ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы күндері Қытайда өршіген коронавирустың елімізде таралуының алдын алу шараларын атқаруды жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қытайда жаңа коронавирусты жұқтырғандар 1326-ға жетіп, өліммен 41 оқиға аяқталды. Пневмонияның бұл түрі Таиланд, Еуропа елдері мен АҚШ-та тіркеліп отыр. Қазақстан коронавирусты зертханалық жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін праймерлерді сатып алуды бастады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде инфекция тіркелмегенін ресми мәлім етті.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, карантинге жабылған Қытайдың Ухан қаласында бүгінде Қазақстаннан 230 студент оқиды. Олардың 98-і ғана қалада қалып отыр. Қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған. Еліміз өңірлеріндегі барлық әуежайларда профилактикалық шаралар және оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде.