Гүлбақыт  Ауданова
(хикая)

Гүлжанның қызғанатынындай бар ғой. Күләштің бұған ғашық болғаны рас. Ол кезде бала еді ғой. Екеуі де. Күләш сегізінші сыныпта оқитын. Бұл онда еді. Қарақаттай көздері мұны көргенде жарқырап кететін. Бір жарқ етіп төмен қарай қоятын. Екі беті албырап қып-қызыл болып шыға келетін. Бұл да ес-түссіз болмаса да сол ұяң қызды ұнататын. Тек бірде туғандай болып жүрген інісі Нұрғабыл жігіттік бар сырын ақтарған.

Аға деп, дос деп... Содан кейін бәрінің быт-шыты шықты. Сол күні-ақ жүрегіндегісін жұлып інісіне сыйлап кеткенді. Күләшті көзіне ілмейтін болды. Көзге ілмеуге мәжбүр болды. Оның бәрі балалық еді ғой. Сол жылдармен қалып қойды. Қазір құдай сақтасын Күләшқа деген арам ойы жоқ. Жоқ, жоқ, құдай сақтасын. Келін ретінде сыйлайды. Басқа келіндері бір төбе, Күләш бір төбе. Өзінің адамгершілігімен ол бұл дәрежеге жеткен. Бұл үшін ғана емес, бүкіл ағайын үшін солай. Елдің бәрі солай дейді. Нұрғабыл бағы жанған жігіт қой. Қане, бұл да елге осындай келін сыйлай алғанда. Айжанды да осы Күләшқа ұқсатып ғашық болған шығар. Жарқ етіп бір қарап, артынан екі беті албырап қызғылттана қалатыны ұқсайтын. Ол да бұған бұйырмады. Жолы болмайтын жігіт шығар.


Нұрғабылды аяғы біраз әбігерге түсірді. Ауруханаға жатып шыққан. Одан бері де бірнеше күн өтті. Алтай үйіне барып хал-ахуал сұрамақ болды. Гүлжанға бірге барайық десе тағы да бәлеге қаларын біледі. Айтпай, өзі кіріп шықса тағы бәле...
– Гүлжан Нұғабылдың ахуалын сұрап қайтайық, - деді бәрібір айтпауды жөн көрмей. 
–Иә, сағынып қалған шығарсың, - Гүлжан күбірлей күңк еткенін Алтай естіп тұр. Ашуы басына тепті. Бірақ, үндемеді.
–Болсайшы енді, - деді шыдамы таусылып.
Гүлжан сыланып-сипанып боламын дегенше жарты сағаттай өтті.
– Ту-у, тойға баратындай сонша, - деді әйелінің түріне қарап. 
– Тойға барғанда ғана киіну керек пе екен. Адам киінсе өзі үшін киінеді.
Алтай үндемеді. Әйелімен сөз таластырып дауа таппасын баяғыда-ақ ұққан. Көндігуден басқа амалының қалмағанына кейде зығырданы қайнайды-ақ.
Бұлар келгенде Нұрғабыл дәкемен таңып қойған аяғын алға созып қойып отыр екен. Бала-шағасы маңайында үпір-шүпір.
–Келіңіздер, - деді Күләш бұларды көре сала иіліп сәлем салып.
–Қал қалай Нұрғабыл? Аяқты созып қойып жатырсың.
–Ә, мына келініңізге еркеле-е-еп ... –деп Нұрғабыл кеңкілдей күлді. Бұл сөзге Күләшта езу тартты. Жымимаған Гүлжан ғана. Үй ішіне сынай қарап отыр. Абысынының мына отырысына Күләш таң қалды. Шәй дайындап, ас қамына кірісті. Дастарханға жағаласқан бала-шағаны жақтырмай отыр Гүлжан. Әйелінің тырысып отырғанына ыңғайсызданған Алтай кетуге асықты.
–Тамақ ауыз тиіп кетіңіздер, - деген інісінің пейіліне қарамай Алтай мен Гүлжан кетуге асықты. Мына жүрістеріне Нұрғабыл мен Күләшта таң қалды. 
–Осы Гүлжан жеңешем біртүрлі, ә? –деді Нұрғабыл қонақтан қалған дастарханды жиып жүрген әйеліне қарап... –Алтай көкем обалы не керек алтын адам ғой.
Күләш үндемеді. Онсызда сөзге жоқ біртоға адам біреуді артынан жамандауды мүлде білмейді.
Нұрғабыл тумысынан бір орында отыра алмайтын адам. Ауруханадан шыққан соң өзіне күтім жасай алмады ма, әйтеуір кестірген жері тағы суықтап қайта ауруханаға жатуға мәжбүр болды. Енді бұрынғыдай аяқ баса алмай қалды. Қанша жерден шыдайын дегенмен мына аяғы солқылдап шыдатпай барады. Бұған шыдамаған баласынан Алтайды шақыртты. Нұрғабылдың шақыртқанын естіп Гүлжан тағы да тырысып қалды.
–Не бар саған. Тек жетіп келеді екен. Басқа көлік құрып қалып па?! – деді жас баласының көзінше жекіп. Алтай тағы үндемеді. Киініп жүріп кетті. Бұлар Нұрғабылды көлікке отырғызып шыққанда Гүлжан қақпаның сыртына шығып тұр еді. Ондағы ойы Күләш бара ма, бармай ма соны білмек. Өзі де сезіп еді, Күләш та қасқайып отыр. Сол күні Алтай түннің бір уағында келді. Өзі айтқандай Нұрғабылдың қасында болыпты. Аяғын кесіп қайта тазалапты.
–Шеге сүйекке тиген екен. Сүйегі қарайып барады дейді, - деді Алтай көңілсіз.
–Үйінде жата бермей бармай ма баяғыда. Ана әйеліде болбыр ғой. Қаратпай ма, шәпкесі қоқиып, есіл-дерті жұмыс болмай. Сөмкесін құшақтап алып қашан көрсең сенің жолыңды тосып тұрады. 
Гүлжанның Күләш десе жыны бар. Міне, тағы да әңгіменің ауанын Күләшқа тіреп, жазғырып алды. 
–Сен неге Күләшті көре алмайсың?- деді Алтай қызыға сұрап.
–Ол салдақының қай жерін көре алмаймын. Менен қай жері артық?
–Онда неге жазғыра бересің? Келін болып иіліп сәлем салғаннан басқа не жазды саған?..
–Соның арқасын алып өліп бара жатқаныңды қарашы. Әкең мен шешең де сол десе ішкен асын жерге қоятын. Қызметін мен қылып отырсам да өмірі Күләшті мақтап отыратын.
Алтай әлдеқашан сүйегі қурап кеткен әке-шешесін есіне алды. Гүлжан рас айтады. Әкесі мен шешесі үнемі осы Күләшті айтып отыратын. Ондағы ойы Гүлжанға үлгі болсын, Гүлжанда соған ұқсасын дейтін. Гүлжан ондайлардан үлгі алушы ма еді. Қайта іштей жек көріп жүрген екен де.
Алтай әйелінің сампылдаған сөздерінің біреуін естімей өзімен-өзі болып ойланып кетті.
Енді ол Нұрғабылды ойлады. Сүйегі қарайған дейді, енді не болады екен деді іштей тумаса да туғандай болып кеткен інісі үшін уайымдап. Мүгедек болып қалса, шиттей бала-шағаны Күләш бір өзі қалай өсіреді екен. Енді оның Күләшқа рақымы келгендей. Жүрегінің бір түкпірінде жатқан сезім қылт етіп Күләшқа деген аяушылығын оятты.
Осылай оймен болып Алтай өзінің қалай ұйықтап кеткенін де білмей қалды.
–Көке, көке тұрыңыз, - деп жұлқылаған ұлының даусынан оянып кетті.
–Не болды? – деді шошынған жүрегінің дүрсілін әлі де баса алмай.
–Көке, Ғабит аға келіп отыр, - деді баласы сабыр сақтағансып.
–Тыныштық па екен? – Алтай не өзінен сұрағаны, не баласынан сұрағаны белгісіз осылай деді. 
Тез киініп сыртқа шықты.
Ғабит шай дастарханның төменгі жағында отыр екен. 
–Ғабит неге төменде отырсың, төрге шық, төрге, - деді есіктен ене сала.
–Рахмет аға, -деп амандасып қол созды Ғабит.
–Тыныштық па балам?
–Тыныш аға. Папам ...
– Не болды? – Алтай баланың сөзінен шошып кетті. 
–Кім айтты?
–Ауруханадан хабарласыпты.
–Сен шай іш Ғабит. Уайымдама, мен қазір ауруханаға барып папаңның халін біліп, сендерге хабарласамын.
–Рахмет аға шай іштім. Ауруханаға мамам екеумізді де алып барсаңыз.
–Жарайды, онда үйіңе барып дайындала беріңдер. Мен он минутта дайын боламын.
Ғабит шығып кеткен соң Гүлжан қайта әніне бстады.
–Сенен басқа адам таппай қалды ма? Түк ұяттары жоқ екен. Тек осы үйге жетіп келеді.
–Қойшы Гүлжан, - деді Алтай жәй ғана таң азанмен көңіл-күйін бұзғысы келмей. –Ағайынға осындайда пайдаң тимесе, қашан тиеді...
–Ағайын дейді... сен үшін көрермін олардың жүгіргенін...
Гүлжан тағы от алып бара жатыр еді, Алтай көзін аларта қарады.
–Жұртты жүгіртетіндей басыңа бәле жабыспасын деп тіле.
Алтай ауруханаға барғанда дәрігерлер мұны көңілсіз қарсы алды. Апталдай азаматтың мүгедек болып қалатынын естігенде Алтайдың жүрегі «шым-м» ете қалды. Қант кеселі бар екенін бұрын өзі қалай байқамаған. Аңғал қазақ-ай. Ауырып, құлаған кезде ғана дәрігерге жүгіретін не деген сорлы едің. Алтайдың түрін көрген Күләш шошып кетті.
–Аға не болды? Не дейді?-деді абдырап.
– Ештеңе емес, - деді Алтай қапелімде ауызша сөз түспей. Аяғын қайта тазалайды екен.
-Кеше тазалаған жоқ па?
Кеше ғана тазалағаны Алтайдың есінен шығып кетіпті. Шындықты айтпаса болмайтынға ұқсайды. Әкесінің халін білуге асығып, Алтайдың бет-жүзінің әр-бір қимылын бақылап, отырған Ғабиттың алдында ештеңе айтқым келмеді.
-Балам барып маған темекі ала келші,- деді қалтасынан екі жүз теңгелікті ұсынып.
-Қандай темекі көке?
-Әкеле бер.- Алтай әйтеуір мына баладан құтылуға асықты.
-Күләш,-деді баласы сәл алыстаған соң.- Нұрғабылдың қант диабетімен ауыратынын білетін бе едің.
- Не дейсіз?
Күләштың жанарына жас үйіріле қалды.
-Қант диабетімен ауырады екен. Әлгінде дәрігерлер айтты.
- Осы күнге дейін бірде-бір рет денсаулығына шағым жасамап еді, сонда қалай болғаны?...
Күләш ойланып қалды.
-Бәлкім, дәрігерлер қателескен шығар. Тағы бір тексеріп көріңіздер дедім. Қайта тексеретін болды.
Алтай Күләшті сабырға шақырды.
Енді сен мықты бол. Нұрғабылдың өзіне де, балаларға да білдірмей-ақ қой.
Жарайды дегендей Күләш көз жасына ерік беріп басын изей берді.
Алтай күнделікті інісінен хабар алуды әдетке айналдырды. Ауру баққан оңай ма, бар ауыртпалық Күләштің мойнына түсіп отырғанын да сезеді. Нұрғабыл өзі сияқты әкеден жалғыз тұяқ.Ағайын дейтін ағайындары осы Алтайлар ғой. Туған бауырың болмаса қазір кімге-кімнің жаны ашитын заман дейсің.
Алтай інісінің дәрі-дәрмегіне де қаржылай көмектесті. Дәрігерлер мен де өзі сөйлесті. Күләштің алғысында шек жоқ.
-Жеңеше, сіздерге үлкен рахмет, Алладан қайтсын,-деді Күләш абысынын көрген жерде бар ризалығын білдіріп.
Гүлжан маңғаздана үндемеді.
-Әйтеуір, бәрі бірінші Алланың, екінші ағаның арқасы ғой.
Гүлжан Күләштің мына жағымпаз сөзін естігісі келмей бұрылып кете барды.
Не керек баяғы апталдай азамат бір жылдың ішінде бір аяғы ақсақ мүгедек болып шыға келді.
Қолынан келгенді ешкімнен аямайтын аңқылдақ жігіттің Аллаға не жазғанын қайдам, әйтеуір оны осылай жазалады. Енді Күләш үшін тіпті ауыр күндер басталды.Алтай оны аудан орталығындағы жұмысына күнде алып барады, алып келеді. Арам ойы жоқ. Бар ойы бес-он теңге болса да таксиге бергенше балаларына жұмсасын дегені. Жалғыз Күләш емес, жол-жөнекей осы ауылдың талай-талайлары орталыққа тегін жетіп қалады.
Бәрі алғыстарын айтып кетеді. Бәрі біледі, түсінеді. Түсінбейтін тек Гүлжан ғана. Күләш үшін үйінде күнде ұрыс, күнде жанжал. Мұның шетін ел де естіп қойған сияқты. Гүлжанға шоқ беріп жүрген құрбы келіншектері екенін сезеді. Гүлжанда соңғы кездері тойшыл болып алған. «Гәп» дей ме, туған күн дей ме, жуу дей ме, отырысы көп.
Бүгін де Алтай үйге келгенде балалары өздері отыр екен. Мұны күтіп отырса керек, қыздары дереу дастархан қамына кірісті. Бәрі күліп-ойнап ас ішті. Гүлжан болса осы кезде қабағы тырысып отырар еді. Балалары да көңілсіздіктен жөндеп тамақ та іше алмаған болар еді. Бүгін бәрі басқаша.Балалары мектепте болған қызықты айтып мәз. 
- Папа бүгін Нұрғабыл ағаға күшті коляска алып келді. Күшті, төрт аяқты,-деді кенжесі Сәулет сүйінші сұрағандай.
- Ім-м... – Алтай түсіне қойды. Жүрегі аурып кетті.
– Сендер тамақтарыңды іше беріңдер, мен Нұрғабылдың жағдайын біліп келейін,- деді асыға шығып кетті.
– Бұл барғанда Нұрғабыл кереуетінде отыр екен. Жанында су жаңа қоларба. Алдымен көзі қоларбаға түсті. Өзі де ыңғайсызданып қалды. Нұрғабылдың жанары жасаурап үлгеріпті.
– Қалай...-деуге әрең шамасы келді. Нұрғабыл кемсеңдей жөнелді. Жігіт адамның жылағаны жаман ғой. Балалары да үрпиісіп үндемей қалыпты.
– Бекем бол Нұрғабыл. Бұған да шүкір ет. Алла ісіне амал бар ма? Мықты бол...- деді Алтай. Өзінің не деп отырғанын аңдамайды. Мұндайда не айту керектігін де білмей қалғандай. 
– Қайтемін аға, осылай болды ғой. Әкем де марқұм осы «сахарныйдан» кетіп еді. Бәріміздің түбімізге жететін кесел екен ғой.
Алтай үндемеді. Күләштің да көңілі босағаны білініп тұр, «пыс-пыс» етіп дастархан жайып жүр.
– Әуре болма келін, мен тамақтанып келе жатырмын. Асқа рахмет. Тек жаңа балалар қоларба әкелді деген соң шыдамай келгенім ғой... Түс ауа аурудың көңілін сұрамайды деуші еді. Сонда да болса шыдай алмадым, Нұрғабыл. Айып етпе... 
– Қайтемін аға, осылай болды ғой. Әкем де марқұм осы «сахарныйдан» кетіп еді. Бәріміздің түбімізге жететін кесел екен ғой.
Алтай үндемеді. Күләштің да көңіл босағаны білініп тұр, «пыс-пыс» етіп дастархан жайып жүр. – Әуре болма келін, мен тамақтанып келе жатырмын. Асқа рахмет. Тек жаңа балалар қоларба әкелді деген соң шыдамай келгенім ғой... Түс ауа аурудың көңілін сұрамайды деуші еді. Сонда да болса шыдай алмадым, Нұрғабыл. Айып етпе...
– Рахмет аға. Ағаң болса сіздей-ақ болсын. Әкеден жалғыз екенімді білдірмедіңіз. Туыс деген осындай-ақ болар. Жақсылығыңыз Алладан қайтсын.
– Жалғызбын деме. Мына ауылың бар да, бір рулы елің барда сен жалғыз емессің Нұрғабыл.
– Рахмет, рахмет. Ендігі жерде ара-тұра салмағымызды салар болсақ айып етпессіз аға.
– О не дегенің? Қандай қызмет болса да дайынмын. Тартынбай айта бер. Үйдің шаруасына көмек керек болса, ана біздің үйдегі інілерің де бар... Ал, мен кеттім, балалар үйде жалғыз еді,-деп Алтай сыртқа беттеді.
–Жақсы, келін сау болыңдар,- деді сырттан үлкен бөшкеден су алып тұрған Күләшқа Алтай.
– Келгеніңізге рахмет аға, сау болыңыз,-деді. Күләш та қақпаны іштен іліп алуға ыңғайланып. Қақпадан шыға бере Алтай өзіне жақындап келе жатқан қараңдаған бейнені көрді. Аңғарып үлгерген жоқ, қараңдаған бейне кеудесіне жабыса кетті.
– Оңбаған! Айуан! Ұятсыздар! Қолға түстіңдер ма?!
Енді ол қақпадан шығып ештеңе түсінбей аңтарылып тұрған Күләштің орамалына жабыса кетті. 
– Салдақы неме! Байыңның аяғы жоқ қой ә, сені ұстайтын. Көрсетемін мен саған. Ұятсыз!
Гүлжан Күләштің басын бар күшімен темір қақпаға қайта-қайта соққан соң ба, Күләш талықсып бара жатты. Алтай Гүлжанның осыншама мықты екенін білмепті. Күләшті оның қолынан ажыратып ала алмады. 
Мына айғай-шудан жұрттың бәрі сыртқа шығыпты. Әп- сәтте айналаға адам толып кетті. «Мамалаған» Күләштің балалары аузы-мұрны даладай қанаған аналарын құшақтап еңіреп отыр.
– Су әкел, су, су...- деді талықсып жатқан Күләштің басын көтерген көршісі Дана апа. 
Қапелімде жанында тұрған суды көтермей екі-үш адам үйге жүгірді. 
Алтайдың көзі есікте тұрған Нұрғабылға түсті. Әлі құрып отыра кетті. Өкіріп жылағысы келді. Ызадан булығып бара жатты. Анадайдан екі жігіт Гүлжанды қараңғылық қойнауында сүйретіп бара жатқанын көрді. Әлі де айылын жимай әлдене деп айғайлап барады. Ел алдыда да, ағайын алдына да абыройы төгілген Алтайдың көзі қарауытып кетті. Жұдырығын түйе Гүлжанның соңынан үйіне қарай асықты. 
Бұл кезде Күләштің бет-жүзін жуған көршілері оны үйге алып кіріп кетіп еді. Мұрны сынған ба, қан тыйылмай ағып жатты. «Жедел жәрдемді» шақырыңдар-дейді әлдекім далбасалап.
– Қайдағы жедел жәрдем? Ауылға жедел жәрдем келуші ма еді,-деп әлдекім ашумен тыйып тастады.
Мына сөздердің құлағына бірі кіріп, бірі шығып Нұрғабыл мең-зең қалпы есікке сүйеніп әлі тұр. Өзінің осыншама бейшара қалпына қорлығы келді. «Асылып өлсем» деген ой келді оған. Мына жағдайда оның да ретін таппады. Қорғансыз бала-шағасы көз алдына көлбеңдей берді. Әйелінің жатысы анау. Бұл өлсе тіпті күн жоқ шығар. 
Гүлжанды үйге сүйреп әкелген екі жігітті екі жаққа итеріп жіберіп Алтай бар күшімен әйелін қақпаға қарай қайта итеріп жіберді. Гүлжан қалбалақтап барып қақпаға соғылды. 
– Кет! – деді, ызаға бұлығып. – Кет! Болды жетеді, кет! Құры! Көзіме көрінбе.
Ол әйелін қақпадан шығарып көшеге қарай лақтырды. Гүлжан да қалысар емес. Әйелдігіне басып әлденелерді айтып бар даусымен шыңғырып жатыр.
Екі аттап үйге кірген Алтай әйелінің бар киімін алып шығып көшеге лақтырды.
– Кет! Бұдан былай бұл жерге аяқ баспайсың? балаларыңды да көрмейсің. 
– Менен балаларды тартып ала алмайсың! Мен олардың анасымын,-деді Гүлжан да қақпаға жабысып. 
– Енді олардың анасы жоқ. Сен өлгенсің. Сендей шерменде ана керек емес оларға!
Алтай қақпаға жабысқан Гүлжанның кеудесінен итеріп жіберді де қақпаны іштен іліп алды.
Есік алдында еңіреп жылап тұрған балаларына «кіріңдер үйге» деді зілдене.
Кенжесі Сәулет қана «мамам ше?» деді жыламсырап.
– Ұмыт анаңды. Анаң жоқ сенің енді.
Егіле жылаған қыздарын көргенде Алтайдың жүрегі езіліп кетті. Көзінен ыстық жас парлады.
– Папа, мен кінәлімін,-деді үлкен қызы өкісігін баса алмай. Мен сіздің онда кеткеніңізді айтпауым керек еді.
– Сенің анаңа мүлде ақыл кірмеді,-деді Алтай қызына.
– Мені ел алдында шерменде қылды. Елдің бетіне қалай қараймын енді, О Алла!..
Бұлай шерменде болғанша өлгенім артық шығар.
– Қойшы, папа. 
– Қызы өксігін баса алмай әкесін құшақтай алды.
Көшеде еңіреп жылап отырған Гүлжанды көршілері үйіне кіргізіп алды. 
Түн жарымда көрші Аппақ әже Алтайдың үйінің есігін қақты.
– Алтай, айналайын шырағым, ашуыңды бас. Келінді кінәсіз деп отырған жоқпын, бірақ...
– Апа, сізді анамдай көремін, бұл іске араласпағаныңыз дұрыс...
– Дұрыс балам, бірақ, бала-шағаңды ойла. Не дегенмен балаларыңның анасы ғой.
Алтай үнсіз отыр. Меңіреу адам секілді. Мұнан кейін Аппақ әже де сөз сөйлеуді артық көрді ме үнсіз шығып кетті. 
Алтайдың көз алдына тағы да бағанағы жағдай елестеп кетті. Көз алдына өз әйеліне шамасы жетпеді. Мұнан да өлген артық шығар деп ойлады іштей. Көзіне ештеңе көрінбеді. Сыртқа шығып сарай жаққа беттеді.
Мұнан кейін бар әлем қайтадан тып-тыныш ұйқыға кетті. Бағанағы шулаған жұрт та, шуылдап үрген иттер де тынып қалды. Бейне әлем дауыл алдындағы тыныштық басқандай еді. Нұрғабылдың үйінің жарығы да ұзақ тұрып өшті. Тек Гүлжан ғана ұйықтай алмай жылап отыр. Бір жағы өзінің жасаған ақымақтығына өкінді. Бір жағы Алтай мен Күләштің арасында бірдеңе бар деген арам ой зығырданын қайнатып, өңешін ащы өксікке толтырды. 
*** *** *** ***
Таң алакеуімдеп қалған екен. Айжан түсінен шошып оянды. «Бісмілла» деді іштей күбірлеп, «жақсылыққа көрінсін».
Түсіне Алтай кіріпті. Дәл бұрынғыдай екен дейді. Сол баяғы өздеріне ыстық жатақхана. Өз бөлмелері. Алтай екеуі-ақ екен дейді. Терезеден ай сығалайды. Салқын леп ішке үрлеп Айжанның кекілімен ойнайды. Алтай бұған жымия қарайды. Осы сәтті Айжан өмір бойы армандаған емеспе еді. Жан дүниесі ерекше бір сезімге бөленіп, тұла бойы тұнжырап бара жатты. Алтай салалы саусақтарымен мұның аялы алақанын аялай ұстады. «Айжан мен кешір» деді. Айжан көрді. «Мені кешір Айжан» дегенін анық естіді.
Алтай ұзай берді, ұзай берді... Алтай деп қанша ұмтылса да Айжанның қолы жетпеді. Терезе сыртында тұрған Гүлжанның еміс-еміс бейнесін көзі шалды. «Гүлжан» деп бұл енді оған ұмтылды. Гүлжанның басындағы аппақ орамалы сусып түсіп бара жатты. 
Айжан шошып оянды. Сыртқа беттеді. Телефон тұтқасын қолына алып, Гүлжанның үйіне телефон соқты. Тұтқаны ешкім көтермеген сайын жүрегі өрікпіп кетті. Кіріп-шығып, тыным таба алмады.
Тек таң алаң бергенде ғана үйіне оралған Гүлжан жайлап ішке енді. Балалары тым-тырыс ұйықтап жатыр екен. Өздерінің жатын бөлмесіне жақындай түсіп, тұрып қалды. Іштей қорқып кетті. Дыбысын білдірмей қыздарының бөлмесіне кіріп кетті. Есіктен енген адамды сезіп үлкен қызы тез оянды. 
– Мама, келдіңізбе деді қуанып.
– Ия келдім.
– Шай қояйын? Әбіржіп кетіпсіз ғой Қызы шығып кетті. Гүлжан қызының ыстық орнына қисая кетті. 
Әлден соң дабырлаған дыбыстар естілді. Бұл балалары болса керек. Сыртқа есіктің сарт етіп жабылғаны естілді де тағы тыныштық орнады. Әлден соң телефонға жан бітіп шырылдай жөнелді. Гүлжан алуға қорықты. Тұтқаны алуға емес, Алтайдың көзіне түсуге қорықты. Сырттан үйге кірген қызы тұтқаны көтерді. Гүлжан есікке құлағын тосып тыңдап тұрды. 
– Мамам ұйықтап жатыр,-деді қызы да ақылдылығын танытып.,
– Кім ол?-деді Гүлжан шыдамай есіктен басын шығарып.
– Айжан әпкем ғой.
– Не дейді?
– Ештеңе «Тынышсыңдар ма» дейді.
Ол қайдан естіген деп қайран қалды. Әлде Алтай айтты ма екен.
Осылай ой құшағында тұрғанда сырттан үлкен ұлының «Папа» деген даусы естілді. Шырқыраған дауыстан шошынған бәрі сыртқа үдере шықты.
Сарайдың ортасында жылап тұрған үлкен ұлын көргенде алдымен Гүлжан ештеңеге түсінбей қалды. Алға түсіп жүгірген қызының есікке сүйенген қалпы талқысып бара жатқанын көріп есі шығып кетті. Асылып тұрған күйеуін көргенде Гүлжан да есінен ауып, өз алдына шыңғыра берді.

соңы...