Ой тамшылары
Қасымда болсаң-дағы, алыстасың,
Қадіріңді білмеген ғаріп-басым.
Көппен бірге жүргесін еленбедің,
Достығымнан кеттің бе жалыққасын.
Ауыз-екі әңгіме ой бұзады,
Жеңіл өсек адамды тойғызады.
Шындық айтқан жандардан қашпау керек,
Солар ғана орныңа қойғызады.
Кей жағдайда болады, өмір-азық,
Қуанышта бөлісер көңіл тасып.
Ақшаң барда үймелеп бал-арадай,
Қиын күнде кетеді сенен қашып.
Дей алмайсың, достардың бәрі жақсы,
Қиналғанда көресің кімнің дос, кімнің қасын.
Виртуальді достарың кейде артық,
Шын өмірде дос болар кейде тосын.
Көңілім құлазулы, жылатпашы.
Сенімді саған деген құлатпашы.
Үз-дағы қыл арқанды ортамыздан,
Досым болып қала бер, сыр ақтаршы.
Деп тұрам...
Көкке биік қалықтаса, көк қыран,
Ешкім оны атпаса екен деп тұрам.
Шықса жүзіп көл бетіне көгілдір,
Суға кетіп батпаса екен деп тұрам.
Ел шетіне келіп жатса бүлікші,
Қырандарым жатпаса екен деп тұрам.
Жыртық-жамау болмай алған киімі,
Аяқтары қатпаса екен деп тұрам.
Адамшылық, қарапайым қасиет,
Барлық адам сақтаса екен деп тұрам.
Қиын жағдай басыңа кеп түскенде,
Бірін-бірі сатпаса екен деп тұрам.
Аламанға алып шығар жүйрікті,
Бабына сай баптаса екен деп тұрам.
Сайыстарға шығып жатса суырылып,
Ел үмітін ақтаса екен деп тұрам.
Қазынасын құрметтеген қазағым,
Бағаланбай қалмаса екен көп мұраң.
Қарашаның жаңбыры
Бұлт астына тығылған,
Көрінбейді күн нұры.
Селт еткізді денемді,
Қарашаның жаңбыры.
Жапырағы түсіп қаратал,
Шешілгендей тағдыры.
Жуып өтті денесін,
Қарашаның жаңбыры.
Тырс-тырс еткен дыбысы,
Қоңыраудың шылдыры.
Әуенімен еліткен,
Қарашаның жаңбыры.
Күрең күзді сездірген,
Сары түсті ой-қырым.
Мұңға баспа денемді,
Қарашаның жаңбыры.