(Әңгіме)

 

     Айдарбек биыл аттай алпысқа келеді. Мына ғұмырда әйтеуір біреуден кем, біреуден ілгері, тағы біреумен қатарлас өмір кешіп жатыр. Әкеден үш айлығында қалды. Анасы екі ұлды жағалыға жалынып, етектіге еленіп жүріп асырап, бақты .Адам қатарына қосты. Айдарбегі кішісі. Шешесі «Айкенжем» деп еміренетіні де сондықтан. Қазір өзі де «ата» атанып отыр. Біреулер айтады «Өткен күнде белгі жоқ» деп. Айдарбек бұл қағидаға келіспейді. Өйткені артына қараса сайрап жатыр сол күндер...

Сәуірде 18 ге толатын кез еді әскер қатарына шақырылды. "Қарастық адамы жоқ,ала қоймайды" деген ауылсәбет анасына.Бірақ әскери комиссияға Айдарбек өтірікті шындай,шынды құдай ұрғандай қылды."Екі жыл екі күндей болмайды.Әскерге барсаң өмір көресің.Нағыз жігіт болып ораласың"дегендер көп болды.Шашын сыпыртып ауылға оралды.Анасы оны құшақтап егілді.Алысқа шығып көрмеген кенжесін қимады.Ауылдың кемпірлері «Не соғысқа кетіп бара жатыр ма еді,құдай-ай соғанда?» деп еріндерін сылп еткізіп бір қойды.

...Топырлатып пойызға мінгізді,әскери тәртіппен. Мәскеуді бетке алған көгенкөздер шықпай жатып, «Оренбурск» деген қаладан бастап, хат жазды үйлеріне. Ол "Алтыннан ардақты, күмістен салмақты" деп басталып еді, әдеттегідей. Көккөздер жолай пойыздағы суды жаптырып тастады ,жол серіктерге. Сөйтсе бұл да бір ақша жасаудың әдісі екен. Қаталағандар қалтасын қақтырды. Қойын қонышына ,жасырған тиын тебендерінің тігісін сөкті, амал жоқ. Суды әр тоқтаған жерден «сатып» алатындар сол көккөздердің өз шабармандары. Майлы қасықтай орысша тіл білетін қала шүлдірлектерінің наны  жүрді. "Ыржанайы" көтерілді. Пойызда «староста» болды, қарына қызыл байлап, белсенді болды. Ауыл қазақтарының сөйтіп аузын ысты, іші баурына кіріп. Бір жапырақ нан мен бір шөлмек судың бағасын өздері"бекітті" Ал сыра мен араққа  үйірлер болса да екі қолды мұрынға тығып, бірінің жеп ішкеніне бір мөлиді, ақыры...

Мәскеуден түсті, топырлап,кілең қазақ баласы.Тоғытқан қойдай Қазан вокзалының залына шоғырланды. Аты жөндерін айтып хабарлап жатқан радиоға құлақ түрді. Аты аталғандар «сатып»алушылардың бұйрығымен сапқа тұрып жатты .Айдарбек те өзге қара домалақтармен бірге «Реутов »деген қалаға келді,тиеліп. Моншаға түсірді .Әскери киім берді. Сапқа тұрып, асқа барды. Пойыздағы қатарластары «инкубатор»дың балапандары секілді, әскери форма кигесін бірін- бірі ажыратудан қалды. Қайта танысып қыран топан күлген еді, сонда .Әсіресе көрші ауылдасы ұзын тұра  Бақытжанды ажырату мүмкін болмағаны қызық боды. Пилоткасын баса киген ол құдды бір пленге түскен кинодағы «штарбатты» еске түсіргендей-тін.

«Карантыннен»өтті ай бойы ."Сол аяқ пен оң аяқ" соры болды ауыл баларының. "Раз, двадан"шатасып қалып,шалқасынан түсетін кезде аз болмады. "Подьем"мен "Одвой"болса да басқа бәле төндірді.45 секунтта киініп үлгермеген түн қатып еден жуды,әжетхананы тіс шөткісімен тазалап,картоп аршыды.Міне әскердің тәртібі осындай ғой,тегінде."Карантиннің"қатты болғанына қарағанда шекарашы не атқыш,әлде бір құпия әскери бөлімдерге жібереді.Автомат ұстап,ел қорғаны болатындықтарын ойлады. Қарумен сүйікті жандарына суретке түсіп,хат жазғанның өзі неге тұрады? Көздерін жұмса күлімдеп тұратын  анасына Айдарбек те автоматты асынып, суретке түссе несі бар?Ұлының Отан қорғап,айбынды әскер қатарында жүргенін анасы мақтан тұтады,көзіне жас алып, ауылдағы құрбыларына көрсетіп?!

Бірақ бірі де олар ойлағандай болмады. Бір айғы «сүргін»аяқталысымен,қара домалақ біткеннің бәрін құрлыс бөлімшелеріне тоғытты. Қолдарына күрек ұстатты. Мәскеуді көркейту үшін қара жұмысқа жегілді.Үй салды, кірпіш өрді, сылақ сылады, бояушы болды, бетон құйды. Алғашқы кезде ашқұрсақ болғандар жарты жыл бойы үйрене алмады, үйдегісіне .Қойнына нан тыққандардың, бүкіл саптың алдында абыройлары айрандай төгілген күндер де аз болмады. Өткінші екен бәрі де кейін бұғақтары салбырап, қаралары аппақ болды. «Аппақ қойдың»етін жеп.

Екі жыл өтті, сағындырған ауылды. «Дембл»болды. Қайтар жолға қомақты ақша жиналыпты, есептескенде. Күрек ұстағандардың дені, әскери киімдеріне  жылтырақ біткені жапсырып бар сылдырақты тағынып алыпты, қайтарда. Хром етіктері сықырлап, зерленген шендер "сержанттан" төмені жоқ  Құдая, сақтағай! Екі жыл бойы шұқыр қазып, кірпіш қалап, сылақ сылағандар емес, Қазақстанды бетке алып әскерден қайтқан көгенкөздің бәрі әскери акедемияда қызмет жасағандай, құдды бір! Сапырып келеді ішіп жеп, ішінде анасының «айкенжесі»Айдарбек бар.....

Мінген пойыз Саратов деген жерге келіп тоқтады. Жарты сағат  тұрады екен. Бәрі перрон жағалап кетті. Айдарбек те  жүр арасында,олардың .Кенет бір көз қадалсын кеп.Ту сырттан. Уылжып тұр, орыстың сары шашты бір қызы оған қарап. Ет бауыры елжіреп кетті, мұның да, бұрын соңды жат сезім еркін билеп.Тоқ ұрғандай денесін,тілі аузына симай барады,Айдарбектің.Кенет «Тәйт!» деді өз- өзінен шошынып, «Бір танысына ұқсатты ма, екен,мына қыз?»деді,алғашқы сезіміне су бүркіп.Олай жүрді, былай жүрді.Дүңгіршіктерге бас сұғып.Бір кезде әлгі сарының сұлуы «Солдат можно?»демесі бар ма?.Шақырып тұр өзіне. Жақындады жәйменен.Отты леп есіп тұр ол жақтан, әдемі иіс судің иісі онан әрі арбап бара жатқандай, дізесі- дізесіне тимей қалтырап кетті Айбарбектің!Оның ымдаған жағына қарай жүре берді,шарасыз.

Сол маңдағы шеткі орындыққа жайғасқан қыз жел қаққан балапан шашын самайынан құлағына қыстырды да сәл күмілжіп әңгімесін бастап кетті,жәйменен.

-Сен мені кешір.Жаман ойлап қалма.Маған сенің көмегің керек болып тұр,ауадай.Өмір мен өлім арпалысып тұр,менің жанымда.Уақыт аз,айтайын саған сырымды. Есімім менің Наташа. Ата анамның әлпештеген жалғызы едім, көз қуанышы едім, жаныма менің құрт түсті. Сол құрт жегідей жеп қайғымды қалыңдатып,әскерилердің жер- жерден еліне оралатын осындай науқан кезде вокзал жағалатып қойды, мен бейбаққа. Бүгін сені көріп алданған албырттығымның өтеуін көргендей болдым.Өзбек еді оның ұлты..Осында әскер қатарында болды. Ол маған өлердей, ынтық, мен оған өлердей ғашық болдым, сөз жетпейді, айтарға.Соңғы жылы жиі кездестік. Ол еліне қайтты. Ата- анасының ұлықсатын алып, қайта келетін болып, уағда етті. Бірақ сол кеткеннен хабарсыз жоғалды із -түзсіз. Мықтап алданғанымды кейін  білдім, мен сорлы. Аяғым ауыр еді, онан.Ұяттан өлтірдім ата-анамды. Әкем осындағы экспедициялық ғылыми зерттеу мекемесінің бас директоры, анам дәрігер өңірге сыйлы адамдар танымал. Оларды мен алдадым. Ол әскери қызметте. Бітіргесін келеді, сіздердің алдарыңыздан өтіп, ата -анасымен бәріміз бірге  тойымызды жасаймыз дедім.Ұлды болдым, аты Вова, бір жаста.Сен соның өзісің міне,қара әскери суретке деді, көзінен жасы домалап түскен Наташа.

-Мен сені үйге сол деп ерітіп апарайын. Бірнеше күн бол, қайтарға билетіңмен қоса қомақты қаржы беремін қолыңа. Жинап жүрген ақшам бар. Тек менің осы өтінішімді орында. Мен сосын сенімен бірге кеткен болып, пойызға мінемін. Сосын келесі станциядан түсіп, қалып БАМ-ға кетпекшімін. Құрбыларым сол жаққа жолдамамен кетіп еді, соларға барамын. Әке-шешемді уайымдатпай, көзімді жоғалтсам деген жоспар бұл. Ал балаға онсыз да бауыр басып қалды, өздері де. Мәселе анық шешілгенше алданыш қыла тұрады. Мені олар өліп қалғанда жалғыз жібермейді, сондықтан сен оларға «күйеу»бала болып мені ерітіп кетесің. Бітті сосын, мені өз- өзіне қол салып өлмесін десең осы өтінішімді орында деп ағыл- тегілі шықты бейбақтың.

Арбалды мықтап Айдарбек. Сенбесіне қалмай амалы. Буырқанған бір сезімдердің жетегіне кетті, сол жерде. Жастық па, жат жерде, танымайтын бір «жезөкшенің»сөзіне еріп, өліп кетсем не болады? дегізбеді, мастық шақ.Қайта көп жігіттің арманы болатын мұндай арудың көңілі өзіне құлағанына мәз, мәртебесі биік болмай ма, бір қора мына жолдас-жораларының алдында? Вагонына қызды  ерітіп барды да " Жігіттер мен қалатын болдым" деді оқыстан. Абдырып қалды достары «Ауышсың ба, аурусың ба, нақұрыс» деп шу етті. Санаулы секунттардан соң, орнынан қозғалып кетті пойызы. Шабаданын шала жинастырып жүріп, алақ -жұлақ етіп қала берді ол, бейтаныс қызбен беймәлім бір қалада....

-Сенің атың Ашур.Өзбекстанның Наманған облысынан.Қошқар ата совхозы. Әкең жеміс-жидек совхозының директоры, Мамаң мұғалім.Үш ағайындысың, екеуі қыз.Артық ауыз сөз айтпа,сұрақтарына ғана жауап бер.Маған «ынтыға»қарауыңа ұлықсат, сырт көзге сездірме.Жатын орнымыз бір, бірақ оқыс нәрсеге жол жоқ .Бірнеше күн,шыдам танытып, сабырлы болуымыз керек, күдіктеніп қалмаудың бар жағадайын жасауымыз керек. Ашур.Сенің аты жөнің маған маңызды емес. Қайтарда қалаған сомаңды айт, тауып беремін Бүгін пойыздан түседі дегенмін сені.Құдай аузыма салды ма,тілегім қабыл етті,жасаған!Папам іссапарда.Мамам көрші көлеммен таным тамырларын да шақырып қойған-тын.Сол ғой саған «өлім мен өмір арпалысып тұр,бүгін» дегенім деп Наташа барлық жағдайды пісенттеумен келеді,жолай.

Үлкен көк калеткалы үйге келді,таксимен.Аулада адамдардың қарасы баршылық.Музыка үні шығады, әлде қайдан.Ауқатты үй иесі пысық екені, мұнтаздай гүлзарлы ауладан-ақ белгілі болып тұр.Шарбақ ішіндегі көкалға «П»әрпіне ұқсаған үстелге дастархан жайылған.Зыр қағып жүр біреулер. Бұларды көре сала бірнеше әйел мен еркек қарсы жүрді. Қолында нан мен тұз.Гармондатқан екеуі, "частускасын" айтып қалғаны. Келісті екен, келбетті екен шешесі. Құшақ жайды «күйеуге» маңдайынан бір иіскеп. Арқа жарқа бәрі мәз.Қызыға қарап бұларға «Поздравлаем!» деп жатыр. Қауқалаған қауым бұларды, алды артына қаратпай, дастархан басынан бір-ақ шығарды. Арты «Горька!» деген ызы шуға ұласты. Айдарбектен ерік кетті, алаңсыз. Наташаның көзіне көзі түсті, абдырып. Ол бұған илігім, жабысты келіп ерніне. Есінен ауған деген осы ма, тұманданып кетті жан жағы, екі құлағы шыңылдап, тұншығып бара жатқандай. Ішіп жеп жатыр жан жағы, ақ кептердей жаудырып, аппақ тілекті. Біреуін ұқса, екіншісін түсінбей, екі құлағы екі езуінде «күйеудің!»Былш -былш бояу еріндер келіп сүйеді, құттықтап жатыр екеуін. Төлегендей бұйра шашты қияқ мұртты қазақтың сұлу жігітіне тәнті барлығы .Қызғанғандай қарайды  Наташаға құрбысы, "бұл не деген бақыт!" деп. "Ішің күйсе тұж жала,там төбеден домала" дегендей Айбарбектің «қалыңдығы»да оған көзінің астымен наздана қарап қояды .Кезінде ортаға өсек жүгіртіп, "Қайдағы бір керзіби етіктіден екі қабат болып қалыпты" деп, ел жағалап айтып шыққанда осы еді,отырсын енді,оттай жанып өзегі!

-Во,папа пришел! деді бір кезде бала  құшақтаған бір қатын. Ұйқысын есіней ашқан баланы, мұның қолына ұстатып .Дір етті оның «әкесі» белгісіз күйге бөленіп, тұла бойы дірілдеп. «Вованы» қайдан білмесін,құлағына құйды емес пе,Наташасы бағана .Еміренді амал жоқ, сәбиді иіскеп Айдарбек.  «Астапыралла»деді ішінен, кою қара көзіне қарап, баланың. Шашы да қара қошқылдай, күн қақтаған келбеті, сарысынан қоңыры басым, Вованың! Жымияды тағы да  екі тұқылын көрсетіп.Тіс жарып келе жатқандай. Жұлмалап жатыр қолымен  тағынған оның темірлерін тартқылап.

Ішкен жеген бәрі де әуелетіп ән айтты, ақ тілектер самғады аулаға сыймай көкалды.Той тарқады, осылай,қызарып барып батты күн.Үйге кірді отбасы. Қызмет қылған әйелдер ыдыс- аяқ жуып жүр. Айдарбек болса, амалсыз Вовамен әуре, алысып. Бейкүнә сәби мәз- мейрам.

Азапты көрді,бозбала тар төсекке таңылып.Теріс қарап жатуға Наташа тағы көнбейді .Сезіп қалмасын деп анасы, "енесі де»"байқатпай тың -тыңдайтын секілді, немересі қасында. Арпалыспен өтті бұл бір түн.Нәпсісін зорға ұстанған.Амалы қанша, уағда солай келіскен, Наташаға да оңай ма? Отты лебіне өзі күйіп жатқандай.

Қабағына қарайды,ертеңгісін байғұс ана емес пе?.Түртіп қалды «күйеуін» күлім деп отыр дегендей, Наташа қызда байқатпай."Шаршап келді жол соғып"деді тағы да "Неге көңілсіз?"деген сауалға.

«Атасы»келді,түс ауа.Шабармандары қасында,«қызулау»екен бәрі де. Астарында шетелдік атпал көліктер. Құшақ жайды ол кісі. «Неужели он обманул? деп ойлап ем, наконец!» деп қасқа. Көзінде оның қуаныш,жалғыз қыздың жолында құрбан болар кейіп бар.

Ертесіне барлығы табиғатқа шықты, дем алып. Балық аулап,кәуеп пісірді, жігіттер. Риза болды, ұжымы бастығын көріп қуанған .Оңай ма, жалғыз қызының тағдыры,жүдеп жадап жүретін басқа түсіп,уайым.

-Өмір қандай тамаша! Ашур балам,бақытты ет қызымды-деді ол бұған.Ризамын сендерге, немерем болсын азамат! -деп тілек айтты ол тұрып.Айналасы қаумалап"Құтты болсын!"-деп жатыр, жамырасып, жарықтық!Айдарбек те ес қалмай,ыржаң -ыржаң етеді.Өйткені ол шынымен Ашурдың өміріне мықтап еніп кеткенін өзі де қасқа білмеді.Білгісі де келмеді.

-Ойларың қандай, ендігі? -деді үйге келгесін «атасы»

-Мен Наташамен еліме барып келсем. Ата -анам тойға дайындалады.Сосын сіздерге хабар беріп ,күтіп аламыз деген жоспар бар "Отец"  деді «Ашуржан» Бұл әкесінен үш айлығында жетім  қалған «әке»деген сөзді өмірінде айтып көрмеген алдамшы  Айдарбек екенін қайдан білсін пақырлар? Еміреніп отыр, егіліп;

-Ата -анаң сіздердің діндеріңе сай қарсы болмас па екен?- деген сауалын да жасырған жоқ , ол кісі

-Папа бәрі де шешілген, келіскен Ашур. Біз барып қайтамыз, Вова маманың қасында алданыш бола тұрсын. Біз бәріміз шамалы уақыттан кейін қайта бас қосамыз,тойға келесіздер. Ал ертең бізді еш қайсыларың шығарып салып әуре болмаңыздар. Біз Ашур екеуміз жолға шығамыз,билет алдын ала алынды.Ашурлардың қағидасында «шығарып салған» жақсы ырым емес. Сондықтан өзіміз кете береміз, шетелге асып бара жатқанымыз жоқ, мына тұрған Ташкент қой деп нүктені қызы бір-ақ қойды

Саратовтың вокзалы.Сол күнгі кездескен орындықта екеу отыр,үнсіз,өз ойларымен өздері іштей арпалысып.Екеуі екі пойызға екі бағытқа қарай билет алған.Айдарбектен кейін10 минут арасы,пойызының.

-Досым деді бір кезде Наташа әлсіз дауыспен.Саған мың да бір рахмет.Қайда жүрсең де аман, бақытты бол! Мен сені өле- өлгенше естен шығармаймын, жақсылығың тек  Құдайдан қайтсын! Айдарбек болса тілін жұтып қойғандай. Жан дүниесі әлем-жәлем. Қалтыраған қолымен оның нәзік саусақтарын сипалай берді. Көз алдына бейшара ақ көңіл аңғал ата-анасы, екі тұқыл тісін көрсете күлген, бейкүнә сәби келді.Ана алаяқ Ашур қазір қолына түссе буындырып өлтірердей ернін тістеп кіжінді. Аузына жылымшы бір дәм келді,  ернін қыршып алыпты.

-Ой, кровь! Наташа дереу қалтасынан орамалын суырып алып, оның ернін сүртті. Екінші жолға келіп тоқтады, пойызы .Бірінші жолға Наташа мінетін пойыздың да  келетіндігін хабарлап жатты. Екі тағдыр, екі жаққа қарай бірін бір қимай аттанады қазір.Терезеден сыртқа қараған екеуі де сосын пойыз қозғалысымен бір кезде ағыл- тегіл жылайтынын кім білген?  «Өткен күнде неге белгі болмасын, бар белгі»  деп күң етті ол,осы бір оқиға есіне қайта оралғанда....

 

Жеткер Жүсіп