ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.
 
Кездесулерге Парламент Сенатының вице-спикері Бектас Бекназаров, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қатысты.
 
Ауыл тұрғындарымен кездесуде Үкімет комиссиясының мүшелері құқықтық тәртіпті сақтау, келтірілген залалды қалпына келтіру, болған оқиғаның жай-жапсарын объективті анықтау, бірлік пен татулықты сақтау бойынша бұдан кейінгі шаралар, болашақта мұндай кикілжіңдерге жол бермеу шараларын қабылдау мәселелерін талқылады.
 
«Заңға қайшы әрекет жасамағандар босатылады. Тәртіпсіздікке қатысқандардың барлығы заң бойынша жауап береді. Қазір жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, ол барлық жағдайды анықтайды», - деді вице-премьер. Aуданның бір ақсақалы алға суырылып шығып, астанадан ат арытып барған өкімет өкілдеріне біраз өкпе-реніштерін жеткізді.
 
Видеоға түсіріп алынған сол сөздері қазір әлеуметтік желіде көп қолдауға ие болған. «Тамырына құрт түсіп, қурай бастаса, оны бір-бір бұтағын алып жойған дұрыс па, жоқ, тамырымен алып тастап, жаңа ағаш отырғызған дұрыс па? Мына мәселе қалай болып жатыр? Мысалы, осы дүңген ұлты туралы желіге керемет мәлімет түсті. 150 жылдан астам уақыт бұрын Қытайдан қалай қуып шықты бұларды? Жақсы адамды кім қуады?!Келді. Жерімізді, төрімізді бердік.
 
Ал енді мына істеп отырғандарын көріп отырсыздар. Арғы жақтың бәрін айтпай-ақ қояйын, менімен теңдей қатар болған, Қордай ауданында осы Масаншының парторгы болған Сейтжанов Жеңіс деген жігіттің үлпілдеп өсіп, 11 класты бітіріп, суретке түсіп келе жатқан қызын зорлап, өлтіріп, өртеп жіберді. Түбінде оған ешкім жауап берген жоқ.
 
Анау бейшара жүрегінен ауырып, осыдан 8 жыл бұрын қайтыс болды. Қазаққа тиген зияны ма? Зияны! Ал енді одан басқа да сан мыңдаған фактілерді айтуға болады. Кеше сіздермен кездестім ғой. Айтайын дегенім, содан үйге барып телевизорды қоссам, әрбір каналдың бәрі бөліп-бөліп, басқаша сипат беріп тастаған. Ал бұған дейін халықтың қаны қайнап, жігері әбден жүн болды. Заң органдары келеді де тек қана біздің жергілікті ұлттың балаларын қамайды, аналар кінәлі болса да.
 
Міне, осында отырған елдің бәрі біледі, Байсүгіров Атымтай деген кісі болған, біздің үлкен ағамыз. Өте мықты ұйымдастырушы, колхоздың главный инженері болған. Сол 70-тен асқан үлкен кісіні көкпарда ерегісіп қалған дүңгендер басынан ұрып, соның салдарынан өлді. Сонда оның өзін апарып қамап тастаған. Сол дүңгендердің біреуін қамамайды, тек қазақтың 80-ге жақындаған шалына дейін қамайды. Бұл қандай заң, қандай мемлекетпіз біз? Өз елімізде, өз жерімізде жүріп, өзіміздің құқығымызды, бала-шағамызды қорғай алмасақ, онда несіне жүрміз? Ондай егемендіктің керегі не?» - деп ашынды ақсақал. 
 
Дереккөз : ktk.kz