(повесть)

Төлеуов Заман Самалбекұлы

Жалғасы...

Енді міне екінші қызды да тұрмысқа аттандырды. Бұл үлкеніне қарағанда азды-көпті ақылы бар сияқты. Және бұл жолғы құдалық терезесі тең адамдармен жасалысты. Сондықтан әлеуметтік алалау тәрізді одағайлыққа орын жоқ. Төсек-орыннан бөлек, бұл қыздарына да көлік мінгізді. Оның қалауы Range Rover-ге түсті.

Тегі, екі қыз да шетелден білім алды. Тек, бір әттенайы, мамандықты игеру-игермеу туралы бұл ортада әңгіме қозғау өрескелдік десе де болады. Себебі, жалақымен күн көру деген түсініктен бұлар ада. Білімнен гөрі мәртебелі оқу орындарының қатырма қағаздарын иелену маңызды. Ілім-білім тоқымақ түгілі бір ауыз сөзді мағына, мәнерімен ешқандай тілде жарытып айта алмайтын мақаулар жаратылды. Жалғыз бұлар емес, осы сияқты бір-бірінен аумайтын бір толқын пайда болды. Оларға білім де басқа да рухани құндылықтар маңызды емес. Барлығын шешетін ақша деген құдірет болса жетеді. Бірақ, сол «құдіретті» өкінішке орай, өздері таба алмайтынын олар ойламайтын сыңайлы...

Сосынғы бір ғажап: Айман ханым мен Еркін мырзаның қыздары ата-анасының туыстарын жат көрмек түгілі - оларды адам деп санаудан алшақ. Менсінбеушілік, паң көзқарас. Қашанда алақандарын жайып сұранудан басқаны білмейтін сорлы біреулер сияқты елестетеді, ол туыстарды... 

Арнайы түсіндірмесе, өз бетіңше ұқпайтын бір қарым-қатынас орнаған бұл отбасы төңірегінде. Еркін мырза елдің көзінше күйеу мен әке рөлін ойнайды. Айман ханым жарасымды жар мен ана, қыздары бақыттан жарқылдайды. Ал іс жүзінде тек жасандылық қана. Бұны өздері ғана емес, сырт көз де сезеді. Бірақ оны даттап, мінеп жатқан ешкім жоқ. Осылай болуы тиіс. Осы ортадағы баршаға тән шартты өмір. Бұл - өз еріктерінен тыс, әдейі тілеп қамалған бір қапас сынды. Бұл жай ғана қапас емес. Өте ғажап, не ішем, не кием демейтін жұмақ тәрізді – қапас. Оның ішінде ғаламат құстар сайрайды. Тілдерінен бал тамады, ал бүгілген тырнақ секілді жасырын ниеттерінен аяусыздық пен аярлық сорғалайды...

 

Еркін мырза бұлай көсіліп екі мен бірдің алдында сөйлей бермейді. Сержан оның қарулас және курстас досы. Қала берді қоластындағы қызметкері. Бұны асырап отырмын деуге де Еркін мырзаның құқы бар. Себебі, өзгелер ала алмайтын айлық тек, осы Сержанға ғана тағайындалған. Рас. Сержан да сол үміт пен сенімді адал ақтап келеді. Оған басты себеп ертең аш-жалаңаш қалам-ау деген үрей емес, Ауғанның тастарын пана етіп, төсеніш қылған ауыр күндер еді. Кейде адам қаншалықты жаман былық-шылыққа батып жүрсе де арғы бір түкпірінде бір тал асыл тастай адалдықтың да нышаны қалатын сияқты. Сондай сезім Еркін мырзаның бойында да сақталған. Жеме-жемге келгенде өзі үйірсектеп және бұны айналсоқтаған қалталы-қалтасыздарды осы жолдастары үшін тәрк етуге даяр екеніне ол күмәнсіз. Өйткені жаны жабығып, қиналған сәттерде Еркін мырза өзгелерді іздемей, осылардың бірін тауып шер тарқатады. Тек осылардың қатарында болғанда ғана ол өзін еркін де ер азамат сезінеді. Басқа кездің барлығында ол бір бөгделердің ортасындағы қонақ сынды қабылдайды өзін. Бұл жүріс-тұрыс пен жәйсіз күй уақытшадай көрінеді. Тіпті, осы жиған-тергеннің өзі бұған еш қатысы жоқ дүние іспетті де... Байлық дегеннің не екенін жан тәнімен түйсінген шақта оның адамға әкелетіні ләззат емес, мәңгілік абыржу екенін ұқты. Ұстараның жүзінде жүргендей күнделікті күй кешу оңай-оспақ шаруа емес. Сосын соңғы кезде оны бір алабөтен күй баурады, баурады дегеннен гөрі кеудесін удай ашытып, есік-терезесі ашылып қалған үйдей азынататын болды.

«Мен падишахпын! Сондықтан менің қалауыма шек те шәк те қоюға болмайды!» деп ол масаң тартқан кезде қарулас достары арасында кеудесін соғатын. Солай дерін деседе бір сенімсіздік бүйірден түртіп өтетін. Дүниенің молдығы қол ұзартқанмен оның да мүмкіндігі шектеулі екенін тек басына келген адам ғана біледі. Себебі, дүниенің келу жолы мен жинақталуын жіті парықтап, оған сәт сайын ие екендігіңді дәлелдеу қажет. Көзіңнің қағылған кірпігі де тегін қағылуы тиіс емес. Алла айтқан екен дейді: «Өзімде ештеңе жоқ, берсем біреуден жұлып берем» деп. Еркін мырза мен осы сияқтылар Алладан сұрап ештеңе алмаған сияқты ойлайды. Өздері маңдай термен тапты. Иә, маңдайдан тер де қан да ақты. Сол не көрмеген маңдайлары жер болып, жер де иіскеді. Аса ғанибет қажырлылықтың арқасында қырқ бүгілген белі сынбай небір сындардан өтті. Сырт келбеті сымбат пен сырбаздыққа бөленсе, ішкі дүниесі өшпенділік пен кектен тоттанды. Төңіректің барлығы жау. Тосқауыл құрған қатер. Бейнебір, әлдекімдерге тиесілі нәсіпті қолды ғып кеткен баукеспеге ұқсатады өзін әрекідік. Соның сұраушылары бұны қалт етпей соңынан аңдып жүрген тәрізді.

-         Батча, саған қызығамын! – деді ол көзін сығырайта қарап. Сосын

төңірегіне мұқият зер салды да аса бір мұңлы дауыспен сөзін жалғады. 

-         Есіңдеме дұшмандардың жаудырған оғынан жер мен жер болып

қабысып, олардың қорғасындарын кіршілдетіп денемізге қадағанымыз... Жауды көздеп жайратудан өзге ешқандай асыл ой келмеуші еді басымызға. Олардың беріліңдер деген ұсынысына тек АКС-74-міздің соңғы патроны мен қалтамыздағы өзімізге арнаған соңғы граната қалғанша шайқастық қой. Сол сұрапылдан да жырым-жырым, қызыл қан болып аман шығып келіп, «Сендерді ол жаққа біз жіберген жоқпыз!» деген сөзді де естідік...

-         Бәрі есімде. Әсіресе, Пакистан бағытындағы Панжер алмасты

аңғарының шыға берісін бүркеп, Барқандай сайында тұрған кезді ұмытар емеспін. Сондағы күйіміз кісі шошырлық еді... Құрттап, биттеп кетіп едік қой. Жаңадан келген командир жағасын ұстады-ау! Бір-екі күннің ішінде қолдан монша құрастыртып, түгелімізді мұнтаздай етіп жуынтып еді.

-         Дұшманнан бетер қорыққанымыз бар еді ғой...  Жеркепеден қалай

атып шыққанымыз есіңде ме? Түн жарымында құлақ түбінен ысылдаған дыбыстан оянып кеткем. Қолшамды жағып қарасам төбеден жылан салбырап тұр. Мен аттан салғанда зу-зу етіп, даладан бір-ақ шықтық қой! «Эргэдэшкіні» сен жеркепе ішіне тастай салдың. Түтін сейілген соң қарасақ, қырқ бөлек болып жатқан кобраны көрдік. Ол неме осы уақытқа дейін бізбен бірге тұрыпты!..

-         Иә, бәрі есімде, ертеңінде бір күн жеркепені ретке келтіріп,

тазаладық...

-         Кейде ойлаймын... Жаратушы, сірә бізді баладай алдарқатып, «мәңгілік

өмір» силадым дейтін сияқты. Немесе, осы өмірдің өзі күнделікті ойын ба... Оған қатысқан да қатыспаған да Jackpot алуға үміткер. Сол Jackpot-ты алса болды, сонымен бірге бақыт та ілесе келетіндей көреді. Сен де солай ойлайсың ба?

-         Меніңше, түксіз бақытсыз болғанша - Jackpot пен бақытсыз болу әдеуір

қызықты секілді...

-         Бұл ойың да көңілге қонымды... Тек Jackpot-тың өте сирек түсетінін

ұмытпау керек. Және оның да өз таңдауы бар. Егер маған түскен Jackpot саған бұйырса не істер едің?

-         ???!!!...

-         Солай! Сен ойыншы емессің, сен жай армандаушысың, сондықтан

саған Jackpot түссе тек бақытсыздық қана әкеледі. Себебі, сен өзіңді әу бастан жолым болмаған адаммын деп санағансың. Jackpot ондайды ұнатпайды. Ол асау мінезді жылқы немесе әйел сынды. Тәк-тәкті ғана сүйеді. Солай достым!.. 

 

Қымбат Porsche Cayenne үш қабатты Barokko стиліндегі қымбат үйдің ауласына ысылдап кірді. Айман ханым өз бетінше көліктен шыға алмады. Бір-екі рет алдыға ұмсынып еді, онысы нәтиже бермеді. Жүргізуші қолтығынан қаусыра ұстап,  сүйреп шығарғандай күй кешті. Айман ханым өзін бір сәтке ерке бала сияқты сезініп, Манаптың құшағында жорта былқ-сылқ етті. Сосын есін кілт жиып, бойын тіктеп ұстап, аракідік қана теңселе үйіне беттеді. Есік көзіне дейін бірге еріп келген жүргізушіге: - Қайта бер! – деп қатқыл бұйырды да ішке енді. Хан сарайындай ғажап үйдің сыртқы сымбаты мен ішіндегі Versace-нің көз тұндырар таңдаулы жихаздары бұған күш-қуат беріп, өзінің әлдекімдер сияқты қарапайым пенде еместігін аңғартты. Ол – ханым! Жатын бөлмесіне теңселмей жетіп, сырт киімдерін ғана шешуге шамасы келді. Швейцарияның  элиталық Schlossberg көрпе-жастығына  жата кетті, етпеттей. Иә, ол ханым екені рас. Бірақ, бір өкініштісі - оны тек төркіні ғана шынайы пір тұтып бастарына көтереді. Ал араласатын құрбылары көзінше тамсанып, сыртынан шылбыр ескендей бұны сан-саққа салып сөз етеді. Бүгінгі той кеші кереметтей өтті. Бірақ көңілі толық тояттамады. Еркін мырзаның заңды әйелі бола тұрып, аса таңдаулылар дастарханына жолай алмады. Жай пенденің басы айналатын қуаныш бұған аз көрінді. Өзін нағыз ханым ретінде бағалауын қанша қаласа да сол тілегі әлденеге сүріне береді. Кемшілігім қай жерде деп ойланып көрмепті, бір ғажабы. Барлығы да ойдағыдай деген сенім оны елмен ерегістірді. Кінәлі-кінәсіз бағыныштыларына тізе батыру осындай торыққан сәттерінде сүйсіністі ғадетке айналды. Сол тәтті сәттің боларына іштей қуанып, таңның тезірек атуын қалап жатып, ойы басқа арнаға ауысты.

«Неге жалғыз жатырмын!?» деп ол жастығын жұмарлап төсіне басты. «Кәусап тұрған кәрі болсам өкінбес едім, неге мені өксітесің Аллам-ау!? Қай жерден көңіліңнен шықпадым? Осындай тірідей жалғыздыққа неге душар еттің?! Білмеймін, білер емеспін өмірімді. Бәрі жалған, бәрі көзбояу! Шаршадым! Бұданда сол ауылдағы қара өмірім қадірлі ме еді!? Түсіне алар емеспін ештеңені... Тек, сол алаңсыз, еш байлықсыз күндерімді сағынамын! Сол езуінен күлкі кетпейтін қараторы қолаңшашты қызды аңсаймын. Ол сірә, өліп қалған сияқты. Енді оның орнында - елге күліп қарай алмайтын, керісінше ел бұған күле қарап, іштей күйе жағатын жеркенішті бір әйел қалды. Ол - менмін! Осылай жаралмасам да осылай болып өту маңдайыма жазылды. Мен - суық төсекті өз тәніммен өзіме-өзім жылытып, өлі-тірі деп атауға да келмейтін күйеуімнің көзіне шөп салуға да, «қоғам» алдында ешқандай ағат қылық жасауға да құқы жоқ, жайлы тірлігімді сақтау үшін «адалдыққа» ант берген тірі жесір Айман ханыммын!

Бүгін келіп қасыма жатуға болатын жөні бар-ақ еді. Бірақ осындай үміттің созылғанына он бес жылдан асып барады-ау... Шіркін, таңертең оянбай мүлдем кетсем өкінбес едім. Елдер қалай сөйтіп кетіп жатады екен. Маған ол да бұйырмас. Шаршадым... шіркін, жаным... тілім-тілім болған бейшара жаным. Сенің әр тілімің неше мыңдаған доллардан тұратынын кім білсін. Кейбіреудің жанын бекерге де тілімдеп жатса, маған тәуба, өтемі бұйырды. Соны қанаған тұт, Айман ханым... О бастағы дым көрмеген ашкөздік пен надандықтан өз өтірігіме өзім алдандым. Егер менен ең бейшара адамды көрдіндер ме десе ол мен деп айқайлар едім. Әттең уакыт! Ал, уакыт - тек өкініш...»

Ол төсіне батқан нәрсені шеттете ысырды. Cartier-дің ақ алтынмен апталған алмас алқасы екен. Мойнынан шешіп қолына алып қарады. Жып-жылы. Өзінің жылуы емес, Айман ханымның жылуын бойына сіңірген. Сырттан түскен жарықпен бөлме іші алакеуім. Асыл тас төгіле жарқ-жұрқ етеді. Иә. Айман ханым да осы тастай жарқылдап жүргенді жан-тәнімен қалап еді. Оған да қолы жетті. Тамсандырды талайды. Бәрі өтпелі екен. Енді өзі де мына жылуды өзгеден соратын суық тасқа айналып бара жатыр ма? Сырт көз қызықтайды да қояды. Тіпті мүсіркеуі де мүмкін. Ешкімге қуаныш әкеле алмаған тас та асылдығынан айырылар, сірә... Иә. Ол өзіне деген құрметтің тайыздалып бара жатқанын іштей сезеді. Тек мойындағысы келмейді. Ұлғайып бара жатқан жасын да мойындағысы келмейді. Күйеуінің ақшасын бетке ұстап, қырын кеткендердің бетін өзіне қаратып, мойнын алып қашқандарды мойындатқысы келеді...

Курстас құрбыларын жинап, өзінің байлығын, қыздарының бақытты өмірін дастарханға жаюды ол жиі ғадетке айналдырды. Төркініне де жиі барғыштап, олардың жағдайларын мұқият тексеруді үдетті. Қызмет биігі күзеттен аспаған аға-бауырларына аса қамқорлық танытып, сол шаңырақтың жұлдызы да айы да тіпті күні болғанына іштей тойып қайтады. Тек, бірді екі қылып көрмеген жыртық қалталы аға-бауырлары іштей қызғаныштан өртеніп, тегін дүниені толтыра толық тастап кетпегендей әр жолы орта құрсақ қалады. Айман ханымды олар өзара қалғанда: «Сараң, діні қатты, байыған сайын қалтырап барады!» деп сырттай сөгіп отырады.  Бұндай пікірді Айман ханым аңғарады, сөйте тұра туыстарына «жақсылығын» үстемелете істейді. Осылай олардың түкке тұрғысыз екендігін паш етіп, өзіне өшіктіреді. Бұл да сонау бала кездерінен қалыптасқан бәсекелестіктің бір ұшқыны тәрізді. Олардан да өзге құрбыларынан да озғанына бақытты сезінеді. Бірақ, бір ғажабы: соноу есін білгелі  өзінің іш-құрылысында бір кішкентай пышақ жүретіндей сезінетін. Және ол ешқашан да кеңінен айналмаушы еді. Қарыны өссе де тарлығы сол қалпы қалған тәрізді. Оның көреалмаушылығы иесіне шапқан иттей - өзінен-өзі аяйтын дәрежеге жетті. Жанынан бір тиын шықса жаны қоса шығып бара жатқандай күйге душар болды. 

Бекзада ханымдарға сай қайырымдылық шараларын өткізеді. Ол да үлкен мәртебе. Әсіресе топ алдында бұған алғыс айтылып, аса бір ілтипат білдіріліп жатса несі жаман. Тек, кейде осының бәрі бұған еш қатысы жоқ, қанына тән емес - бөтен іс сияқтанады. Сірә, сахнада амалсыз ойнап тасталған рөл тәрізді...

 

Күн байырғыша сол шығыстан тағы арайлап атты. Таң бозы болмай ояна бастаған қаланың тірлік сарыны ұлғайып, үдей түсуде. Егер ойша, ғарыштан көз салсаң - ұшы-қиырсыз көрінген жердің өзі баланың жұдырығындай ғана болып көрінер ме, сірә... Ал ондағы адамдар түгілі, алып таулардың бедері жер жиегінен байқалмас та...  

Дүйсенбі күнге белгіленген кеңес кейінге қалтырылды. Еркін мырза шұғыл түрде Лондонға ұшып кетті. Кемінде бір жеті болмауы мүмкін. Айман ханым жексенбінің кешіне құрбыларын той сарқытына шақырып, содан жұмысқа жайсыз күйде келіп, түс әлетіне дейін қып-қызыл боп отырды да қан қысымым көтерілді деп үйіне қайтты. Түс ауа өзге қызметкерлердің де сылтаулары табылып, офис иесіз қалды...

 

 СОҢЫ