Ақмарал Кемелхан
 
"Менің жанымда болсаң, ештеңеден қорықпа да, қысылма!"
 
Еңгезердей бойы мен екі иығына екі кісі мінгендей тұлғасына қараймын да, бұл сөзіне шек келтірмеймін. Өзім де ұсақ адам емеспін. Кәсібім де ерлерге тән. Өз өміріме өзім толық жауап бере алатын қауқарым бар, тісті, тілді қызбын. Ер адамның алдында иілуді білмеуші ем. Оның жанында бой жеткенімді, қыз баласы екенімді сезіндім. 

Қызметінің бағытына қарай көп жолыға алмаймыз. Ең жиі дегенде, айына бір мәрте. Бірақ күнде жанымда жүргендей әсері бар. Өйткені таңды таңға ұрып телефонмен байланыстамыз. Ешқашан әңгімеміз түгесілген емес. Өйткені ол денемнің ішіне, жүрегімнің төріне орнығып алған болатын. Жанарымнан ұзағанда да, санамнан бір сәт алыстамаған. 

Түгел тақырыпқа сөйлесеміз, ойымыз әркез үндесіп, мәңгілік бір болуға деген сенім де сыналап көңіліме қонғалы қашааан?!
 
Ішімде ұшып жүрген көбелектер сыртыма, айналама біліне бастады. Әдемі гүлді көйлегімді киіп-ап, соның жанында жүрсем, өзімді әлемдегі ең сұлу да, нәзік қыз сезінемін. Күнім соның есімімен атып, соның атымен батып жатты. Қасымдағылардың да құлақ етін жеймін "Ғалым, Ғалым" деп. Бәрі біледі, мен жақындасам, "басталды!" дейтін шығар.

Онымен қарым-қатынасым контрастқа толы болды. Ер мінезді мен ең нәзік жанға айналдым, екі метр ер адам ең жұмсақ әңгімелерді айтатын. Бізді тыңдаған жан "әлемдегі ең дұрыс адамдар - осы екеуі" деп ойлауы мүмкін екен.

Араласатын ортасы тентектеу болатын. Кезекті бір кездесуде мені достарымен таныстырды. Бірнешеуі "әдемі қыз екен" деп тиісіп қояды. Ғалым мені биге шақырды. Баяу әуенге бірге тербеліп, әдемі сезімге тұншығамын ба, қалай?
 
Біршама уақытта үстелге беттедік. Жігіттер бізге қарап, жымың-жымың етеді. Жігітіме қараймын, оның да екі езуі екі құлағында. Кештің сәні боп жүргенімізге мәзбіз. Құйылып тұрған шырыннан бір ұрттадым да, қатып қалдым. Бойымды тербеп тұрған әдемі жай әлдеқайда ұшып кетті. Көкірегімнен үлкен ашу көтеріліп бетіме шықты да, от жанарымды тік қадап тұрып, атып жібердім: "маған бұндай құйтырқы істерің өтеді деп ойламаң!" Ол да бірден ұқты. Түрі өзгеріп кетті. "Құрт көзін!" деді бір жолдасына қарап.
 
- Сені бұндайға қимаймын! Кеттік!
 
Ешкіммен қоштаспастан, шығып жүре бердік.
 
Әрі қарай қыдыруға көңіл күйім тас талқан. Мені шығарып салатын болды. Бойымды сан алуан сезім билеп, санам сан-саққа кетті. Сенгенім сыртымнан сатып кеткендей ашулымын, десе де, сол мезеттегі әрекетіне көңілім біраз жібіп, үйімнің сыртында біраз сөйлесіп тұрдық.

"Талай қыздар ащы судан жапа шеккен жоқ па, мен де қармаққа түсіп қалуым мүмкін бе еді, егер байқамай масайып қалсам ше, алдымда тұрған адамға мен өзімнен артық сене алам ба, әлде сеніміме селкеу түсіріп, арымды аттап кетер ме еді? Ондай жағдайда анамның тәрбиесі қайда қалмақ? Біреудің қызы жүкті боп тұрмысқа шыққанын естісе, төртеумізді тізіп отырғызып: "осыдан осылай болсаңдар, үйге келмей асыла салың не өзім көздеріңді құртам!" деп талай айтты емес пе? Асылы, мен "қыз жігітпен сүйіссе, екіқабат боп қалады" түсінігімен өстім ғой." Ақыры ішімде ұстап тұра алмадым, ойымды ақтарып салдым. "Мен жаныңда барда ештеңеден қысылма да, қорықпа!" Тағы қайталады. Бұл оның қарым-қатынасымыздағы формуласы іспеттес тұжырымы еді. Көңілім жайланғандай боп, үйіме кірдім....

Сол түн арамызды қайта бұрынғы қалпына келмейтін етіп өзгертіп кеткенін мен білсемші! Көп уақыт өтпеді. Біз бұл тақырыпқа қайта оралдық... 
 
(жалғасы бар )