екпе алатындарға кеңес берді. 

"Профилактикалық екпелер туралы ақпаратты ресми және сенімді дереккөздерінен алу қажет. Вакцинациялау туралы ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайттар мен аккаунттарда орналастырылады. Сонымен қатар, вакциналар туралы толық ақпарат алу үшін EGU.kz платформасына және вакцинациялау бойынша Call-орталыққа (жедел желі нөмірі 7701) жүгінуге болады", - делінген хабарламада. 

 

Қызылорда облысында 177 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды

 

Қызылорда облысында 177 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың біррқатары мақсатты пайдаланылмаған болса, қалғанында тиісті заңнаманың бұзылғаны анықталып, тіркелген.

Облыс көлемінде былтыр мақсатты пайдаланылмаған немесе оған қатысты заңнаманы бұзылуы тіркелген 177 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың жалпы аумағы 225,4 мың гектар.

Оның ішінде егістігі 1,4 мың гектарды шамаласа, жайылымы – 223,9 мың гектар. «Былтыр ауыл шаруашылығы айналымына 76,1 мың гектар енгізілді. Биыл 70 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару көзделіп отыр.

Жыл басынан бері көлемі 11 237 гектар 23 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауыл шаруашылығы айналымына 36,9 мың га көлемде енгізілді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.

Ведомство мәліметінше, облыс бойынша өзіндік қосалқы шаруашылықтардағы 1538 мың бас шартты мал басына 1966,5 мың гектар жайылым алқабы қажет. Өңірдегі 146 ауылдық округтің 97 округі жайылыммен толық қамтамасыз етілген.

Дереккөз: Kazinform.kz

Әттең...(Әңгіме)

 

Гүлжан Амангелдіқызы

-Шіркін, ол келіп: «Мен сені сүйемін десе ғой!».

 Шара өз қиялына елтігендей көзін жұмды. Кенет есіне бір нәрсе түскендей атып тұрды да, қасындағы құрбысына жалт қарады. 

– Бақыт деген не?

– Сүйгенің сенен басқа адамға назар аудармай не айтсаң, соны орындаса – сол бақыт.

– Ха,ха,ха...

Терезе алдында сыртқа көз салып, алысқа қарап, ойға батқан Айгүл екі құрбысының пәлсапасына еріксіз мырс етті. «Егер бақыт деген ұғымды осымен өлшесек, онда бақытқа жету онша қиын емес екен.»Ұры  иттей санасына мысқылдай кірген сайтан ой «ал сен ше?» деді. Кеуде тұсы удай ашыды. Ол тіпті ішкі ойымен бетпе-бет келуге де дәрменсіз еді. Бірақ қанша қашса да шындықтан құтыла алмасын біледі. Ақыры  жараның аузы ашылды.Қотырға айналған жараның бетін тырнаса, орны дызылдап ашитын еді ғой. Өзіне қойылған сұрақ бұның жүрегін дәл солай ауыртты. «Бақыт» деген ұғымның өзінің еншісіне бұйырмағанын білсе де, әлдебір үміттен дәмелі еді. Мейлі Алла адам баласын қалай жаратса да, жүрегіндегі үміт отын өшіруге ешкімнің қақысы жоқ еді...

Шындық қандай ашты болса да, оны мойындауға тура келетін кездер болады. Сондықтан да дәл қазір ол өзінің бақытсыз жан екенін іштей мойындады. Өйткені... Өмірге шыр етіп, жарық дүниенің есігін ашқанда бақытсыздықты еншісіне байлап ала келген.

  Бұл-ергежейлі. Сол үшін де бұны ешкім сүймейді. Қасындағы бөлмелес екі құрбысы да көзқарастарымен осыны түсіндірген. Яғни, нағыз бақытсыз адам. Мұңаюға табылып тұрған себеп. Бірақ бұл мұңаймайды. Өзіне аянышпен қарайтын адамдардың қатігез жанарларынан... өліп кеткен жүрегі.

 Осы сәт ауыр ойдан құтқарғысы келгендей бөлменің бір бұрышында тұратын телефон безілдей жөнелді. Сонда барып, бөлмеде өзінен басқа адам қалмай қалғанын білді. Екі құрбысы бұған ескертпей (бәлкім ескерткен шығар) шығып кеткен екен.

– Әлеу...

– Бұл- «Адам» іздеп жүрген адам ғой. 

Таным түйсігі пендеуи ойлардан жоғары тұратын осы адаммен сөйлессе сансыратқан ойлардан бір сәт жеңілденіп қалатыны бар. 

– Қателестіңіз. Ол адамыңыз мен емес. Сау болыңыз...

– Өлердей жек көріп отырғаныңызға қарағанда уақытсыз уақытта мазаңызды алдым-ау деймін.

Бұл үнсіз қалды. Көмейіне кесек бір нәрсе келіп тығылды да, не ары өтпей, не бері өтпей тұрып қалды. Мезгілі жетіп, әбден қордаланып қалған нәрсенің көп күттірмейтіні бар. Тығылып тұрған көз жасы моншақ болып төгіле жөнелді.

– Сіз жылап отырсыз ба?

Ішкі сезімін, жан толқынысын көзбен көрмесе де сезетін осы адамға таңы бар. 

– Жоқ.

– Жоқ? Мен білсем, сіз жылап отырсыз. Мұңаймаңыз. Дәрменсіздігін сезінген сәтте адам баласының бәрі жылайды. Ал, сіз күліңіз. Өйткені, сізді көңілсіздіктен құтқаратын мына пақырыңыз болады. Бүгін сағат 5-те орталық бақта сізді күтемін. Кешікпеңіз. Менің сізді көргім келеді.

«Көргім келеді» деген сөз қыз санасында жаңғырып тұрып алды. Қалай көрінбек? Түр-сымбатын көрген сәтте ол қандай күйде болады? Жарты жыл бойы сөйлесіп, алдап келгенін білсе, теріс айналмай ма? Сансыз сауал миының «қабырғасын» соғып жатты.

Жоқ, болмайды. Сырттай болмысына, жан-дүниесіне ғашық жігітті көру жоқ бұған. Қандай өкінішті! Алғаш рет қорланды. Лағнет айтты. Өкпеледі. Кімге? Неге? Белгісіз. Бірақ жүрегінде мұңның ізі қалып қойды.

Көп ойлану, күрсінуден кейін бәрібір барды. Бақтың елеусіздеу тұрған арқалы орындығына барып отырды. Әне ол келді. Қолында бір шоқ гүлі бар. Жан-жағына сабырсыздана қарайды. Жүзіне барлай қарағысы келген. Бірақ, көре алмады. Сыртқы сұлбасынан-ақ көрініп тұр сымбатты екені. Бәсе, өзі де білген тегін адам емес екенін.

 

Жүрегі бұрай ауырды. Көзінен өкініштің, мұңның мөлдір тамшылары үзіліп түсіп жатты. Өлгісі келді. 

Кенет... Жаңағы бейне бұған, иә, иә, дәл бұған қарсы аяңдады. Күтпеген еді. Тыпыр ете алмай қалды.

– Сәлеметсіз бе? Тесіле қарады. Танитын адам сияқты. Әлде... шынымен сезді ме екен?

Қыз жүрегі тарсылдай жөнелді. Аспан айналып жерге түсіп, жер бетіндегі тіршіліктің тоқтап қалуын тіледі. Сонда мына келеңсіздіктен құтылар еді.

– Кешіріңіз, мен бір адамды күтіп тұр едім. Бәлкім, мен келгенше... ол кетіп қалмады ма екен? Сіз... сіз бұл жерде көптен отыр ма едіңіз? Өмірінде бұлай абдырамас. «Уф» деп демін бір-ақ алды.

Байқайды. Бұл да басқа адамдардай аяушылықпен қарады. Еті үйреніп кеткенімен, мына көзқарас өңменіне қадалды. Одан да су қараңғы неге болмады екен?

Тіл жақтан айрылғандай оның барлық сұрақтарына үнсіз басын шайқай берді. Кетіп бара жатып, ол бірдеңесін ұмытқан адамша кілт бұрылды да, қайта келіп, қолындағы гүлін бұған ұсынды. «Мына гүл сізге»...

 Сөйтті де гүл мен қызды иен баққа қалдырып, көз ұшында ұзап бара жатты. Батып бара жатқан күнмен таласа шыққан қыздың «әттең-ай...» деген өкініш, нала мұңға толы күрсінісне ағаштар да үн қосқандай, бақтың іші күңіреніп кетті.

 Әттең... 



 

Былапыт сөз айтқан: Атырауда жасөспірімнің анасы жазаланды

 

Атырауда ұсазына былапыт сөз айтқан жасөспірімнің анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды el24.kz тілшісі azh.kz-ке сілтеме жасап. 

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес 9-сынып оқушысы сабақ үстінде ұстазына былапыт сөз айтып, ұсақ бұзықылық жасаған.

Істі қарау барысында жасөспірімнің анасы кешірім сұрады.

Сот қаулысымен жасөспірімнің анасы әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 18 091 теңге әкімшілік айыппұл салынды.