Ақмарал Кемелхан
Қызғыштай қорыған сайын қызығып, қырындай бастады. "Маған сенбейсің бе, сені ешқашан тастап кетпеймін" деді, "заманнан қалып қойғансың ба, ол - ескінің сарқыншағы" деді, "сүйген жандар бір-бірінен аяры жоқ" деді, "бәрібір үйленеміз, күтудің қажеті жоқ қой" деді. Менің айтарым біреу: "Арымды некеме дейін сақтаймын". Әр жолы өзінше неше түрлі аргумент айтады.
Басқа тақырыпта бастасақ та, әңгіме осы жаққа ауысып кете беретініне бір күні төзімім таусылды. "Жолың ашық!" деп шорт кестім. Арысы бір ай шыдап, айыбын мойнына алып, кешірім сұрап қайтып келді. Сүйіп тұрған соң, қабылдаймын. Бірақ өзгерген адам да жоқ, заман да жоқ. Баяғы жартас бір жартас. 4 жыл аз уақыт емес, күн өткен сайын күшейе түседі. Жүрегімнен алып тастай алмаған соң, өмірде де безіп кете алмай мен жүрмін. Үйленгенде бәрі де артта қалады ғой. Үмітім сол.
⠀Болашақ туралы бар картаны сызып тастағанбыз екеулеп. Жақындап да келе жатқандаймыз. Екеуміздің де қызметімізде реті оңынан түсіп, сол жылдың жаңа жылын бірге қарсы алатын болдық. Жаңа жылмен жаңа өмір келетіндей, жаңаша күй келетіндей, көңілім алып-ұшып күн санап күтіп жүрмін.
⠀
Жұмысымды шабытпен жасаймын, жылдың есептерін де күліп жүріп жасап шықтым. Арқама қанат біткендей ме, бойыма қуат қонғандай ма, әйтеуір аяғым жерге тимей, күшті әсердемін.
Күткен жаңа жыл кеші келіп, Ғалымымды көруге шықтым. Есік алдынан xаншайымдай күтіп алып, асты-үстіме түсіп, алғаш танысқандай-ақ ілтипат көрсетіп жүргені де ерекше қуантып барады мені. Ауа райы да тамаша. Ұлпа қар баяу қалықтап кірпігіме қонады, ауаның иісі де керемет, тынысыңды ашатын.
⠀
Мейрамxанада екі адамға романтикалық орын тағайындапты. Талғаммен жасалған дастарxан. Баяу тыныш әуен. Күлгін жарығы бар балауыздар. Қарсымда Ғалым. Өзімді ерекше бақытты, сүйікті сезіндім. Ішімнен біздің қарым-қатынасымыз келесі этапқа бүгін өтетінін сезініп те отырмын.
⠀
"Гүлім, бүгін ерекше құлпырып отырсың!" ("сенің маxаббатыңа маспын, сен мені әдемі ететін" деймін іштей). "Саған айтарым бар! Мен үйге жақында үйленетінімізді айттым. Бәрі, сірә, баяғыдан дайын ғой. Тек екеумізді күтіп жүр. Мен саған осы тақырыпқа қайта соқпаймын деп талай айттым. Бірақ мен жігітпін. Мені түсін. Сенген адамым сен. Сен алдасаң, өмірдің мәні жоқ. Бірге жүргенімізге біраз уақыт болды. Маған өзіңнің адал екеніңді бүгін дәлелдейсің! Бұл - өтініш емес, талабым!" Көзім алды бұлдырап, бейнесі жүзіп бара жатты. Ішімде бір нәрсе сынып кеткендей еді. Басым айнала, теңселіп, орнымнан әрең көтерілдім. "Мен сені мәңгілік аялап өтемін..." Әлі сөйлеп жатыр, әрі қарай не айтқаны құлағыма естілмейді, әлде санама сіңбеді. Қабырғаны жағалай ұстап, артыма бұрылмастан, есікке беттедім...
⠀
Үйіме қалай жеткенімді білмеймін. Анам мені көріп, қатты қорқып кетті. Анамнан еш сыр жасырмайтынмын. Кеудесіне құлап, жылап жаттым. Сынған сеніміме, үзілген үмітіме, қираған армандарыма налимын. Солай қанша уақыт өтерін білмеймін. Анам бір күні бұлаудай болған бетімнен сүйді, тізесіне жатқызып, шашымнан сипап отырды да: "Ботам, ол сені дәл өзіңдей сүйгенде, сол бәлеңе рұқсат берер ем" деп көкірегі қарс айырыла күрсінгенде, аналық мейірімі тәрбиесіне қарсы болса да, айтқан сөзі көзімді шайдай ашты. Болды, бітті, өткеннің саxнасына шымылдық жабылды. Сол сөздер бойымды тіктетіп, қайта тұрғызған еді...
Сол оқиғадан екі ай өткенде, бір жігітпен таныстым. Басынан ілтипат танытты, ал мен селқоспын. Менен 4 жас үлкендігі бар. Ғалым екеуміз сөзбен құраған идеал қарым-қатынасты ол күнделікті іс жүзінде жасай бастады. Күнде келеді көрісуге. Паркте серуендеп, киноға барып, әйтеуір, бір күнді бос өткізбейміз. Дәл бір ай дегенде: "Сені сүйіп қалдым. Жанымда болғаныңды қалаймын. Маған тұрмысқа шығасың ба?" деді. Өткенімді баяндап бердім. "Сенің қандай қыз екенің жүзіңнен-ақ көрініп тұр. Енді өткенге оралмай-ақ қоялық!" Сонымен әңгіме бітті, мен келісім бердім. Содан, міне, сегіз жыл өтті, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Жолдасымды бір сәт көрмесем тұра алмайтын күйге жеттім. Маxаббатым мен құрметім бірінен бірі асып түседі. Нағыз бағымды жолықтырғаным үшін күнде шүкірімді айтып жүрем. Ғалым менің қыз баласы екенімді сезіндіріп, жүрегіме алғаш сезім құйған, қиялыма қанат бітіріп, арманның ақ тұлпарына мінгізсе, соның бәрін іс жүзінде өміріме енгізген осы жолдасымның амандығын тілеп отырмын. Жас өмірімнің төрт жылын қамтитын естеліктерді санамнан толық жұлып тастамасам да, алғашқы маxаббатыма деген барлық ренішімнен босау үшін осы xикаямды баяндадым...
⠀
...Біздің тойдан соң, ағам үйленді. Жолдасым екеуміз ЗАГС-ке келе жатырмыз. Іштен Ғалым шықты. Қысылмай, амандастық. "Сәлем, той қашан?" "Күзде" деп күмілжи жауап берді. Жолдасым ағамның таныстарының бірі деп ойлаған секілді. "Жаным, тезірек баралық" деп қолымнан жетектеп, жүгіре басып кетіп қалдық. Есікті ашып жатып, артыма бұрылғанда, мені көзімен ұзатып сап, бір орнында қалшиып тұрған Ғалымды көрдім...
Соңы...