Мағжан Жұмабаев
Шолпан Сәрсенбайға шыққан жылы өзіндей жас келіншектермен аулақта кеңескенде: «Баласыз өмірдің қызығы жоқ қой», – деп аузымен ғана айтушы еді.
Мал орнына сатылып, жаны сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен әлдеқалай өзінің сүйгеніне тиген Шолпан шынында бастапқы жылы бала керек қылмады. Ақ отаудың ішінде оңаша жатса да, яки күйеуін құшақтап жатса да, ол ылғи ішінен: «Жасаған-ау, бала бере көрме?!» – деп тілейтін еді.
«Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады-ау», – деп ойлайтын еді Шолпан... Бала туса, күйеуімен екеуінің ортасында бір тікенек өсетіндей болушы еді... Қиюласып қосылған екі жанның арасына жат бір үшінші жан түскен соң, екеуінің де жалынды, екпінді махаббаты бүлінер, бәсеңдер, суынар деп қорқушы еді Шолпан.
Осы ойлармен талай түндерде, талай таң мезгілінде Тәңірден: «Бала берме!» – деп тілеп еді. Күншығыстан ақ жібектей таң атып келе жатқан мезгілде, өзге адам сәждеге құлап, маңдайын топыраққа былғап, тасқа ұрып, Тәңірден бақытты тұрмыс, өшпес бақыт, кетпес байлық, әсіресе бала сұрайтын кезінде, Шолпан күрсіне-күрсіне, Жасағанға:
«Бала бере көрме!» – деп жалынып еді. Затында баланы жек көргендіктен емес, ерімен екі ортасындағы жібектен нәзік махаббат жібі үзілмеу үшін, екі жанды бір-біріне қоса білген иманнан да ізгі махаббатқа басқа бір жан келіп тап салмау үшін, бала болмауын тілеп еді Шолпан.
Жас жүректің ұйтқыған ондай есалаң тілегі қабыл болды ма, кім білсін, түскеніне үш жыл толды, Шолпан құрсақ көтерген жоқ, құрсақ көтермегеніне Шолпан шын разы еді. Ері мен екі ортадағы махаббат оты күн сайын дүрілдемегенімен, бәсеңдемей, бір қалыпта тұрғаны сол баланың жоқтығынан ғой деп ойлады Шолпан. Үш жыл бойы ері де ешбір уақыт бала жоқтамаған сықылды еді, үш жыл бойы Шолпаннан басқа, Шолпанның оттай ыстық, желдей жібек құшағынан басқа ештеңе тілемеген еді. Оның өмірінің басы да, аяғы да, «ағузисы» да, «сүбіханысы» да Шолпан ғана сықылды еді. Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең, Шолпанның ерінің жанының терең түбінде қандай ой, қандай тілек жатқанын кім білсін, әйтеуір, Шолпанға осылай көрінуші еді. Қысқасы, Шолпан үш жыл бойына оны осы ойдан қайтаратын ешбір сөз де естіген жоқ, ешбір іс те көрген жоқ. Дұрысы, баласыз өмір – бос өмір деген сөзді басқа талай адамдардан естіді, бірақ жаны сүйген жарынан естіген жоқ. Ғашық адамға Құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті, жарынан басқа адамның сөзін не қылсын Шолпан!
Бірін-бірі қуалап ай соңынан ай озды, бірін-бірі жетелеп жыл соңынан жыл озды, не керек, Шолпанның «бала болмасын» деген ойы бекігеннен бекіді. Бірақ... жалпы жаратылыста да, адамның өмірінде де, адамның ойында да, өзгерістің даярлығы болмаса, дәл өзі ұзақ созылып барып болмақ емес. Өзгеріс қашанда болса кенет болмақ. Екі ай, үш ай, күз дейміз. Сонда күздің келгенін адам екі-үш ай бойына сезіп жүрмейді. Бір-ақ уақытта, айталық, бір-ақ түнде әжімді жүзі жылауық күздің келгенін сезіп қалады. Шолпанның «бала болмасын» деген ойы да бір-ақ түнде өзгеріп шықты. Ұршыққа оралған жіптей басы-аяғы жоқ қыстың ұзын кеші еді. Іңірде мал жайлап болған соң, Шолпанның ері әңгімелесіп отыру үшін құрбысы Нұржанның үйіне кеткен. Нұржанның үйленгеніне бес жыл болып еді. Бес жылдың ішінде үш баласы бар еді: екеуі ұл, біреуі қыз. Шолпанның ері Сәрсенбай Нұржанның үйінде ұзақ отырып қалды. Сәрсенбайды ұзақ отырғызған Нұржанның ұзақ әңгімесі емес, оның үш баласы еді. Әңгіме дейтін әңгіме де болған жоқ, тек бәрі үш баланың қызығына қарасып, мәз-мейрам болысты да отырды. Нұржанның екі ұлы былдырласып өлең айтқан болысады. Білектерін сыбанып, алақандарына түкіріп, тұшталаңдап, бір-бірімен күресеміз деп ұстаса бергенде, аяқтары бір-біріне шалынысып қалып, біреуі жығылады, екіншісі оның үстіне жығылады. Үйде отырған жұрттың бәрі қарқ-қарқ күліседі, балаларды кезек-кезек шақырып алып сүйіседі. Нұржанның әкесі немересін шақырып алып, асты-үсті, алды-артынан, тіпті сүймеген жерін қалдырмайды. Әсіресе, Нұржанның кішкене қызының қылығы, тәттілігі балдан да тәтті еді.
Сәрсенбай Нұржанның үйінде осы балалардың у-шуы- мен ұзақ отырып қалды. Жұртпен бірге ол да қарқ-қарқ күлді. Ол да балаларды кезек-кезек сүйді. Нұржанның үйінде Сәрсенбай ұзақ отырып, қайтуға шыққанда, ауылдың бәрі-ақ жатып қалған еді. Қайтып үйге кірсе, Шолпан да жатқан екен, бірақ ұйықтаған жоқ екен. Шешініп, Шолпанның қасына жатты да, Нұржанның балаларының ісін, олардың тәтті қылықтарын әңгімелеп айта бастады. Уһілемей, күрсінбей, «біздің баламыз жоқ-ау» деген уайым да айтпай, қайта күле-күле сөйледі.
әрсенбай әңгімесінің арасында жай сөздің екпінімен:
«Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген сөз ып-рас-ау дегенде, Шолпанның басында жаңа бір ой жарқ ете түсті: үш жылдан бері балам болмасын деген тілегінің, қате болғанда да, есалаң екендігі, бала болмаса, екеуінің өмірінің қу мазарға айналатындығы еді. Араларындағы жалынды махаббаттың заманның озуымен бірге бірте-бірте май шамдай еріп сөнетіндігі, құшақтың ыстығы өмір бойы бір қалыпта тұрмайтындығы, екі жүйрік жүректің екпіні баяулаған кезде бір-бірінен жирендірмей, бір-біріне берік байлайтын бала екендігі, баланың ер мен әйел арасындағы дәнекер екендігі – міне, осы ойлардың бәрі сол сағатта ап- айқын боп Шолпанның көз алдына келді.
Сәрсенбай балалардың тәтті қылықтарын күле сөйлеп, ұзақ әңгіме етіп айтты. Төсекте жатып ол шын ынтасымен қарқ-қарқ күлгенде, Шолпан да бірге күлді. Бірақ бұл күлген Шолпанның жаны емес, бет терісі ғана еді.
Сәрсенбай манағы мақалды айтқаннан кейін Шолпанның сұңқардай ұшқыр жанын, желдей еслаң жүрегін қара жыландай қап-қара ойлар орап алып, улай бастап еді. Түпсіз теңіздің қара көк толқындарындай қап-қара ойлар бірінің артынан бірі келді... Үш жыл бойына созылған есалаң тілек. Әлдеқайда алыста бұлдырлап келе жатқан кәрілік. Көзінің оты сөніп, сұп-сұр күлге айналған, күздей көңілсіз кәрілік. Жанның қанатын қырқатын, жүректің отын сөндіретін кәрілік. Бала болмаса, сол кезде сөніп бара жатқан өмірге кім сәуле берер, кім оны жылытар?.. Бала болмаса, сол кезде ішіндегі дәні шіріп, кеуіп қалған шөптің қауызындай бос өмірдің кемтігін кім толтырар?.. Жоқ-ау! Әлдеқайда алыстағы кәрілікті қоя тұршы. Оған өмір не жетер, не жетпес, сол кәрілік жетпей-ақ, осы күннің өзінде-ақ, өмір босап қалайын деп тұрған жоқ па? Жаһанда онан күшті нәрсе жоқ деп иман келтірген махаббаттың күші ерімен екеуін бір-біріне берік байлауға үш-ақ жылға ғана жетіп, енді өз-өзінен сөнейін деп тұрған жоқ па? Ессіз Шолпан үш жыл бойына бала болмасын деп тіледі. Енді сол бала болмағандықтан ертегідей, әдемі өмір қу мазарға айналайын деп тұрған жоқ па? Міне, Шолпанның жанын- да қара көк теңіздің толқындарындай ұйтқыған ойлардың қорытындысы осы еді.
Сәрсенбай әлдеқашан ұйқыға кетті. Бірақ Шолпан анау ойлармен уланып, кірпік қаққысы жоқ. Қыстың ұзын түні шайтанның шашындай ұзайғаннан ұзайды. Шолпанның ойлары да тереңдегеннен тереңдеп, қарайғаннан қарайды... Күншығыстан ағарып алтын таң атып келе жатқанда, Шолпан болар-болмас күбірлеп: «Жасаған-ау, бала бере гөр!» – деп, жас балаша өксігін баса алмай, Жасағаннан бала сұрап жатыр еді.
ІІ
Осы түннен былай қарай Шолпанның бар тілегі бала болды. Жатса да, тұрса да, ояу болса да, ұйықтаса да:
«Жасаған-ау, бала бере гөр!» деген тілекті Шолпанның не аузы, не жүрегі айтушы еді. Бірақ бірін-бірі қуалап ай соңынан ай озды, тілей-тілей тілек тозды. Соға-соға жүрек тозды, тілек тозды, жүрек тозды: өмір тозды. Талай түндерде көзден емес, жүректен ыстық жас төкті. Сопы болды, ылғи дәрет алып, таза жүрді, намаз оқыды. Күн сайын таң сібірлеп келе жатқанда-ақ тұрып, сәждеге құлады, таспиғын санап, «сұбханалла» айтты. Бірақ бала болмады. Шолпан өзінің сопылық жолға түсу себебі «бала» екендігін ешкімге айтқан жоқ. Жанынан жақын ері Сәрсенбайға да айтқан жоқ. Сондықтан Шолпанның мынау мінезі Сәрсенбайға да, басқаларға да жат, оғаш көрінді. Жақыны да, жаты да күлісті, келемеж қылысты. «Ой, сен пірәдар болайын деп жүрсің бе?» – деп күлетін болды Сәрсенбай. Ауыл-аймақ Шолпанға: «Пірәдер келін», «Пірәдер жеңге», «Пірәдер абысынымыз» деп ат қойды. Үлкен де, құрбы да, бала-шаға да күлді. Бірақ Шолпан жүрегіндегі жараны ешкімге ашқан жоқ. Ашқанмен, олар ұғар ма еді? Тегінде адамның жүрек сырын шеттің ұғуы мүмкін нәрсе емес қой. Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Шықса, шер мен сырдың көлеңкесі, сәулесі ғана шықпақ. Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім. Осы ойлар Шолпанның жанында таспиқтай тізілген ретті болмаса да, оның жаны соқыр сезіммен осы ойларға өзі барып тірелген еді әм Шолпанның жүрек жарасын ешкімге сездірмеске тырысуының себебі осы еді. Не керек, жақын, жаттың ортасында жалғыз болды. Бітеу жара болды, жалғыз өртенді, жалғыз жылады, дүниеден безді, сопы болды. Бала сұрады, қалайда бала болмады.
Бала... сол бала үшін қандай ессіздік істемеді есті Шолпан! Ұшыраған молдадан дұға алып бақты. Аты естілген қожадан ішірткі жаздырып ішті. Көрінген сәлдеге үшкіртті. Шиқандай қып-қызыл бетті қожа бесті бұқадай суға қарап:
«Тіпу-тіпу!» – деп үшкіргенде, қожаның «қасиетті» лебі шетке бытырамай, тура түгел ішіме барсын деп, жүрегі ойнап, жүзі бір қызарып, бір ағарып, бетін қожаның аузына тақап, тосып отырушы еді Шолпан. Ылғи: «Көзім қарайып, басым айналады»,– деген сылтау тауып, өзін бақсыға да қаратты. Тағы... тағы... не істемеді Шолпан?! Өртке ұшырап аласұрған жан не істейтін болса, Шолпан да соның бәрін істеді. Бірақ бірін-бірі жетелеп жыл соңынан жыл озды. Баладан белгі болмады. Шолпан тілеуден талмады. Көзінде жас қалмады. Дүниеден безді. Пірәдар болды, әулиеге ат айтты, қорасанға қой айтты: «Жасаған-ау, бала бере гөр!»– деді. Бірақ тілек іске аспай, аяғы жоқ жыр болды. Көл болып төгілген көздің жасы жерге сіңді, тілек тозды, өмір озды, Шолпан бала көтермеді. Қанша жалынса да, қанша жыласа да Жасаған оған бала бермеді. Кім біледі, Тәңірінің Шолпанға бала бермеуі өзінше дұрыс шығар, өзінше жөн шығар. Бастапқы жылдардағы Шолпанның «Бала бере гөрме!» деген тілегін қабыл қылып, тозбайтын, қайта түзелмейтін тақтайына жазып қойған шығар. Шолпанның ендігі тілегі – болары болып, бояуы сіңген, соңғы пайдасыз бос тілек шығар. Ірі саудагерлердің бір айтар: «Сауда жоқ!» дейтін мінезі, кім біледі, Тәңірде де бар шығар. Тегінде, Тәңірі де ауыздықсыз, арсыз саудагер. Тізгінсіз, менмен әкім мінездері де бар секілді.
Мұндай мінезі болмаса, бұйрығымды бұздың деп, ата- мыз Адамды жұмақтан тырдай жалаңаш айдап шығар ма еді? Топырағыма табынбадың деп, әзәзілді ібіліске айналдырар ма еді?.. Кім біледі, Тәңірі ежелгі осы белгілі белдігіне салды ма? Қалайда Шолпанға бала бермеді. Дұғалық нағыз, ішірткі ішу, үшкірту, түкірту, қақтыру-соқтыру, намаз, ораза, садақа, нәзір һәм басқа басы-аяғы жоқ құлшылдықтан ақырында Шолпан шаршады. Бұл құлшылдықтардан ешбір пайда болмайтындығына көзі жетті. Тілегі қабыл болмады – Тәңірден тәуелі қайтты, өмір шіркін ескен желдей озып барады. Өмір – бір құрулы машина.
Тоқтау білмейтін, шаршау білмейтін жансыз маши- на. Әлдекімнің жас орнына қан жылағанын, әлдекімнің үміті өшіп, гүлі солып жатқанын, дөңгелектің арасында әлдекімнің қолы, аяғы, басы – барлық денесі кеткенін, денесі ғана емес, жаны, жүрегі кеткенін не қылсын?! Қайрылып қарау білмейтін, аяу білмейтін өмір Шолпанның да жүрегінен саулап аққан қанына, қанаты сынып өліп жатқан жанына кідіріп, бұрылып қараған жоқ. Жалғыз аузынан емес, бар денесінен көбігі бұрқырап, таудан құлаған есалаң өзендей есалаң өмір озып бара жатты. Өмірдің әрбір минуты сайын Шолпан ойының, Шолпан жанының әрбір ұшқыны өліп жатты.
Өмір озады, тілек тозады – бала жоқ. Енді не қылмақ керек? Жоқ, дұғалығы, молдасы, қожасы құрысын! Құлшылығы құрысын! Айтқанынан қайтпайтын қасарған тәкаппар Тәңірісі бар болсын! Жоқ, бала болудың кілті көкте емес, адамның өзінде шығар.
Бала болу ер мен әйелдің өзіне байлаулы шығар. Шолпанның бұл күнге шейін бала көтермеуі, кім біледі, оның шын әйел бола алмағандығынан шығар. Ермен жатқанда, барлық қазақ әйеліндей қаннен-қаперсіз жай бір жұмыс істегендей салқын жатуынан шығар. Ермен қосылғанда, сол қосылу ісіне жан-денесімен беріле білмеуінен, оның құшағының жалыны әлсіз болғандықтан, сүюінің оты кем болғандықтан шығар...
Осы әрі тәтті, әрі улы ойлардың билеп айдауымен Сәрсенбайға жатқанда, тіпті екінші түрлі жата баста- ды. Денесі өртке, құшағы жалынға, аузы отқа айналды. Сәрсенбайдың қойнына жата бастағанда, мойнына бұғалық түскен киіктің асау лағындай, өміріне ер затын бірінші рет көретін он үш жасар жас қыздай дірілдеп, күйіп-жанатын болды. Құшақтағанда, Сәрсенбайдың қабырғаларын бір- біріне қабыстырғандай қысып-қысып құшақтайтын болды. Аузынан Сәрсенбайдың бетіне от жібергендей құшырла- нып, жалындап сүйетін болды. Шолпанның улы құшағында сең соққан балықтай соқтығып, у ішіп айныған адамдай елжіреп жатып Сәрсенбай: «Ой, сен кәрі боз, қартайғанда жорға шығарайын деп жүрсің-ау!» – деп ырс-мырс күлетін еді. Сәрсенбайдың мынау күлкісі Шолпанның жүрек жарасына бұрыш себетін еді. Сол кездерде оның көздеріне меруерттей мөлдіреп жас келетін еді. Жанынан жақын көрген Сәрсенбайдың оның жан сырын, жүрек жырын ұқпағанына зығырданы қайнаушы еді, жүрегі уға толушы еді. Бала үшін дүниеден безіп, сопы болып жүрген кезінде «пірәдар» деп келемеж қылғанына, сол бала үшін жан-тәнімен беріліп, әдейі есалаңданған шақтарында оған «Жорға» деп ат қойғанына – Шолпан Сәрсенбайға шын-шын ренжуші еді. Бала... бала екеуінің де жоғы емес пе? Екеуіне бірдей керек байлам емес пе? Сәрсенбай сол ортақ жоқты неге бір- ге іздеспейді? Баласыз өмірдің бос екенін неге сезбейді ол? Ол неге сол іздеу отына Шолпанмен бірге түспейді, бірге жанбайды? Еркек атаулы бала дегенде, ішкен асын жерге қойғанда, Сәрсенбай неге бала деп аузына алмайды? Әлде... әлде... жоқ... болмас... болмас... кім біледі... жоқ... ендеше, ол неге бала іздемейді? Неге... неге... шынында ол, әлде бедеу еркек пе екен? Тәңірім, Тәңірім... егер ол шынында, ол бедеу болса... құлшылықтың кемдігінен, құшақтың салқындығынан болмай, Сәрсенбайдың бедеулігінен болса! Бес жылдан бері Шолпанның жүрегіне түскен жара мәңгі жазылмайтын жара болғаны ма? Жайнамаз үстінде төгілген ыстық жастар, жалынды құшақтар, отты сүюлер – бәрі әсерсіз, желге кеткені ме? Бала деген құр сөз болып, сағым қиял болып қалғаны ма? Енді қалған өмірдің жапырағынан айрылған қайыңдай жап-жалаңаш болып озғаны ма? Жа- лынды махаббатпен қосылған өмір қиюы кеткен екі ағаш- тай бір-бірінен бірте-бірте айрылмақшы ма? Заулап жанған махаббат бірте-бірте бесеңдеп, бықсып сөнбекші ме?.. Махаббат сөнсе, өмірде не қызық қалады?!
Ендеше, осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады?
– Шолпан! Жалғыз Шолпан. Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін Шолпан осыны істеуге міндетті. Шолпан бала табуға міндетті.
Теңізден терең, таудан зор күнә қылып болса да, ол бала табуға міндетті. Ізгі тілек үшін істелген күнәні Жасаған кешпес пе екен? Жоқ, Құданың рақметі мол, ол кешеді. Тәңір кешер-ау, бірақ адам кешер ме?
Ұрлық қыл да мал тап, Ойнас қыл да бала тап.
Осы мақалды шығарған кісіге лағынет жаусын! Лағынет!.. Жасаған-ау, өзің кеше гөр, бір өзің...
Шолпанның осы күнәлі ойлармен уланып, ыстық жасқа шомылып жатқаны Сәрсенбайға тигенінің сегізінші жылы еді...
Май айы. Ауыл қыстаудың жанына жылжып қана қонған. Шаршы түс мезгілі. Кішкене жел бар. Маса жоқ есебінде. Көкте көк ала торғын бұлттар маужырап қалғып, ерініп қана әлдеқайда жылжып бара жатыр. Ауада торғын оралып жүрген сықылды... Желіде еркелікпен тартылып, мойнының ауырғанына қарамай қиястанып асау құлындар тұр. Олардың жанында құйрығы мен арқасын анда-санда салмақпен сипап тұрған сақа биелер.
«Құлыным-ау, құр мойның ауырады, қиястықтан пайда жоқ» деп ақыл үйреткен сықылды. Құлынның алды-артына түсіп: «Бұ не болды саған? Не болды саған, құлыным?» – деп абыржып қулықтар жүр. Қулықтардың бұл мінезін ұнатпай, «өй, елпеңдеген сорлы, сабыр қылсайшы, ешбір бәле жоқ!» дегендей, кәрі айғыр құлағын әлсін-әлсін жы- митып қояды. Қой әлі өрістен келген жоқ. Үйшіктегі қарны ашқан қошақайлар «мә-мә» деп зарлап тұр...
Сол уақытта ақ отауының алдында күнге жылынған мысықтай керіліп Шолпан отыр еді. Ол бір нәрсе тігіп отырған сықылды. Бірақ шынында ол тігіп отырған жоқ. Үш айдан бері аруақтай артынан қалмай жүрген күнәлі ойларын ойлап отыр еді. Бір ай болады, Шолпан күнәға белін берік байлаған. Ізгі тілек үшін ізгі күнә істеуге, бір бала үшін жан жары Сәрсенбайға қиянат қылуға ол ойын бекіткен. Сәрсенбай бүгін қонаға қалаға шығады. Әйтеуір істейтін болған соң, ұзаққа созып, умен құр улана беруде не қасиет? Жарайды, соза беруде қасиет жоқ, бірақ лайық кім бар?
Болашақ балаға ата болуға лайық кім бар? Жылқышы Адамқұл... Дұрыс, құлмен жүрсе, сыр шетке паш болмас еді, жабулы қазан жабулы күйінше қалар еді. Бірақ... Адамқұлдан қандай бала тумақ? Күңнен күң, құлдан құл тумақ емес пе? Болса, бала құл болмасын, ұл болсын. Бала болса, мүт болсын, мүт болмаса, жоқ болсын. Ынжық, жасық құл баланың болғанынан болмағаны игі... Жоқ, жоқ, Адамқұлы адыра қалсын! Жә, енді кім бар? Ешкім жоқ. Махаббаттың ақ қанатын кірлетуге тұратын, әсіресе болашақ балаға ата болуға лайық ешкім жоқ. Шынымен еш- кім жоқ па? Шойбай... жоқ... Жұмағали... жоқ... Әзімбай... Әзімбай... Әзімбай қалай болар? Текті атаның баласы, өзі жас, дені сау, сымбатты жігіт. Жасы 18-19-дан артық жоқ шығар. Ұзын бойлы. Екі жауырынына екі кісі мінгендей. Ылғи күліп қана тұратын қой көзді. Жаңа шығып келе жатқан қара мұрты қара жібек сықылды. Ойбай-ау, сол Әзімбайдың өзі үш жылдан бері Шолпанға «жеңге» деп күңкілдеп жүрген жоқ па еді? Әлі ысылмаған жас қой: Шолпанға сөз айтқанда, сақа бозбалалардан естіген сөзді жаттап келіп қана айтушы еді. «Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір...».
Ұршыққа оралған жіптей бас-аяғы жоқ ойлардың дәл осы жеріне келгенде, Шолпанның ерні күлгендей болды... Дәл сол мезгілде үй артынан Әзімбай шығып: «Жеңге, іске сәт!» – деп, Шолпанның жанына жантая кетті. Ақын айтқандай, «бетке шықпай қала ма жүрек ізі», Әзімбайды көргенде Шолпан жүрегі аузына тығылып, бір қуарып, бір қызарып кетті. Шолпанға күнә қылып жатқанда, біреу үстінен шығып қалғандай, күнәлі ойларын Әзімбай біліп қойғандай көрінді.
– Ерте-кеш қолыңнан бір іс түспейді-ау, жеңге. Тігіп отырғаның не?– деп, Әзімбай Шолпанның тізесінің үстіндегі көйлекті ұстаған болып, Шолпанның санын шымшыңқырап алды.
– Қойшы, сал жігіт! Біртүрлісің-ау!.. Жақсы ағаң бүгін қонаға қалаға шықпақшы еді. Соның бір көйлегінің жеңін ұштап отырмын. Сені де қалаға жүреді деп еді ғой.
– Жақсы ағам бүгін қалаға жүре ме?.. Жә, жеңге үш жылдан бері айтып жүрген сөзім өмір бойы аяқсыз қала ма? Жүрегің бір елжіреуді, аяуды білмейтін тас екен!..
– Тағы бастадың ба! Сал жігіт, мені әуре қылып не қы- ласың? Анау пісіп тұрған қыздарға сөз айтсайшы.
– Мен сенен қыз сұрадым ба? Саны көп, сапасы жоқ қыздары құрысын. «Орамал тастайды ғой теңдесіне» дегенді білмейсің бе?
– Жиырмаға жетпей алжысайшы. Сегіз жыл біреуге қатын болған сенің теңің мен бе?
Осы сөзді айтып күліңкіреп, көзін ерке мысықтай сығы- райтыңқырап сынап, Шолпан Әзімбайға қарады. Шолпан- ның мынау сөзінен, мынау көзқарасынан сасыңқырап, тығылыңқырап қалған Әзімбай:
– Жоқ. Жақсы көрген дегенім ғой. Тәңірі, неше жыл қатын болса да, бала таба алмаған әйел кәрі бола ма?
Өзінің мынау сөзінен Әзімбай тіпті тығылып қалды.
«Бала» деген сөзбен Шолпанның жүрек жарасына тиіп, оны өзінен алыстатып алғанын сезіп, Әзімбай үзілген сөзді енді жалғап алып кетуге шамасы келмей, сөз орнына қолымен Шолпанның сол жақ санын қысып-қысып қойды.
Шолпан санынан Әзімбайдың қолын алды да, көйлекке қарап біраз ойланып отырып:
– Жақсы көргенің рас шығар... бірақ жақсы ағаңның көзіне қалай шөп сал дейсің? Балалардың: «Ұрлық қыла- йық, қылсақ, қылайық, Құдайды қайтеміз?» дегеніндей, Құдайды қайтеміз?.. Және сен жассың. Аузыңа да ие бола алмайсың ғой...
Мынау сөздерді айтқанда, Шолпанның қара көздері тұңғиық түпсіз теңізге айнала бастады. Әзімбайдың көз- дерінде есалаң от ойнай бастады... Әзімбай күнә, құдай деген жаққа аяқ баспай, бар түйін соның сөзінде тұрғандай- ақ, асығып-сасып өзін бекітуге кірісті:
– Сыр шашып мен бала ма? Жоқ, саған қаспын ба? Әй, жеңге-ай, менің жақсы көргенімді білмейсің ғой... Жә, үш жыл бойы сүйрегенің де жетер. Бүгін түнде келейін бе?.. Келем...
Әзімбайдың қолы жеңі ұшталып жатқан Сәрсенбайдың көйлегінің ғана үстіне емес, Шолпанның өз көйлегінің үстіне барып қалып еді.
Жарайды... бірақ... жарайды...
– Бір сүйгізші!..
– Сабыр қылсайшы. Әне, біреу келеді...
– Сал жігіт, үйге кіріп, ас ауыз ти...
...Жібек Майдың сұлу түні. Көкте бір бұлт жоқ. Қара көк барқыт кең көкте ойменен, мұңменен, салмақпен ақ алтын Ай жүзіп барады. Не іздейді екен ол? Жарынан айырылған әйел ме екен? Баласынан айырылған ана ме екен?.. Қыстаудың сыртындағы сулы шіліктегі көлбақалар шулап жатыр. Бақ-бақ-бақ. Не дейді екен олар? Жан керек, жар керек, бала керек дей ме екен? Көл бойынан дамылсыз «құдірет-ау, құдірет-ау» деген дауыс естіледі. Өмір бойы құдіретті аузынан тастамайтын қандай ауыр күнә істеді екен ол құс?..
Төсек ағаш үстінде Шолпан жатыр. Жатар алдында иісті сабынмен жуынған, сандықтан жаңа көйлек алып киген. Ол кім үшін жуынған? Кім үшін киінген?
Кімді күтеді ол? Әзімбайды күтеді. Сегіз жыл бал алы- сып тұрған, еш шай деспеген жан жары Сәрсенбайдың кө- зіне шөп салу үшін Әзімбайды күтеді. Не үшін? Бала үшін! Жасаған-ау, өзің кеше гөр, кеше гөр... Аяқ даусы... Есікті ашып, үйге кірді... Әзімбай тура төсек ағашқа келе жатыр... Шолпанда үн жоқ. Мойнына құрық түскен құландай денесі дір-дір етеді. Жүрегі дәл аузында тұр. Бір үн шығарса-ақ жүрегі аузынан атып шығатындай. Денесінің бір жері мұз. Түлкі алған жас тазыдай екі иінінен демін алып, жалма-жан шешініп, Әзімбай көрпеге кіріп келе жатыр.
Тап сол минутте тазының көздеріндей Әзімбайдың көздері де қып-қызыл шығар. Шолпан «ой, кет!» деп айқай салып жіберуге ойлады. Жоқ, үні шықпайды. Әзімбай көрпеге кірді де, «жеңге» деп жұлмалай бастады. Шолпан соққы жеген адамдай сыбырлап: «Сал жігіт, кішкене жай жата тұрсайшы...» – деді. Ол күнә есігінен кірер алдында жүрек жарасын Әзімбайға ашпақшы еді. Жанын жеген жегіні суырып алып, Әзімбайға көрсетпекші еді. Туғаннан бері қиянат жолына баспай, тас болып келген жүректің не үшін бүгін жібігенін айтпақшы еді. Оның іздегені отты, жынды құшақ емес, бала екенін білдірмекші еді. Әзімбайды өз қасіретіне ортақ қылмақшы еді... Бірақ Әзімбай оны тыңдаған жоқ. Қоян қуған төбеттей көрпеге кіргеннен-ақ аласұра бастады. Бір ауыз сөзге келместен, Шолпанның денесін умалай бастады. Ойын бітті... Шолпан сұлап жатқан өлік сықылды жатыр еді. Есалаң, мас Әзімбай мас ойынмен әуре болып жатқанда, Шолпанның бота көздерінен мамық жастыққа ыстық мөлдір жас сорғалап жатыр еді. Әзімбайдың Шолпанның жанымен, көзінен аққан жасымен ісі болған жоқ. Өзімен-өзі әуре, Шолпанның денесімен әуре... Шолпанның басы астындағы мамық жастық шылқылдаған су болды. Түн ортасынан ауған кезде су жастыққа беті тиіп, Әзімбай: «Өй, сен неге жылайсың? Бірадар десе, бірадарсың-ау»,– деді. Есалаң Әзімбайдың Шолпанды ұққаны осы болды...
Таң ағарып келеді... Шолпанның бетінен бір сүйді де:
«Енді мен қайтам, ертең ертерек келем»,– деді Әзімбай. Жылап-жылап шаршап-талып жатқан жас баладай сұлық жатқан Шолпан: «Жоқ, енді тіпті келме!» – деп айтуға оңтайланып еді, бірақ оның іздегені не еді? Бала. Осы бір түннен бала болса жақсы, болмаса... мынау түн өмір бойы Шолпанның мойнында лағынет қамыты болмай ма? Мынау күнә өмір бойы күнә болып қалмай ма?.. Бота көзінен мөлдір жасын жеңіменен сүртіп, Шолпан күбірлеп қана: «Кел, сал жігіт... кел... кел...» – деді.
ІV
Шолпан екіқабат. Бес жыл бойы санадан сарғайып күткен тілегі болды. Уланған өмір гүлденді. Күнә күнә болып қалған жоқ, күнә сауапқа айналды. Бала біткенін білген кезде қандай қуанып жүрді Шолпан, бір минут қабағы жабылды ма? Күн-түн күлкіден аузы тыйылды ма? Кішкене ғана аулақ қалса, алақанымен қарнын сипап-сипап, сол алақанын сүюші еді, ессіз Шолпан ішіндегі жаны жоқ бір кесек етті, ерні күбір-күбір етіп, айналып-толғанушы еді. Ессіз Шолпан! Жә, іздеген жоғы табылды. Басты байлап, естен айырылып, күнәға айдаған кесел жойылды. Енді Шолпанның Әзімбаймен арасын үзбеуі қалай? Шынымен-ақ оның суық жолға түсіп кеткені ме? Шолпанға да ойнастың әдетке айналғаны ма? Жоқ, ойнасты өнеге көретін, суық жолды әдет қылатын әйел Шолпан ба-ай? Ендеше! Бұл ендешеге жауап жоқ. Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуге мүмкін, бірақ әйел жанының мінезін білуге мүмкін емес. Бір қарасаң, әйел – бала, күйерін білмей отпен ойнайды. Әйел – ердің тәңірісі, жарата да алады, жоқ қыла да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады. Әйел – ердің құлы, табанының астында топырақ болады, ердің көлеңкесіне айналады, өзі жоқ болады. Әйелдің аруағы басса, ер күйеді, жанады. Бірақ өзінің жеке бір адам екендігін ұмытпайды, жоймайды. Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып, жоққа айналады. Есінен айырылады. Тілі байланады. Әсіресе әйел бұзық жанды болмаса. Ол уақытта мұндай әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ. Шолпан осындай әйелдің бірі еді. Жанынан денесі, денесінен жаны айырылмайтын. Кімге берілсе де, жан-денесімен түгел берілетін әйел еді. Әзімбайға денесін уақытша ғана беріп, жанын аман алып қаламын деп ойлады Шолпан. Бірақ ой мен ісі біріне-бірі қабыспады. Үш-төрт айдың ішінде Шолпанның жаны да Әзімбайға құл болып, берік байланып қалып еді. Дұрыс, Шолпанның жаны Әзімбайдан айырыла алмағанға бала іздегеннен аз азап шеккен жоқ. Ежелден көз жасына сараңдық қылып үйренбеген Шолпан бұл туралы да талай түндерде жылады. Бірақ көз жасымен жанды түзетіп бола ма? Шолпан да болдыра алмады. Әзімбайды көргенде басы айналған болып, денесі дірілдеп, тілі күрмелуші еді. Денесінде ыстық қан ойнаған мас Әзімбайдың жансыз нәрседей жұлмалап, умалауына қалай көнетінін Шолпан өзі де білмеуші еді. Шынын айтқанда, есалаң Әзімбай тілге келуге, ойлауға мұрша да бермеуші еді-ау. Жарайды, не болса да Жасағанның жазуы шығар, іштегі баланың атасы болғандықтан, Әзімбаймен араны үзуге тиіс емес те шығар. Күнә да емес шығар. Сәрсенбай некелі ері болса, Әзімбай – баласының атасы: Жасаған өзі кешірер. Бірақ мынау жегідей жайылып бара жатқан өсекпен қалай күреседі Шолпан? Жас Әзімбай. Мас Әзімбай. Есалаң Әзімбай! Мынау сырды тырнақтай жасыруды білмейді. Кісі бар-ау деп айылын жиюды білмейді.
Көрінген жерде күшіктей арсалаңдап жатқаны. Жолыққан жерде жұлмалап жатқаны... Өсегі құрғыр жайылғаннан жайылып барады. Пірәдар келін қар келін деп аталса, Шолпан жұртқа не бетімен қарар? Анау күні енесі: «Осы, келін, Әзімбай сенің отауыңа неге қалжыңдап келе береді?» – дегенде, Шолпан жерге кіріп кете жаздады-ау! Жұрты құрысын. Енесі құрысын. Өмірі құрысын. Сәрсенбай... жанынан жақсы көрген Сәрсенбай... Сол Сәрсенбай Шолпанға баяғыдай ма? Неге ол бұрынғыдай жадырап жүрмейді? Неге ол ылғи ойлы? Екі жанды байлаған жібектей нәзік махаббат жібі үзілген сықылды емес пе? Баласы құрысын! Сүттей ақ махаббатты, балдан тәтті өмірді улаған баласы құрысын! Сегіз жыл бойы «сен» демеген Сәрсенбай бір жылы сөз айтудан қалды. Қит етсе, сынықтан сылтау тауып, балағаттап тастайтын болды. Балағаттың аяғы жекуге, қамшыға айналып бара жатқан жоқ па? Күні кеше Сәрсенбай Шолпанды неге ұрды? Бұрын барлық дүниесі суға ағып бара жатса ләм демейтін Сәрсенбай Шолпанды неге сілейтіп салды? Не үшін?
Бір шыны аяқ шоғыры қолдан түсіп кетіп сынған үшін, сол үшін бе? Жоқ. Әзімбаймен ойнас қылғаны үшін! Ұрам деп айтып ұрмайды. Неге ол аузына тас салғандай үндемейді? Ол бірдеңе десе, Шолпан да айтар еді. Өзінің не үшін күнә қылғанын, бала үшін ойнас қылғанын айтар еді. Жоқ, үн жоқ, балағаттау бар, тепкілеу бар. Махаббат жібі үзілді. Өмір бұзылды. Бәріне лағынет жаусын! Өмірді улаған сол іштегі балаға лағынет жаусын!..
Талай түндерде мынау түйінді шешу үшін қасіретпен сарғайған Шолпан талай ой теңізіне кірсе де, ой түбіне жете алмады. Мынау жанды жеген жұмбаққа «ортасында екі оттың – мені, Тәңірім, қор еттің» деп зарлаудан басқа жауап таба алмады. Сәрсенбаймен екі ара шиеленіскеннен шиеленісе берді. Екі жанның арасы алыстағаннан алыстай берді. Бірақ дүниеде адам таппаған жұмбақты заман таппақ. Адам құрығынан құтылғанмен, заман құрығынан құтылып кететін еш нәрсе жоқ. Сәрсенбай мен Шолпан арасындағы мынау түйінді де ұзатпай заман өзі шешіп берді.
Сентябрь жұлдызының соңғы күндері. Ауыл қыстаудың ғана алдында отыр. Салқын түн. Түсі суық сұр бұлттар аспанда бір-бірімен жарысып бара жатыр. Жердің бетін аппақ кебіндей болып боз қырау жапқан. Арба астында байлаулы жатқан бұзаулар тоңып, анда-санда «мө-мө» дейді. Олардың жандарында қарны кебежедей болып жатқан сиырлар еш нәрсені елең қылмай «пыс-пыс» етеді. Сәрсенбай бүгін таңертең ғана қалаға мал айдап кеткен. Отауда, төсек ағаш үстінде шыт көрпеге оранып Шолпан жатыр. Оның қойнында ерке баладай көлденеңдеп жатқан Әзімбай қор-қор етеді. Шолпан да ұйқыда... Арбаның тысырлағанындай бір дауыс. Шолпан селк етіп оянып кетті. Сүйкеніп жатқан сиыр ма екен!.. Жоқ, Арба. Арбалы.
«Әзімбай!..» «Ім-м-м-м-е-е», – деді Әзімбай. Шолпан тағы: «Әзімбай! Әзімбай!» – деп бір рет айтты да, сөздің пайдасыз екенін біліп, Әзімбайдың санын шымшып келіп алды.
– Ой, сені жын соғып кетті ме?
– Ойбай, масқара болдық, бір арба келе жатыр, тұршы.
Кетші. Жақсы ағаң болмаса игі еді...
– Мынау есінен адасқан шығар! Ол ұшып келе ме?
– Ойбай, тұр деймін, тұр. Әне, келіп қалды!..
Әзімбай жылжып шығып, үйдің артына қарай жүре бергенде, есік артында Сәрсенбай арбадан түсіп жатыр еді.
– Бұл кім, әй! – деді Сәрсенбай.
«Мен» деген жауап орнына қыстау желкесіндегі шілікке қарай жүгіріп бара жатқан Әзімбайды көрді. Сәрсенбай атты доғармастан үйге кіріп, үстіндегі қаптал күпіні жұлып тастай беріп, қолындағы құнтпен төсек ағаш үстінде жатқан Шолпанды шықпырта бастады. Көзін қан жауып кетті. Еш нәрсені көрмеді, еш нәрсені ойлай алмады. Ақылын ашу биледі, қолын құнт биледі. Шып-шып-шып... шып. Көрпенің астында жатқан Шолпанда тірлік белгісі жоқ. Өлген адамдай сұлық жатыр. Шолпанның бұлай жатуы Сәрсенбайдың зығырданын тіпті қайнатты.
– Ах-е-е, иттің баласы! – деп, Сәрсенбай қолындағы құнтты лақтырып жіберіп, шыт көрпені жұлып тастап, көзінен жасы бұршақтап жатқан Шолпанды қолынан сүйреп, төсек ағаштан жерге түсірді де, тепкілей бастады. Шолпанда ләм-мим деген бір сөз жоқ. Жеңіменен көзін сүрте береді. Басы тепкіленді, қабырғасы тепкіленді. Үн жоқ. Етіктің өкшесі өкпеге тиген кезде «Ах-ах!» дейді Шолпан. Тағы үн жоқ. Өкше ішке тиді. Шолпан алақанымен ішін басып: «Бала!..» – деді. Мынау сөз Сәрсенбайды құтырған қасқырдан бетер құтыртты.
– Иттің ғана баласы, мен сенен бала сұрадым ба?.. Мен саған ойнас жасап, бала тауып бер дедім бе? Сен иттің адал ісімді арамдап жүргеніңе жарты жыл болды ғой!.. Шығарма дыбысыңды!.. Өлтірем мен сен итті! Өлтірем! Күнде күйгенше, бір-ақ күйейін!.. Өл, ит, өл!..
Сәрсенбай мынау сөздерді айқайлап айтқандықтан, ауылдың бәрі-ақ оянып қалып еді. Алдымен үлкен үйден жаман күпісін жамылып сүйретіліп Сәрсенбайдың кәрі шешесі келді. Оның артынан іле-шала, жалаңаш етіне байының ескі жеңсізін киген, жыртық ішкі киімінен тізесі жылтырап, көрші бадырақтың қатыны келді. Екеуі де есіктен ойбай сала кірді.
– Ойбай-ау, кісі өлтіресің бе, ойбай?.. Балам-ау, ақылмен іс қылсайшы...
– Ақылдарың өзіңе, жұмыстарың болмасын. Өлтірем бұл итті, өлтірем!..
Кемпір мен қатын арашаламақшы болды. Ойбайласты, елбелеңдесті, біреуі қолмен қағылып кетті, біреуі аяқпен соғылып кетті. Болмады. Беті құп-қу, көзі қып-қызыл болған Сәрсенбай тепкілеуден тоқтаған жоқ. Шолпанда тірлік белгісі жоқ. Бір кәлима сөз жоқ, дем де алмайтын сықылды. Әлде талып жатыр, әлде біржола өліп қалды? Екі қатын өздерінен еш қайрат болмайтынына көздері жеткен соң, ауылды жимақшы болды. Бадырақтың қатыны есік алдына шығып:
– Ойбай-ау, ойбай! Өліп қалдыңдар ма? Келсеңдерші! Мұнда кісі өліп жатыр!– деп ойбай салды.
Өздері үрпиісіп отырған ауыл мынау ойбайды естіген соң үйлерінен жүгіре шықты. Кимешегін қисық киіп, аяғына кебіс іле салып шыққан қатын, қақырынып-түкірініп, елді басына көтерген отағасылар, мәсісін қоңылтаяқ киген, өзінен-өзі ұялатын келіншектер, кең қоныш етік, кең қолтық қаптал киіп, дамбалының ауы салақтап, семіз болмаса да семіз адамдай талтаң-талтаң басатын жаңа атқа мініп келе жатқан кісімшіктер... сырыған ақсұр бешпетін киіп, қолына асасын алып, зекет жиып жүріп, бір үйде қонып жатқан Темір қожа да келіп қалды. Ауылдың жиылуын күтпей-ақ, бадырақтың қатынының ойбайы шыққан соң, Сәрсенбай ұрудан өзі-ақ тоқтап еді. Шолпанда тірлік әсері жоқ, сұлық жатыр. Үстіндегі көйлек пара-пара. Денесі, беті, басы бәрі қан. Аузынан да, мұрнынан да қан кетіп жатыр. Сәрсенбай төсек ағаштың үстіне шығып отырды... Ой жоқ, ес жоқ, сөз жоқ, тіл жоқ. Оның өзі де талықсыған сықылды еді. Есіктен халық ағылып кіріп жатыр.
– Мына шіркін есінен адасқан шығар,– деді біреуі.
– Ойбай, бетім-ау, өліп қалған жоқ па? – деді екіншісі.
– Өлсе, өлсін, қар неме!– деді үшіншісі.
Азан-қазан, абыр-сабыр. Темір қожа Шолпанның білегін ұстады да: «Су бүркіңдер!» – деді. Біреуі алып келіп су бүрікті. Әлдене уақытта Шолпан дем алып, болар болмас:
«Алла...» деді.
– Алладан садаға кет, иттің баласы!– деді Сәрсенбай.
– Сәрсенжан, шырағым, сабыр қыл. Әйел ұрмайтын ер болмайды, бірақ...
– Тақсыр, сіз бұл араға кірмеңіз. Өлсін ол ит, өлсін!..
– Сәрсенжан, ақылыңа қайт, кісі өлтіру...
– Әйтеуір, ол маған қатын болмайды. Талақ болсын, Талақ! Талақ!
– Сәрсен, ашу дұшпан, ақыл дос, сабыр қыл. Пәлен жыл еш шай деспеген қосақтан айырылу оңай емес. Заты адал ас арамға айналса, қайтадан адалдап алу шариғатта да бар нәрсе... Мысалы, әйелдің олай-бұлай оғаш мінезі білінсе, оны шешіндіріп, төбесінен қырық шелек суық су құю керек дейді шариғат...
Қожаның аузынан мынау сөз шығар-шықпаста-ақ, бес-алты қатын жаңа есін жинап келе жатқан Шолпанды сүйрелеп ала да жөнелді...
Сентябрьдің салқын түнінде қараңғы шорам үйде бес-алты қатын тырдай жалаңаш шешіндіріп, сүйемелеп ұстап тұрғанда Шолпанның шала-шарпы есі бар еді. Бір қатын тістеніп келіп, үлкен темір шелекпен мұздай суық суды Шолпанның басына құя салды. Үн шығармады, бірақ селк ете түсті Шолпан. Тап сол секундта Шолпанның миында бүкіл өмірі нажағайдың отындай жарқ етіп өтті...
...Жаңа шолпы тағып, сол шолпыны әдейі сылдырату үшін жүкті әдейі қайта-қайта бұзып жиғаны... Апасынан жалынып сұрап қыз ойнаққа барулары... Сәрсенбайдың босаға аттағалы келгені... Бірінші түн... Үшкірген қожаның бұқа көзі... Әзімбайдың қара мұрты... Тістенген қатын күбірлей-күбірлей екінші шелек суды құйып жіберді. Шолпан болар-болмас: «Алла...» деді...
– Қар бетпақ, саған Алла не керек?! – деді бір қатын.
– Ештеңе етпес, қарағым, жастық та... құдай таупық берсін,– деді екінші біреуі.
Шолпанда басқа сөз болған жоқ, ой да жоқ еді. Денедегі қанның мұзға айналуымен ой да күңгірт тартты, сөнді. Шолпан көзін жұма берді. Үшінші, төртінші, бесінші... шелек. Біразға дейін суық суды құйып жібергенде, дене селк етіп кеткендей болып тұрды. Біраздан соң ол да бітті...
Ертеңіне түс кезінде Шолпан күшпенен көзін ашып, сыбырлап:
– Балам қайда? Әлгі неге келіп бір көріп шықпайды? – деді де, көрпенің бұрышын құшақтағандай болып, ерні беу-беу дегендей қимылдап, сұлық болып тағы талып кетті...
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Күнмен таласа Шолпан да өмірімен қоштасты.