Қазақтың ақын қыздарының бірі Бақытгүл Баймолдақызы (Гүл Зарқұмар) дүниеден өтті.
1974 жылы 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен «Алтын жебе» жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан "Жүректегі жүзік" атты кітабы жарық көрді.
"Керейдің кербез қызымын"деп жырлаған ақынның қырық күндік асы 15- қазанда Алматы, Саймасай ауылының мешітінде өтеді.
Назарларыңызға Гүл Зарқұмардың бірнеше өлеңдерін ұсынамыз:
Ақын болып не ұттың деп ғұмырдан,
Әділетсіз қоғам түспес тұғырдан...
Аққа күйе жаға алатын тобырдың,
Көздері де соқыр екен соғұрлым...
Сөздері де жансыз, өлі, жоқ қаны,
Ту сыртымнан сол сөздерін оқтады...
"Сұңқарының қанаттары қырқылып,
Тұлпарының тұяқтары жыртылып..."
Қалсын деген қастарымның тілегін,
Кешіре алған менің абзал жүрегім!
Сен мендегі бақ-ырыстың өзісің,
Жарығы мол көкірегімнің көзісің!
Сен мендегі қасиеттің нұрысың,
Сол үшінде тарылмайды тынысым...
Күйкі тірлік қуғандардан емеспін,
Мен - түйсікпін, мен- сезіммін,мен- еспін!
Жалыққанда дүниенің сотынан,
Бақыт жайлы өлең жазып отырам...
* * *
Бәлкім, бұл тағдырдың заңы емес те
шығар?!
Жүректен жүрек қалмады егеске шыдар…
Бақытқа балқып көрмеген басымның
құнын,
Білмеген мынау тірлікке ашындым
бүгін…
Ақын боп ғұмыр кешудің азабын тартып,
Жанымның жасын өлең ғып жазамын
сарқып.
Ғашықпын деген хаттардың демінен
жанып,
Отырып алып оңаша егілем неғып?!
Болар ма екен арман мен мұңдардың
шегі?!
Түсіме енді бітпейтін шыңдардың шебі…
Зарығып өтер ай, жылдар, күндердің
зарын,
Естігім келмей, сөндірдім түндердің
шамын.
Тағдырдың мынау тұтқан
бір шымылдығында,
Көз жасым талай көміліп,тығылды
мұңға…
Тәуекел етіп ысырдым тұншығып барып,
Сыр тұнып қалған көзімнен мұңшылық
тамып…
Мен күтіп келем бақытты шақтарды
нұрлы,
Махаббатпенен гүлдеген бақтар
ғұмырлы!
* * *
Тағдырына үкім айтқан өлеңнің,
Келеді ылғи шуағына бөленгім...
Шын ниетпен махаббатын қарсы алып,
Айтқым келер бар әлемге жар салып:
- Бақыттымын!-десем дәтім жетер шын,
Әттең,дүние... Бекерсің тек бекерсің!
Көздерімнің жарық нұрын бұлдасам,
-Елті болып кет!- дейсің-ау,сырғасы ән?!
Көкжиекке батқан жалын от сынды,
Мен іздеймін бұл қоғамда жоқ шынды...
Іңірлерім қобыз тартып келгенде,
Алтайдағы еске түсер ермен де...
Бардың жоғын, жоқтың барын түгендеп,
Жан дертімді өлең келіп жүр емдеп...
Шаштарыма қалампырды қадап ап,
Қымызды аңсап отырамын адал,ақ...
Аспан маған, мен аспанға тік қарап,
Жапырақтың жиегіне шық тарап...
Өлең болып кетсе екен деп бұл ғалам,
Тілеймін де... Ғарыш жақтан сыр бағам...
Тылсымына батырады кейде шын,
Ғұмырымның сызып сыршыл бейнесін:
Тағдырымның итжейдесі өлеңнен,
Өлеңменен өмір сүріп өлер дем...
Тау мен тастың арасынан көшкен бүр -
Өлең болып өр биікте өскен гүл!
* * *
Періштелер күмістелген қанатын,
Жарқыратып кере қағып ұшқанда.
Іздеп жүрген дүниенің жаннатын,
Сұлу екен құстан да...
Түсімде сол періштенің бірі кеп,
Іле кетті мені аспанға өзімен.
Жерде қалды қырық күндік қылует,
Жүрегімде көз ілген...
Ұшып барам... Алтайыма, ол анық,
Періштенің түйсігіне сенгем-ді.
Асқар Алтай боз мұнарға оранып,
Ұсынады ерменді...
* * *
Аспан деген сағыныштың мекені —
Көздің нұры көкті бойлап өтеді...
Іңкәрліктен арыла алмай ғұмыр-мұң,
Жүрегіме зардың жасын сіңірдің...
Неге менің аласа емес аспаным?!
Дүниеден мүлдем бөлек, басқамын...
Атар таң мен батар күннің бар сыры,
Менің бәлкім, жанарымның жарқылы?!
Жақын келсем, жанып кетер ме екен деп,
Сағыныш жүр аспан жақты мекендеп…
Гүл Зарқұмар