Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирусқа шалдыққан науқас туралы желіде таралған хабарлама жалған екендігін айтты.
"Құрметті әріптестер, менің туысым Алматыда жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді. Ол бүгін коронавируске шалдыққан адам анықталды деп отыр. Оның өзі науқасты жедел жәрдеммен алып барған. Абай болыңыздар. Құрметпен сіздердің әріптестеріңіз, Мика", деп жазыпты әлдебір адам. WhatsApp месенджері арқылы Алматыда коронавирус жұқтырған адам бар деген мәлімет таралып кеткен.
"Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға жатқызылған науқаста короновирус инфекциясы табылмағанын хабарлайды", - делінген денсаулық сақтау басқармасының ресми хабарламасында. Ресми ақпаратқа сәйкес, бүгін жедел жәрдем қызметіне Гонконгтан түнде ұшып келген қала тұрғыны қоңырау шалыпты.
Науқас өзінің қалтырап, дене қызуының көтеріліп тұрғанын айтқан.
"Арнайы киім киген жедел жәрдем дәрігерлері дереу көрсетілген мекенжайға жіберілді. Жедел респираторлы вирустық инфекцияның клиникалық белгілері бар науқас қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді.
Ауруханада науқасты дәрігерлер арнайы бокста тексерді. Оған «орташа ауыр деңгейдегі тұмау» диагнозы қойылды. Сонымен қатар қажетті вирустық талдаулар алынып, емдеу басталды", - деп қорытындылады денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері. Қытайдағы коронавирус инфекциясының қолайсыз эпидемиологиялық жағдайына байланысты науқас дәрігерлердің жіті бақылауына алыныпты.
Дереккөз : ktk.kz
Дереккөз : ktk.kz