Ғалымдар иттердің де ғашық бола алатынын айтуда. Көптеген зерттеулер жасаған ғалымдар адам бойында «жақсы көру» сезіміне байланысты бөлінетін гормондардың итте де болатынын дәлелдеген.
Тіпті ит ағзасында болатын окситоцин мөлшерінің тым көп екені де анықталған. Бұдан ана мен баланың арасындағы махаббаттың жануарларда да болатыны белгілі болып отыр. Клермонт университетінің профессоры Пол Зак адаммен немесе басқа да мақлұқтармен бірге өмір сүретін жануарлар ағзасындағы окситоцин мөлшерін есептеп, бірнеше зерттеу жүргізіп көріпті.
Оның сөзіне сенсек, бұл өте бір таңғаларлық құбылыс екен. Ал Арканзастағы жануарлар үйінде ғалымдар бірге өскен терьерлер мен ешкілердің қанын тексерген. Профессор Зак олардың бір-бірімен қарым-қатынасын бір-бірін қуалауынан, секіруінен және басқа да ойын имитацияларынан бақылап көрген.
Сонда ойын барысында олардың ағзасында окситоцин мөлшері көбейе түсетіні анықталыпты. Окситоцин – бұл гипоталамус гормоны. Ол тірі ағзаға ләззат, жайлылық сезім беретін қызметі бар гормон саналады. Мәселен, адамның қуанышты, бақытты сәттерінде ағзада окситоцин құрамы көбейетіні дәлелденіп қойған.
Ал сәтсіз, қайғылы жағдайларда оның мөлшері азаяды. Ғалымның адам бойындағы ғашықтық кезінде ғана шығатын окситоцин мөлшері жануарларда да болса, ендеше олардың да жақсы көріп, ғашық бола алатынын дәлелдеуі қисынға келеді.