Құралай Сейсенбекқызы
Өмір хикаялары
Жолдасыма желідегі жазбаларды оқытпаймын. Біртүрлі сияқты. Соткасымен инетке кіріп: -Қазір сені тауып оқимын,- деп оңаша кеткен. Сәлден соң апыл-ғұпыл жүгіріп келіп:
-Мыналарың кім?,- дейді көз шарасынан шығып. -Өңшең еркектердің ортасында жетісіп тұр ғой, әкең...,- дейді
-Не болды?,- деп соткасына үңілсем
-Не болушы еді?! Сейсенбекқызы Құралай деп жазып, іздеп таптым! Енді тұрсың ғой міне поискта өңшең "Сейсенбеков" деген еркектердің ортасында,- деп қояды.
Қайдан білсін, менің фамилиямды терсе, тек менің фамилияммен аттастардың атып шығатынын...
Ауылдағы әулетім де желіден дымбілмес. Мен мақала жазып отырғанда әкем ноутбугымды айналшықтап жүрген. Микрософт парақшамды ашық қалдырған күйі шұғыл сыртқа шығып, қайтып келсем ноутбуктың экраны тұнып қалыпты. Мыңдаған түрлі парақшалар. МЕн білмейтін программалардың неше атасын аңқайтып ашып алып, шығуды білмеген соң әр кнопкасын баса берген ғой. Сөйтіп өзі тайып тұрыпты. Сол кеткеннен кешкісін бір-ақ көрінді. Ноутымды бұзып кеттім деп ойлаған ғой...
Ал кеше ауылдағы соңымнан ерген қарам хабарласып:
-Мен феисбукты тауып алдым ғой. Кірдім. Саған достық жібердім,- дейді.
Қуана қабылдап, "Сәлем Нұржан" деп жазып қойдым. Сәлден соң ол қайта звондап :
-Сен маған "Сәлем, Нұржан "деп жазыпсың ғой ия?! Күшті!,- деді.
-Ия, сол жекемен сөйлесіп тұрсақ болады,- дегем.
Ертесі тағы үйренсін деген оймен: "Сәлем Нұржан! Балапандарым қалай?" деп жазып жіберсем, звондап тұр:
-Сен маған "Сәлем Нұржан. Балапандарым қалай" деп жазыпсың ғой ия,- дейді.
-Ия! Енді сен де чатта жауап бер. Сол мен жазған жер жеке чат деп аталады,- деп түсіндірдім.
Бүгін: "Нурик" деп жазып жіберсем,
-Ау,- деп звондап тұр ғой
Ауылдың адамдарын сондай жақсы көрем ғой!!! Оқып отырсаң ұрыспашы ия, Нурик! Инет білмейтін интеллигенттерім менің.
ДИВАН
Сый-сияпатын жүктеген көлік 5 мөлтекаудандағы жатақхана алдына тоқтады. Аз қамтылған отбасылар үшін жиналған жүкті ағытып, жая бастадық.
Жан даусы шығып, әр нәрсеге жабысқан әйелге әлдекім: "Ұялмайсың ба? Зейнеттесің! Бала-шағаңның табысы бар! Өзің саудамен айналысасың. Ары тұр, жағдайы жоқтарға бер!" деді. Әйел ескерту жасаған кісіні ызалана балағаттап, жүкті үсті-үстіне тінтіп, ұнағанын өзгелерден өштесе тартып алып жатты...
...Үйілген жүктің арасынан орындық домалап түсті. Он жас шамасындағы қыз қолына жинаған киімдерін тастай салып, орындықтың аяғынан ұстай алды. Анадайда тұрған толық әйел де жүгіріп келіп, орындықтың екінші аяғына шап берді. Қыз да жібермеді. Әйел қыздың қолын жұдырықтап жатыр. Қыз әжесіндей әйелдің басынан теуіп жіберді де, ағаш орындықты көтеріп, үйіне кетті...
...Таяғына сүйенген әжей қасыма келіп, шеткері үйді көрсетіп: "Анда анасынан айырылған балалар тұрады. Киер киім, ішер ашқа зәру" деді. Сол сәт көліктен енді түсіріліп жатқан жаңа әрі жұмсақ диванға көзім түсті. Жүк көтерген жігіттерге диванды соңымнан алып жүрулерін өтіндім. Бір құшақ киім кешекті құшақтап әлгі үйді бетке алдық. Бесінші қабатта тұрады екен. Диванды әупіріммен әзер шығардық. Есігін ұрдым. Шашы қобдырап, сақал мұрты иегіне түскен ер адам есікті ашты. Мән-жайды түсінген соң, түссіз жанары үлкейіп, қуаныштан жүрегі жарылардай мәз болып, қолын шапалақтай берді.
Біз ішке өттік. Бір ғана бөлмеде бес баласымен тұратын әкей ішімдікке салынған сияқты. Үй ішінде дүние атаулыдан көне палас қана бар. Паласқа төселген дастарханның үстінде шай ішіп отырған 10 жас шамасындағы бала бізді көріп, орнынан атып тұрды. Ақ дастарханның үстіне туралған бөлке наннан өзге ештеңе жоқ. Ішер асы қара су мен қара нан ғана болған қара балаға әкесі:" Жина! Диванды кіргізсін!" деп бұйырды.
Бала тұрған орнынан қозғалмады. Көздері шатынап, маған алара қарады. Жүрегім езіліп, құшағыма алмақ ниетте қолымды созғаным сол, кеудемнен итеріп жіберді де: "Сендерді кім шақырды?! Кетіңдер! Мен қайыршы емеспін!" деді. Өзі солқылдай жылап: "Мама, маматайым-ай" деп жер тепкіледі...
Біз диванды далаға лақтырып кеттік.
Сол намысшыл баланың үні еміс-еміс құлағыма келеді..