ЖЕТКЕР ЖҮСІП

     Өтебалы деген бала болды.Әкесі ауылсәбет. Біздің кезімізде ойыншық машина тек сонда ғана болды .Дәу бірақ. Бүкіл ауылдың баласы сол машинаға жұтына қарайтынбыз. Ойнау түгілі оны бір ұстаудың өзі жарты бақыт-тын. Ірімшік, құрт, әжеміздің оразаға алып қойған жылы жұмсағын қақшып түсеміз.                                             Өтебалыға береміз.машинасымен бір сәт ойнау үшін. Кезекке тұрамыз. Асықтың бәрі сонікі тағы да....

      Бір күні ойнап жүргенде ол"Кімде кім теміржолдың ортасына жатып, қорықпай үстінен пойызды өткізіп жіберсе,осы машинамды басыбайлы беремін" деді. Елең ете қалдық. Бірақ өзімнің тұла бойым тітіркеніп кетті. Өзгелердің де көзі шарасынан шығып үнсіз қалғанын байқадым... .

       Дегенмен оның дәу машинасы менің үнемі түсімнен шықпайтын,ойланып қалдым. Балалық па, албырттық па?! "Мақұл мен келістім"деп саңқ ете қалғандай болдым .Бірақ өз даусым емес ол өзгенің даусы секілді естілді құлағыма. Бәрі шошына қарады маған. Бәстестік,қолды қолдар кесті,бітті енді!          Ересек Серікбай қазылық жасады.Ауыл іргесіндегі Жарғантаудың етегіндегі теміржолға келдік.Екі релістің ортасына жатуға мүмкіншілік болардай етті Серікбай ....

       Сосын пойызды күттік. Ой шіркін уақыт тоқтап қалатын кезі бар екен-ау, сондай кезде.Торғайдай жүрегім тықыршып тұр қанасына симай .Естілді даусы бір кезде.Ұзыннан шұбақ бір"товарный "пойыз 66 вагонынын сүйретіп келеді, зіркілдеп. Жатқызды мені ортаға. Өздері көздері жасаурап тұрып, жасырынуға кетті. О,қара жердің солқылдайтынын сонда білдім. Бір тажал Перғауын келе жатыр  жақындап, дүрсілдегенде, жер аударылып, төңкеріліп бара жатқандай. Құлағым шыңғырып жатыр,жыртылып темірдің темірге үйкелген даусы ма, бірдеңе. Қос реліс қөтеріліп басылып жатқан сияқты . Ысқырған қарадауыл, гуілдеп келді де мінді менің үстіме. Жатырмын етбетімнен.Көк желке тұсым ып -ыстық өртеніп бара жатыр Майдың жаман иісі түтінмен қоса қолқамды қапты.Көйлегімді бірдеңе іліп кетіп жатқандай дыр дыр.Арқама тұз ссепкендей,удай ашып барады. Таусылып болсайшы, шіркін май сасыған тіркемелер.... Құлақ тұнып кетті ,басым шыңылдап.Біреулер қолтықтап жатқан сияқты.Есі ауыш адамдай жан жағыма алақтаймын. Ыржаңдаған бейнелер...

      Машинаны қолыма ұстатып жатыр,Серікбай.Ауыл жақтан біреулер бізге қарай жүгіріп келеді.Ақ жаулығы желмен желбіреген анам етегіне сүрініп құстай ұшып келеді.Ебіл дебіл еңіреп. Аспан төңкеріліп кеткендей,құлақ шекем солқылдап жүрегім аузыма тығылды.Қолымда машина...