Бақтыгүл  Ауданова
Хикая

Көп өтпей-ақ Әлияның үйіне тағы бір топ құда болып келді. Айжанды да теңі табылып тұрған да ұстап отыруды жөн көрмеді. Құдаларын шығарып салып үйге кіргенде Қанат сол жақ кеуде тұсын ұстай отыра кетті. Әлия да, Айжан да не істерлерін білмей әбіржіп қалды. 
Әлия іштей түсінді. Әке жүрегі екі қызынан да айырылуға шыдас бермей жатыр. Әлияның да жүрегі ауырып жүр. «Әйел қырық жанды» деп тегін айтпаса керек. Сездірмей жүр. Оңашада қыздарын ойлап жылап-жылап алатынын кімге айтады. Жылап-жылап алып «орындарын тапқанына шүкір» деп Аллаға ризашылық білдіріп қоятынына не дерсің тағы.
–Әлия,-деді Қанат оңашада сол жақ кеудесінен әлі де қолын алмай. – Екеуін де ұшырып жіберіп жаман болып қалайын деп тұрмыз.


–Қойшы қайдағыны айтпай. - Өзі де егіліп тұрса да Әлия даусын қатайтып күйеуін тыйып тастады. – Екеуін де құтты жеріне қондырғалы отырмыз.
–Сонда да жүрегің ауырады екен. Қызылшақа балапан кезінен бақтың-қақтың, сүйдің-күйдің, еркелеттің, өсірдің. Осы кезге дейін сенікі еді. Сенің балаң еді. Енді келіп біреу еге болып кете барады. Біреудің адамы болып шыға келеді. Өмір- әділетсіз ә?..
Бұл сөз теріс қарап жатқан Әлияның да жанарына жас ұялатты. Оның да ішінде шер болып шеменделіп жатқан аналық сезімі жас болып көзінен шығып жатты. 
–Сен өзің ше? Сен өзің мені аларда осы сезімді бастан кешірдің бе? Біреудің баласын алып кетіп бара жатқаның үшін жүрегің сол кезде ауырып па еді?- деді жас толы жанарына әзіл үйіріп. 
Келіншегінің әзіл сөздеріне бұл да күліп жанарындағы ағыл-тегіл жасты сүртіп жатты.
Айжан да бұл кезде көз жасына булығып жатыр еді. Алтайды қимай ма, әлде қыз күнін, ата-анасын қимай ма, ол жағы өзіне де белгісіз. Әйтеуір, белгісіз бір сезімдер жан дүниесін толқытып, жүрегін ауыртып жатыр еді. 
Айналдырған екі айдың ішінде екі қызын да ұзатып салған Әлия мен Қанат үшін өмір мүлде қызықсыз болып қалғандай еді. Жас болғасын ба әлі де көндіге алмай жүр. Қанат қой жұмысқа кетіп бір мезгіл көңілін жұмысқа аударып ұмытады. Ал, Әлияға шынында да қиын болды. Үйдің әрбір заты, әр бұрышы екі қызын еске сала береді. Екі ұлы де кейде есінен шығып кететін сияқты. Екі қызын ойлап кейде тамақ пісіруді ұмытып кетсе, кейде тамағын отта қалдырып, күйдіріп алады. Ұлдарының киімі де кейде уақтылы жуылмай қалады. 
–Мама сізге не болды, - деді бірде үлкен ұлы анасының дел-сал болып жүргенін сезіп.
–Ештеңе балам.
–Ауырып жүрсіз бе? 
–Жоқ, жүр қазір тамақ жейміз.
–Қазір, -деген ұлының жоқ болып кеткеніне алаңдаған Әлия сыртқа шықты. Анадайда теріс қарап әлдене істеп отырған ұлын көріп жанына жақындады. Шұлығын жуып отыр екен.
–Әкел мен жуайын, - деді ұлынан ұялып.
–Жоға мама, өзім жуа беремін ғой. Жігіт болдық емес пе?
–Солай ма? – деді Әлия да күліп.
–Әскерге барғанда да өзің жуасың дейді ғой, дайындала берейік.
Әлия өмірдің осыншалықты тез өтіп бара жатқанына таң қалды. Кеше ғана жаялығында тырбаңдап шыңғырып жылап жатқан бала емес пе еді. Бүгін жігіт болдық дейді. Ертең бұл да біреудің жүрегін ауыртып қызын сүйреп келіп тұрады. О, өмір-ай десейші деді іштей Әлия.
Екі қызының жоқтығына Әлия да, Қанат та үйренісейін деді. Тек екеуі енді үйге күйеулерімен келгенде жүрегі құрғыр біртүрлі болатын еді. Күйеубалаларынан қызғанып кете ме қалай.
Өмір өтіп жатты. Уақыт Айжанды да, Гүлжанды да жаңа өмірге үйретті. Енді тіршіліктің тырбаңымен қанша жылды артқа тастап, баяғы имене аттаған босағаларының белдей бәйбешесі болып отырғандары мынау.
Айжан ақылдылығының, сабырлығының арқасында судай сіңіп, тастай батып кеткені қашан. Қасымхан да басыма бақ боп қонған шығар деп , Айжан десе жанын беруге даяр отағасы болған. Балалары да береке мен ынтымақ ұялаған ұяда өсіп келеді. 
Гүлжан ғана баяғы тентектігінен әлі арыла алмай келеді. Тентектік емес, қызғаныш. Ол Алтайды баяғыдай қызғанады. Қайтеді енді, сүйеді ғой. Сүйеді. Гүлжандай Алтайды ешкім сүйіп көрген емес шығар. Үп еткен желден қызғанады. Киіміне қона кеткен бір тал шөптен қызғанады. Темірқазық секілді Алтайдың жанынан бір елі қалмайды.Әлдеқайда, әлденеде Алтайға керек болып қалармын деп ойлайды. Алтайға шаң жуытпайды. Оның жағасы, жеңі, шұлығы кір болуға тиіс емес. Киімін күнде жуады. 
Сағат сайын оның жағдайын біліп тұрады. Кейде жұмыс орнынан табылмай жатса ал кеп бұлқан-талқан болады.
– Қайда жүр екен? Көңілі ашық қой, ешкімнің меселін қайтармайды, біреудің сөзін жерге тастай алмайды. Құдай біледі, біреу бір жұмысқа көмектесіп жібер десе далбалақтап жүгірген шығар. Киімін кір қылатын болды-ау. Әлде біреудің үйінде қонақта отыр ма. Костюмін шешіп қойса жарар. Костюмімен жамбастап жіберіп жатқан шығар сол... Шалбарының тізесі шығып кететін болды-ау...
Осылай үйде шыж-быжы шығып отырғаны. Алтай келе салып жағасынан алады.
– Қайда бардың? Неге кешігіп жүрсің? Шалбарыңның тізесі шығып, иығың салбырап... Нормально, таза жүруді білмейсің...Күнде киім жуып, күнде үтіктеп шаршадым. Адам отырғанда костюмін шешіп...
Алтай шыдасын ба?
–Күнде жумай-ақ қой, үтіктеме! Тыныштық берші...
–Мен сені таза жүрсін десем, мұны қара! Гүлжанның даусы қаттырақ шыға бастайды.
–Гүлжан болды, - дейді Алтай да бар даусына салып. – Ұрыспай-ақ қояйық.
Гүлжан үндемейді. Бірақ, іштегі қыж-қыж қайнаған ашу бәрібір зығырданын қайнатып жатады. 
Бәрі Алтайдың көлік алғанынан басталды. Сүліктей сүп-сүйрік шетелдің көлігі бәрін бір қуантқан. Маңғаздана алдына отырып Гүлжанда талай жерге бірге барған. Әсіресе, Алтайға жараса кеткенін айтсайшы. «Менің жарым» болса екен деп армандайтындай-ақ болып шыға келді. 
Осыдан кейін жұмысы тіпті көбейе түскендей. Кейде түнделетіп келіп жатса, кейде түнделетіп кетіп жатады. Бәріне ақ көңілділігі кінәлі. Ешкімнің көңілін қалдыра алмайды. Кімге көлік қажет болса Алтайға келеді. «Апарып кел, алып кел, барып кел» бәрі осы. Мектеп директоры мен ауыл әкімінің көлеңкесі іспеттес. Қандай шаруа болса да қосақталып жүргіреді.
Бұл Алтайдың қасына отырғанда елдің бәрінің қызғаныштан жүректері жарыла жаздайды. 
Қызғанады ғой, қызғанады. Біледі Алтай кезінде ауылының талай қызына арман болған. Әлі де басы бос келіншектер Алтайды көрсе сағызша созылып, шоколодтай ери қалады. Мұның бәрін Гүлжан сезбейді деймісің. Сезеді, біледі, қорқады. Бұл күнде еркектердің басын айналдырып, бір күнде отбасын быт-шыт етіп, ажырастырып жіберіп жатқандар аз емес қой. Гүлжан осыдан қорқады. Еркек деген бала сияқты ғой. Біреу алдаса сене қалады. Тағы алданып, біреу жарымға арбалып жүрмесін. Сақтық керек.
Сол үшін де Гүлжан үнемі Алтайдың басқан қадамын аңдып жүргені.
Әсіресе, соңғы кезде әнебір Нұрғабылдың келіншегі бәле болған. Әдейі Алтай жұмысқа шығатын уақытқа таяп үйінен шығады. Алтай да қызық қой. Міндетті түрде тоқтап соны көлігіне отырғызып алады. Отырғызбай кетсе қайтеді екен. Біреу өкпелей ме? 
– Келін ғой, - дейді. 
Несі бар екен. Әр келінін осылай тасып жүрсе не болады. Гүлжан үйде отырып ашуланып жүреді.
Өткен де ғой, құрбысы Нәзира «абайла, баяғыда осы Күләш Алтайға ғашық болған» деп әзілдегенсіп еді. Бұл да сыр білдірмегенсіп күлген де қойған. Қайдағы күлген?.. Іштей қызғаныштан жарыла жаздаған. «Бәсе, бәсе, Алтайды көргенде сызыла қалуы жаман. Тағы да жылпостығын айтсайшы. О, тоба бар адамның тілін табады. «Сайтанға сабақ үйретеді» деп осындайларды айтса керек.
Гүлжан іштей Күләшті әбден сыбап алады. Балалары да ойнап жүріп Күләштің балаларына қосыла кетсе барып бөліп алып келеді.
– Осы Күләш баяғыда саған ғашық болған деседі ғой, - деді бірде Алтайға.
– Қойшы, қайдағыны айтпай. –Алтай өктем дауыспен тыйып тастамақ болды. 
– Елдің бәрі айтып жүр. Енді күнде соны жұмысына алып барып жүрсің. Елдің сөзін айтсай. Қайда барсам да екеуіңді айтып бетіме шіркеу қылады. 
– Не деп тұрсың?! – Алтай әйелінің не сандырақтап кеткеніне түсінбей қалды. 
– Сен не білесің? Таңертең кетесің, кешке келесің. Елдің ішінде жүрген мен. Елдің өсегінің бәрін мен естимін. Екеуіңе жұрттың қалай күліп жүргенін білесің бе?!. Ол да ұялмайтын сайқал екен.
Алтай үндемеген сайын Гүлжанның өрекпіп бара жатқаны.
– Ел десе дей берсін, сен қойсаңшы. Ол келін ғой. Нұрғабыл естісе не болады. Одан кейін біліп қой. Күләштің «ғашық-машық» болғанын мен білмеймін. Ондай ештеңе болған емес.
– Қой-е! Сонда сендер аппақ та, ел – өтірікші екен ғой. 
Ары қарай салғыласа берсе, екеуінің де ұрысып тынатынын Алтай біліп тұр. Түн ортасында айғайласып жатуды жөн көрмеді. Ал, Гүлжанға ұрыс керек сияқты.
–Гүлжан,- деді салмақты дауыспен. –Болды енді, қояйық, балалар оянып кетер. Күләш екеуіміздің арамызда ештеңе жоқ, болған да емес. Менің Күләшті келін деп сыйлағаннан басқа ешқандай ойым жоқ. Күләшті де ондайға барады деп ойламаймын. Рас, бірге, бір ауылда өстік. Ғашық болса іштей ғашық болған шығар. Бірақ, онысын мен ешқашан естіген емеспін. Менің бір білерім, мектеп бітірер жылдары Нұрғабыл екеуі Ләйлі-Мәжнүн болып жүретін. Мен соны білемін. Талай кештерде бірге болдық. Екеуі бірге жүретін. Мектеп бітіре салып Нұрғабыл «үйленем» деп қиғылық салды. Үйіндегілер қарсы болып екі жыл әрең күттірді. Ақыры осы Күләшқа үйленді. Міне, оларды ғашық десе болады. 
–Ия, ақтай бер, ақтай бер. Менің аузымды ғой осылай жабасың. Елдің аузын қалай жабар екенсің, - деді де Гүлжан теріс қарай аунап жатып алды.
Алтайға мына әлем тарылып кеткендей болды. Сыртқа шықты. Жазықсыз жабылған жаладан жан-дүниесі өртеніп барады. 
Басқа-басқа, Гүлжан осылай ойласа не болғаны. Нұрғабыл естісе не болады? Екі ағайынның арасына жік түспей ме? Қайтеді енді, жолы бір болған соң алып кетпесе тағы болмайды. Жалғыз Күләшті емес, жол-жөнекей талайларды жұмысына жеткізіп салып жүрген жоқ па. ..
Алтай ойының түбіне жете алмай әлек. 
Соңғы кездері Гүлжанның сөздерінен, қылықтарынан қатты шаршаған сияқты. Кешкісін жұмыстар қайтарда «бүгін тағы қандай қылық шығарады» екен деп ойланып келеді. Бұл күткендей әйтеуір бір мәселе дайын тұрады. Әйтеуір, екеуі кешкісін бір салғыласып алмаса ұйықтай алмайтындай. Осының бәрінен шаршапты. Әлде төзімі таусылайын деген бе? Бір дем алып қайтса ғой. Алтай осы ойларға беріліп тұрып кеудесін кере керіліп алды. 
Ертеңіне ерте шайға да қарамай Алтай киімін киді де шығып кетті. Кешегі ашудан әлі де арыла алмай жүр. Ашу да емес, жала. Қараптан қарап-ақ қара күйе жағылды бұған. Жаһанда жан баласына жамандық ойлап көрмеп еді. Енді міне өз әйелі бұған жала жауып отырғаны. Ел дейді...Гүлжанға өкпелей ме, елге өкпелей ме ол жағын өзі де білмейді.
Ойға беріліп келе жатып әлдекімнің қол көтергенін көріп қалды. Аяғының тежегішке қалай барып қалғанын өзі де білмейді. Көлігі қап-қара асфальтті сызып барып тоқтады. Ерлі-зайыпты екеудің жүгіріп келе жатқанын көрді. Кім болса да осы ауылдың адамдары ғой.
–Ассалаумағалейкум.
Есік ашылып алпамсадай жігіт алдыңғы орынға жайғасқанда таныды, Нұрғабыл екен. 
–Амансыз ба аға, - деп келіншегі Күләш әдеттегідей артқы орынға жайғасты.
–Сәлеметсің бе?- деп ернін ғана жыбырлатып қойды. Екі беті ду етіп, екі құлағы «шың-ң» ете қалды. Бейнебір бұл екеуі де әлденеден хабардардай Алтай ұяттан қызарып кетті.
–Жағдайыңыз қалай көке, бала-шаға аман ба?- деп Нұрғабыл әдеттегідей бәрін түгелдеп саулық сұрап жатыр.
–Аман-аман... – деді бұл басын изеп. 
–Иә, ертемен асығып... құйғытып қайда бара жатырсыз.
–Жұмысқа.
–Асығып шыққаныңызға қарағанда жұмысыңыз қауырт-ау деймін. Біз сіздің уақытыңызды алатын болдық-ау, - деді Нұрғабыл ыңғайсызданып.
–Жоға, о, не дегенің. Бәрібір бос кетіп барамын ғой, - деді Алтай да аузына сөз түспей. 
–Рахмет аға. Өзімнің көкем деп қол көтердім ғой. Сіз көлік алғалы мына келініңізге де жақсы болып қалды-ау деймін. Әйтпесе орталыққа таксимен барып қайтатын. Енді міне сізбен барып жүр. Таксиге де бересің ғой, ақысын төлеп қой десем «аға алмайды» дейді...
–О не дегенің Нұрғабыл. Мен таксист емеспін ғой, - деді бұл да өкпелегендей сыңай танытып.
–Рахмет аға. Жақсылығыңызды ел айтып жүр ғой. Орталыққа жолы түскеннің бәрін жеткізіп салады дейді. Сізден басқалар да көп қой көлік мінген. Бірақ, олар сіз секілді емес. Тоқтамай кетсеңіз де сізге ешкім өкпелемейді. Бірақ сіздікі адамгершілік қой.
Алтай мырс етті. Мынау кеше ғана Күләш үшін әркіммен төбелесіп жүрген жігіт емес пе еді. Бүгін оратор болып отырғанын қарашы...
Елдің бәрі олай ойламайтынын біледі Алтай. Тек Гүлжан ғана, Гүлжан секілділер ғана тырнақ астынан кір іздеп шыға келеді. Әйтпесе, мына Нұрғабыл неге арам ойламайды. Келіншегін қызғанбайды деймісің. Жоқ, онда адамгершілік бар. Ойы таза, пиғылы таза. 
Көкесінің әңгімеден тартынып өзімен-өзі болып отырғанына Нұрғабыл да таң. Әлде бізді жақтырмады ма. «Әй менде», -деді іштей өзін бір сыбап. – Өзі тоқтамаған адамға қол көтеріп. Мүмкін осы ауылдағы таныс-білісті тасып шаршаған шығар. Бәлкім жеңгеймен ұрысып көңіл-күйі болмай келе жатқан шығар. Мен де бір оңбаған адаммын ғой...
Енді Нұрғабыл өзімен-өзі болып кетті. Орталыққа кірген соң «қайда барушы едіңдер» деді Алтай бұларды жеткізіп салу үшін.
– Рахмет аға, осы жерден түсіп қалайық.
–Келін жұмысқа бармай ма?
–Ары қарай өзім бара беремін ғой, - деді Күләш жәй үн қатып.
–Саған жол болсын, - деді інісіне қарап.
–Мына аяққа өткенде шеге кіріп кетіп еді. Сол жазылудың орнына ісіп, іріңдеп бара жатқан сияқты. Орталыққа жіберіп еді.
–Отыр –деді Алтай інісіне бұйыра сөйлеп. –Ісік аяқпен шолтаңдап ауруханаға қалай жетпексің. Отыр, отыр...
–Уақытыңызды аламыз ғой, көке...
–Отыр деген соң отыр. Әйтпесе келесі жолы мүлде алмай кетемін. –Алтай сөзінің артын әзілге бұрды.
–Нұрғабылдың аяғына шеге кіріп азап тартып жүр екен ғой, - деді кешкі ас үстінде Алтай Гүлжанға қарап. –Естіп па едің.
–Иә, екі аптадай болып қалды ғой.
–Неге маған айтпағансың?
–Енді соны емдетейін деп пе едің.
Әлдене десе балалардың көзінше тағы ұрысып кететінін білді Алтай. Үндемей қоя салды.
–Оны қайдан естідің?
–Таңертең жолда тұр екен. Орталыққа жеткізіп салдым. 
–Ана салдақысымен бе?
Алтай Гүлжанға алара қарады.
–Балалардың көзінше аузыңа келгенді айтпасаңшы. Олар сенен, менен үлгі алады. Одан кейін біреудің адамын біліп-білмей «салдақы» деме!
–Қорғауын қара! Неге сонша қорғап қалдың оны. Айттым ғой араларыңда бірдеңе бар деп. Ел бекер айтпайды. 
Гүлжан бір тұтанса оны қойдыру қиын. Таяқ жеп қана тынады. Алтай жұдырығын түйген қалпы отырып қалды. Мұны сезгендей балалары өз бөлмелеріне кетті.
–Гүлжан, - деді дастархан жиып тарсылдап жүрген әйеліне салмақты үнмен. – Қояйықшы бәрін.
–Нені қоямыз? 
Гүлжан күйеуіне шақшая қарады.
–Сен де, мен де жас емеспіз. Бұлай болмайтын нәрсеге ұрыса берсек балаларға не үлгі көрсетеміз.
–Сен-ақ үлгілі бола ғой, мен өйте алмаймын.
–Сонда не істемексің?
–Екінші ана Күләшті машинаңнан көрмейтін болайын.
–Тағы не әмір етесің?..
–Кекетпе. Енді шолақ байын сылтау ғып мінетін болды ма? Бетсіз!
Гүлжан күңкілдеп шығып кетті.

Жалғасы бар...