Өскеменде жаңа жыл қарсаңында әйелінен жыныстық қатынасқа түсуін талап еткен ер адамның өліміне қатысты сот үкімі шықты.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Қылмыстық іс №2 қалалық сотта қаралды. Сот материалдарына сәйкес, Өскемен қаласының 35 жастағы тұрғыны ҚР ҚК 112-бабы (Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiріп, жәбірленушінің өліміне әкелу) бойынша айыпталды.
Қайғылы оқиға өткен жылдың 28 желтоқсанында орын алған. Ерлі-зайыпты өз үйлерінде ішімдік ішіп, артынша ұрысып қалған.
Күйеуі мас кезінде әйелін жиі ұратындықтан, сотталушы оны үйден қуып шыққан.
Далада қалған ер адам әйелімен жақындасқысы келіп, жатын бөлмесінің терезесінен үйге кірген. Мұнан кейін ол әйелін ұстап алып, ұрып-соққан. Сонымен қатар әйелі қарсыласпауы үшін, жамбасына пышақ сұғып алған.
Мұнан кейін күйеуі пышақты әйелінің мойнына тақап, оны жерге жатқызып, ішкиімін шешкен. Сотталушының айтуынша, қайтыс болған күйеуі онымен жыныстық қатынасқа түскісі келген. Алайда ол бас тартқандықтан, ер адам әйелін тағы ұра бастаған. Осы кезде ата-анасына 2 жасар ұлы жүгіріп келген. Әкесі ұлын бөлмеден қуа бастапты.
Осы жағдайды пайдаланған әйел күйеуін үстінен итеріп тастап, қолындағы пышақты жұлып алып, оның арқасына сұғып алған. зардап шегуші ауруханаға жеткізілгенімен, сол жерде көз жұмды.
Сот шешімі бойынша, әйел «Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелу» бабы бойынша кінәлі деп мойындалды. Ол 2 жылға бас бостандығынан айрылды.
Әзірге сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.