Мұнайдар Балмолда

Мұнайдар Мұқамбетжанұлы 1969 жылы 14 қаңтарда БҚО-ның Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келді. Әдеби ортада, жалпы қоғамда Мұнайдар Балмолда деген аты-жөнмен белгілі.

Мұнайдар Балмолда 2013 жылы «Тіл жанашыры» төсбелгісімен марапатталды. 

2006 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Біраз бағдарламалардың авторы атанды. Ол жасаған: «Біздің көше», «Тарихпен тілдесу», «Бір жол», «Азат ой», «Жеті өнер», «Сіздермен бірге», «Жансарай», «Перне», «Әсерлі әңгіме» бағдарламалары жұртшылыққа өлкеміздің арғы-бергі тарихы мен салт-дәстүрінен, өнері мен мәдениетінен сыр шертіп, таным көкжиегін көтеруге мейлінше үлес қосты.
Кейінгі жылдары Мұнайдар «Алтын бесік» және «Мәңгілік ел» телебағдарламасын жүргізді. Қазіргі күнде «Атамекен» және «Тарихтан тағылым», «Мәртебелі тіл» бағдарламаларын дайындап, жүргізеді. Аталған бағдарламалар туған өлке табиғаты мен тарихын, ондағы еңбек адамдарының өмірі мен қызметін қамтиды.

Бірнеше  әндердің авторы, Димаш Құдайбергеновтың орындауындағы «Махаббат бер, маған тағдыр» әні әлем жұртшылығына таныс.

Өлеңдерін жүрекпен, сезіммен жазатын ақынның бірнеше өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз : 

АҚЫРЫ
 
Ақыры атылатын болыпсың,
атылатын,
Шығарыпты үкімін ақымағым.
Маңғыстау, Бетпақдала, Еділ - Жайық,
Қан сасиды-ау осынау атырабым.
Ет, мүйіз боп қай жаққа сатыласың?
Сол баяғы қытайға асыратын
Шығар дейміз, әйтеуір "киіктер көп",
Деген дабыл осыдан басылатын
Болар, болмас, кім білген құпиясын,
Туып тұр ғой киелім, басыңа күн!
Күз түскенде ғайыпқа сіңсең екен!
Таппай қалсын біріңді өңшең мерген.
Даламның қасиетті жануары-ай,
Көзге түспес жақтарда өрсең екен!
Сөйлейді екен осы күз қару тілі,
Сондай ауыр мен үшін жазу мұны.
Миллиондар қашанда құрбандыққа
Шалынады, қымбат қой бағу құны.
Миллиондар қорқытқан биліктіні,
Бұларда "ату" екен бұйрық түбі!
Қаңтарда қан қақсадық, күзде қандай
Күтіп тұр бұл даланы сыйлық түрі?
Қайтейік,
біздікі осы киік-тағдыр,
Жан-жағымда құтқармас биік тау тұр!
Өсіп-өну бұйырмай өшіп-өлдік,
Кеуделерде жатыр ғой күйіп тандыр!
Құлағыма күмбірлеп күй келеді,
Қара күзде қасапшы сый көреді.
Жез қанат, күміс бауыр киіктер-ай,
Жер жетпей, жүк болдың-ау жүйкедегі.
Ақыры қырылатын болыпсың,
қырылатын,
Түсіндіріп береді ұлыма кім?
Қалай айтам "атыңдар" десе үкімет,
Мен де бір күдірей жон ұлымамын.
Тек атумен шешілген мәселесі,
"Киік қыру" - қаңтардың көшірмесі
Тәрізді елестейді көз алдымда,
Құм Нарында қалардай бір күндері
Киелі киіктердің кесенесі.
Күмбірлеп күй келеді құлағыма,
Бөкеннің әлде адасқан ылағы ма?
Маңырайды "мамалап" жамырайтын,
Енесі жоқ,
Жауап жоқ сұрағыма!
Еділ - Жайық арасы тұрағына,
Күзден соң киік-кие тұрады ма?
"Мамалайды" маңырап бір ақ бөкен,
Әлде сәби қаракөз жылады ма?
Киікті дейді біреу - қытайдікі,
Отыз жыл саясаттың сұм-ай сыры!
Бір анық білетінім - жер менікі!
Жердегі шыбын жаным Құдайдікі!
"Желтоқсан", "Қаңтарыңмен" күйік жерім,
Қан қақсаудан көз ашпай сүйікті елім.
Келе жатсың,
Аман бол,
Көк Бөрілер,
Сені өлімге қимаймын киіктерім!
Маңдайына сөзім жоқ қазағымның,
Сені мен Мен далама сыйып па едім?
 
 
 ҒАШЫҚПЫН
Осынау шақ, бұлтсыз аспан, ашық күн,
Жан сарайды жатсадағы басып мұң.
Әлі бір де ақ дидарын көрмеген,
Білесіз бе, бір сұлуға ғашықпын.
Жаным, қаным өлшеуіндей қасықтың,
Сол бір жарға көрмей, білмей асық тым.
Әлі бір де естімеген дауысын,
Сенесіз бе, мен біреуге ғашықпын.
Онсыз фәни дүниеде ғаріппін,
«М»-дан басталатын сегіз әріппін.
«Махаббат» де, «Мұнайдар» де, бәрібір,
Айта алмаймын, біреуге мен ғашықпын.
Сарайыма сынып түсті жарық шын,
Құдды ішімде бар сияқты алып күн.
Күйіп-жанып, өртенемін өлгенше,
Қорқынышты болмай қалды тамұқ түн.
Ар жағынан күлімсіреп жабықтың,
Мен жайында мәліметке қанықтың.
Сен жайында білгенім аз, жоққа тең,
Бірақ саған екі өмірде ғашықпын.
Күнбағыстай назарыңды бағыппын,
Ажарыңмен жанарымды жағыппын.
Саған деген үшбу өлең хатымды,
Жүрегімнің көз жасымен жазыппын.

ҚЫЗҒАЛДАҚ ҚЫЗ

Болмайды екен дүние жалған бақсыз,
Сәулесіне үміттің жалғанбақпыз!
Сізді көріп көңілім жадырады,
Көріктісі көктемнің қызғалдақ қыз!

Қызғалдақ қыз, ғажайып қызғалдақ қыз!
Қайдан келіп қыратқа қонған бақсыз?!
Қырдың қызыл қырмызы жұпар гүлі,
Сіздей сұлу жақсыны армандаппыз!

Қырмызы гүл көз тартып құлпырасың,
Жан жүрегім, сен неге бұлқынасың?!
Маңдайыңнан иіскейін, тиіспейін,
Сай-сүйегім мейілің сырқырасын.

Қызғалдақ қыз, ғажайып қызғалдақ қыз!
Қайдан келіп қыратқа қонған бақсыз?!
Қырдың қызыл қырмызы жұпар гүлі,
Сіздей сұлу жақсыны армандаппыз!

МАХАББАТ ПЕН МЕЙІРІМ

Өмір өзен ағысы зор иірім,
Адамдардың жұтып жатыр пейілін.
Жанарларға қарай берем жаутаңдап,
Көрем бе деп махаббат пен мейірім.

Құндылықтар құбылды да кей ұғым,
Арзандады, еңкіш тартты иығым.
Жер бетінде қалды ма екен қылаудай,
Мен іздеген махаббат пен мейірім?

Кие алмай тақуалық киімін,
Адастырдық абаданның үйірін.
Тау-тас кезіп іздеп жүрміз таба алмай,
Қайда кетті махаббат пен мейірім?

Тіршіліктің түсіне алмай түйінін,
Аралаймыз қаралай біз қиырын.
Адастырып кеткендей ме шынымен,
Қай жақта жүр махаббат пен мейірім?

Қайыршыдай санап теңге, тиынын,
Қорек қылып қара нанның түйірін.
Қара судан жұтып қойып, өмірім
Өтіп жатыр, салмайды көз қиығын
Мен іздеген махаббат пен мейірім.

Мен іздеген махаббат пен мейірім,
Жоғалған соң жабырқатты жиі мұң.
Лүпілі жоқ тас жүректе тарсыл көп,
Өмір бақи іздеп өтем мейілің.

Күмбірлейді көңілімнің күйі мың,
Көтерілер күн туа ма иығым?
Арып-ашып іздеп жүрмін, көзіңе
Түспеді ме махаббат пен мейірім?

ҚАНДАЙ ТӘТТІ АЗАБЫМ АРҚАЛАҒАН

Сен неткен бақыттысың бақыт құсым?!
Арамызға салса да уақыт күшін.
Айлар, жылдар кедергі емес екен,
Мен сияқты Мәжүнін ғашық үшін.

Махаббаттан мәңгірген бас екенмін,
Жүректен аққан ғазал жас екенмін.
Ләйлісін көрмей сүйген ессіз ғашық,
Сәжде деп ізін сүйген тас екенмін.

Сезімнен сергелдең күй кешіп келем,
Хикаят мол менде ел есітпеген.
Бір Өзіңді мәңгіге сүйіп, күйіп,
Сүйіктілер еліне көшіп кетем!

Қандай тәтті азабым арқалаған,
Сетінеп сөгілмеген, тарқамаған.
Мен бір кебін киіппін пәк сезімнен,
Қажет емес оқалы қамқа маған!
Осы күйім мың артық Жар қалаған!
Шүкір!

МЕН - ӨЛЕҢМІН

Мен - Өлеңмін!
Сарқылмайтын сырмын мен!
Мен - Өлеңмін!
Таусылмайтын жырмын мен!
Мен - Өлеңмін!
Таңсәрімін!
Жарықпын!
Шұғылалы ақ шуақпын!
Сауып нұр,
Дүниеге сөзбен жылу таратам!
Жүрегімнің жанарынан жауһар жыр,
Сендер үшін!
Сендер үшін жауып тұр!
Алыңыздар,
Қалыңыздар алып гүл!
Жұпар шашқан хош иіске елітіп,
Өне бойды сұлулыққа емінтіп,
Жан сарайды сырқатынан сауықтыр!
Мен - Өлеңмін!
Өмірлерге өлеңсіз,
Өңірлердей кеуіп, семіп, сусаған
Төніп,
Қауіп тұр!
Мен - Өлеңмін!
Оқы мені, шуақтан!
Күш-жігер ал,
Қуаттан!
Болмысыңды,
Өр пішінді алып қыл!
Қане!
Туған дала,
Туған ауыл,
Жазық қыр!
Мұқағали өлеңіндей өрлікпен,
Мол мейірім,
Махаббатпен ел күткен!
Жүректерден - жүректерге жетейін,
Баршаңызға тегін қызмет етейін!
Парызымды перзенттік,
Осылай бір өтейін!
Белім буып,
Намыс деген белдікпен!
Керімсалдай самал болып есейін,
Батыс - Шығыс!
Оңтұс - Солтұс ендіктен!
Мен бір Өлең!
Мен Өлеңмін осындай!
Жаным ада,
Кемдіктен!
Менде бары:
Ғашықтық!
Махаббат!
Шапағат!
Және
Шейіт болу -
Ерлікпен!