Қазірге дейін 5,3 млн адамның шотында 500 мың теңгеге дейін қаржы болса, 1,6 млн адам 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жинаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты түрде (баспана сатып алу не білім алуға) пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Тапсырма қаншалықты орындалды? Зейнетақы қорындағы қаржысын кімдер баспана мен білім алуға жұмсай алады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, дәл қазіргі уақытта жинақтағы қаржысын ешкім де ала алмайды. Өйткені, президент бұл мәселені нақтылау үшін Үкімет пен Ұлттық банкке тағы 2 ай уақыт берген. Жұмыс тобы бұл мерзім ішінде салымшыларға жинаған қаржысының бір бөлігін алуға мүмкіндік беретін жеткілікті мөлшер шегін (пороговый уровень достаточности) халыққа қолайлы етіп өзгерту жолдарын қарастырмақ.
- Бүгінгі таңда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған салымдардың жалпы сомасы – 10 трлн 800 мың теңге.
- 9,9 млн адамның зейнетақы шоты бар.
- Қазірге дейін 5,3 млн адамның шотында 500 мың теңгеге дейін қаржы болса, 1,6 млн адам 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жинаған.
- Республика бойынша 10 млн және одан да көп салым салған азаматтардың саны – 72 мың 448.
Шоттағы жинағын мерзімінен бұрын кімдер алуы мүмкін?
Жұмыс тобының қазірге дейін дайындаған ұсынысы бойынша, жұмыс істеп жүрген азаматтар зейнетақы қорындағы ақшасын жинағы жеткілікті мөлшер шегінен асқан кезде ғана ала алады (жеткілікті мөлшер шегі дегеніміз – зейнетақы шотындағы ең төменгі зейнетақы көлемінен кем емес, өмір бойы төленетін жинақ). Ол үшін ер азаматтар 30 жасқа дейін 6,7 млн теңге, 40 жасқа дейін 6,8 млн теңге, 50 жасқа дейін 7,2 млн теңге, 63 жасқа дейін 8,2 млн теңге жинаған болуы тиіс (2019 жылдың қараша айында жасалған есеп). БЖЗҚ есептеуі бойынша, қазір Қазақстанда мұндай жинақ тек 113 мың адамда бар.
Екінші мәселе, зейнет жасына жеткен азаматтар жинақтағы ақшасының 50 пайызын қорда қалған қаржы (базалық зейнетақы мен мемлекет төлейтін ынтымақтас зейнетақысын қосқанда) оның зейнетке шыққандағы табысының кем дегенде 40 пайызын құрайтын болса ғана ала алады. Мұндай көрсеткішті халықаралық еңбек ұйымы ұсынып отыр. Ал, дәл осындай мүмкіндігі бар зейнет жасына жеткен жандардың саны – 119 мың 500.
Салымшылар жеткілікті сомадан артық қаражатты өзінің тұрғын үй мәселелерін шешуге, шетелде емделуге жұмсай алады не жарналарын инвестициялау үшін жекеменшік зейнетақы активтерін басқару компанияларына аудара алады.
Жеткілікті мөлшер шегі мен зейнетақы аннуитетінің айырмашылығы қандай?
Ер адамдар 55 жастан, ал әйелдер 50 жастан бастап өмірінің соңына дейін зейнетақы төлемдерін заң жүзінде алуына мүмкіндік беретін жалғыз қаржы құралы зейнетақы аннуитеті деп аталады. Бірақ, зейнетақы аннуитетін сатып алғысы келетін адамның зейнетақы қорында жеткілікті ақшасы болуы тиіс деген шарты бар. Жеткілікті соманың мөлшерін Ұлттық банк белгілейді. 2020 жылы ер адамдарға 10 млн 800 мың теңге, әйел адамдарға 14 млн 800 мың теңге белгіленген.
Ал, жеткілікті мөлшер шегі бойынша берілетін қаржы әр адамның жасына қарай белгіленуі тиіс. Яғни, 30 жастағы азаматтың зейнет жасына дейін әлі 33 жыл қаражат жинай алатыны есепке алынады. Мамандар жеткілікті шекті есептегенде, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы ескерілген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, әйелдер зейнетке шыққан соң орта есеппен 22 жыл, ал, ер адамдар 17 жыл өмір сүреді. Соған сәйкес, 30 жасында 6,7 млн теңге жинаған ер адам зейнетке шыққан соң, кем дегенде 17 жыл қатарынан 38 мың 636 теңге (ең төменгі зейнетақы мөлшері) ала алады деп есептелген.
Қандай жағдайда салымшы зейнетақы қорындағы жинағын бірден ала алады?
- Азамат шетелге көшіп, басқа елдің азаматтығын алғанда;
- Салымшы қайтыс болған жағдайда жинағы мұрагеріне беріледі;
- I, II топтағы мүгедек жандардың (зейнеткер болуы да мүмкін) қалған жинағы 12 төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болған жағдайда (2020 жылы бұл көрсеткіш 463 мың 632 теңгеге тең).
Ал, мына жағдайда салымшылар зейнетақы жүйесіндегі жинағын ай сайын ала алады:
- Белгіленген зейнет жасына жеткен кезде (ер адамдар – 63 жаста, әйелдер 59,5 жаста);
- Азамат I не II топ мүгедегі боп танылса;
- Ер адамдар 55 жасында, әйел адамдар 51,5 жасында зейнетақы аннуитетін реттесе.
Cингапурдың зейнетақы жүйесін Қазақстанда енгізуге бола ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстан әзірше сингапурлық жүйеден үлгі ала алмайтынын айтып, оның себептерін былайша түсіндірді:
"Қазақстандық БАҚ Сингапурдың зейнетақы жинақтаушы жүйесін жиі үлгі етіп жазады. Алайда, қазір Қазақстанда мұндай жүйені енгізе алмаймыз. Біріншіден, Сингапурда салымшылар ай сайын зейнетақы қорына табысының 37 пайызын, ал қазақстандықтар 10 пайызын ғана аударады. Екінші себеп, қазір Сингапурдағы айлық орташа жалақы – 3500 доллар (теңгеге шаққанда 1 млн 330 мың теңге). Ал, Қазақстанда – 181 мың теңге.
Осы салыстыруға қарасақ, алдан келесі мәселелер шығады: Мемлекет ынтымақты зейнетақыны азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі үшін төлеп келеді. Бүгінде 2 млн 200 мың зейнеткер ынтымақты зейнетақы алып отыр. Қазірдің өзінде 1956, 1957 жылғы азаматтар зейнетке шығып жатқанымен, олардың талап етілген толық еңбек өтілі жоқ. Ал, мұндай жағдайда жинақтау жүйесі алға шығады. Алайда, жинақтау жүйесі шығынсыз жұмыс істей алмай отыр".
Сингапур елінің моделін Қазақстанға енгізуді ұсынғандардың бірі – экономист, президент кеңесшісі Олжас Құдайбергенов болатын. Таяуда ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған шешіммен келіспейтінін айтып, зейнетақы жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобынан шығып кетті. Экономист facebook парақшасында:
"Тамара Дүйсенова мен Біржан Нұрымбетов зейнетақы қорындағы жинақты салымшылардың 1 пайызы ғана пайдалана алатындай ұсыныс тастап отыр. Ал, аталған 1 пайыз халықтың көпшілігі баспанаға зәру емес. Демек, бұл – елдегі жағдайдың өзгеруіне титтей де болса үлес қоспайтын таяз шешім. Зейнетақы жүйесін құлдыратқан жандар биліктен кетпейінше, ешқандай реформа болмайды" деп жазды.
Жинақтау жүйесі неліктен тиімсіз болып отыр?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 21 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір 222 мыңнан астам адам салымын алып отыр. Орташа төлем 21 мың теңгеге тең.
Жинақтау жүйесінің тиімсіздігінің бірінші себебі – табыстың төмендігі. Қазір елдегі орташа жалақы 181 мың теңге болса, қазақстандықтардың 77 пайызы содан төмен жалақы алады. Аударылып жатқан зейнетақы жарналарының 50 пайызы 80 мың теңгеден төмен.
"Қазақстандағы жан басына шаққандағы орташа табыс көлемі – 102 мың теңге, ал, ең төменгі жалақы – 42 мың 500 теңге. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сол себепті, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі президентке ең төменгі жалақы деңгейін 40 пайызға дейін көтеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бірақ, бізге оны "2023 жылға дейін кем дегенде 30 пайызға дейін жеткізу қажет" деген тапсырма берілді. Біздің есебіміз бойынша, 2023 жылы орташа жалақы 234 мың теңге, ал оның 30 пайызы – ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың 200 теңге болады", – деді министр.
Екінші мәселе – зейнетақы қорындағы жинақтың тұрақты түрде толтырылмауы. Қазір Қазақстанда 8 млн 700 мың адам еңбекпен қамтылған. Оның ішінде 6 млн 500 мың адам жылына кем дегенде 1 рет зейнетақы қорына ақша аударады. Ал, міндетті зейнетақы төлемін төлемеген 100 мыңдай кәсіпорын бюджетке 2,7 млрд теңге қарыз. Сондықтан, зейнетақы жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобы Үкіметке жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру туралы ұсыныс тастаған.
Үшінші мәселе – инвестициялық кірістердің төмендігі. Соңғы жылдары инвестициялық кірістер инфляциядан жоғары болып тұр. 2016 жылы бұл салада айтарлықтай құлдырау болған еді. Зейнетке шыққан адамның қордағы жинағында инвестициялық кіріс инфляциядан аз болса, айырмашылығын мемлекет төлейді. Мысалы, 2016 жылы 115 мың салымшыға 11,6 млрд теңге, 2017 жылы 12,8 млрд теңге, 2018 жылы 11,3 млрд теңге, 2019 жылы 4,4 млрд теңге төленген.
Халықтың жартысынан көбі зейнетақы қорына енді ғана ақша аударып бастаған
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов болашақта салымшылардың зейнетақы қорындағы қаражатын баспана алуға жұмсай алатынына күмәнмен қарайды:
"Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің есебі бойынша, азаматтар 40 жылдан кейін өзін зейнетақымен қамтамасыз ету үшін өмір бойы жұмыс істеп, жалақысының 13 пайызын ай сайын жинаққа аударып отыруы керек. Ал, Қазақстанда халықтың 53 пайызы жинақтаушы зейнетақы қорына енді ғана ақша аударып бастаған. Бұлардың ең ұзақ жинаған мерзімі – 5 жыл. Қазақстан бойынша cалымдарды салудың орташа жиілігі – жылына 8 рет. Cондықтан, тұрғын үй мәселесін шешкісі келетін жандар осы уақытқа дейін қалыптасып үлгерген тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне үміт артқаны жөн деп ойлаймын".
Жанат Құрмановтың айтуынша, жинақтаушы зейнетақы қоры келесі 5 факторға тәуелді.
- Азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі;
- Еңбек табысы;
- Салымдардың тұрақты түрде салынуы;
- Инвестициялық кірістер;
- Салымдардың мөлшерлемесі.
Салымшылар зейнетақы қорындағы қаржысын білім алуға жұмсай ала ма?
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, қазір Қазақстанда мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі және білім беру несиесі жұмыс істейді.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша кез келген жеке тұлға банкте өзіне не баласына арнап, білім алуға қатысты жинақ жүйесін аша алады. Онда тұрақты түрде жинақталған қаржы кейін техникалық, кәсіби, жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің оқу ақысын төлеуге жұмсалады. Мұндай жинақтарға банк сыйақысынан бөлек, мемлекет тарапынан 5-7 пайыз аралығында сыйақы беріледі.
Ал, білім беру несиелеріне кепілдік беретін бағдарлама арқылы қазірге дейін 2 млрд теңгеге 7 272 несие берілген. Қазір жинақтау жүйесінде жалпы саны 16 мың 900 жинақ бар (19,6 млрд теңге).
Алайда, бұл жинақтау жүйесінде келесідей проблемалар бар:
- Жылдық пайыз мөлшерлемесі жоғары (20 пайызға дейін) болғандықтан, несиеге деген сұраныстың төмендігі;
- Азаматтардың банктің депозит жүйесіне сенбейтіні білім жинақты жеткілікті мөлшерде толтырмауына себеп болып отыр. Атап айтқанда, бұған дейін бірнеше банктің банкротқа ұшырағаны халық арасындағы күдікті көбейте түскен.
Осы мәселелерді ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін білім алуға жұмсауына мүмкіндік беретін механизм ұсынып отыр.
"Бұл механизм бойынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы білім алуға арналған несиені алу үшін банкке келеді. Қолында оқу ақысы туралы ақпарат пен зейнетақы шотының үзінді көшірмесі болуы шарт. Банк несие беруге шешім шығарады. Заң бойынша, білім алуға арналған салымға тыйым салынбайды және тұтқындалмайды. Осы ұсыныс жүзеге асса, ақылы оқудың қолжетімділігін арттырады деп ойлаймыз", – деді Бибігүл Асылова.
"Жеткілікті мөлшер шегінен асатын соманы халық жақын арада жинай алмайды"
Сенат отырысында жұмыс тобының кей ұсынысын құптамаған депутаттар арасында Нариман Төреғалиев бар.
"Қазірге дейін инвестициялық табыс көлемі 6,57 пайыз болса, соның 5,40 пайызын инфляция жеп қойды. Бұл жерде халықтың қандай кінәсі бар? Осы уақытқа дейін қанша ақшасын босқа жоғалтқандықтан, халық зейнетақы жүйесіне сенбестікпен қарайды. Салымшылар өзінің ақшасын сенімсіз жерге беріп отыр. Олардың салған қаражатының 90 пайызын инфляция жеп қойды. Шетелдің зейнетақы қорын үлгі етесіздер. Олар да халықтың алдында "бәріне инфляция кінәлі" деп ақтала ма? Оны сіздер дұрыс басқара алмай отырсыздар, жауапкершілік халықтың емес, сіздердің мойындарыңызда. Ауыл-аймақты аралағанда тұрғындар үнемі осындай сұрақтар қояды, ал біз жауап бере алмаймыз", – деген депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін сынға алды.
Сондай-ақ, Нариман Төреғалиев халықтың 10 млн теңгеден астам соманы жақын арада жинай алмайтынын алға тартып, әріптестерінежеткілікті мөлшер шегін төмендетуді ұсынды.
Болашақта салымшыларды не күтіп тұр?
Біржан Нұрымбетов алдағы 2 айда жұмыс тобы жеткілікті шек мәселесін қайта қарауы мүмкін екенін айтты:
"9 млн салымшының 200 мыңы емес, 500 мың не 700 мыңы зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізуі үшін жұмыс істейміз".
Сондай-ақ, министрдің болжамынша, 2043 жылға қарай елімізде ынтымақты зейнетақы тағайындалатын адам қалмайды. Себебі, олардың тіпті 6 айлық еңбек өтілі болмайды.
"Сондықтан, біз президентке 2028 жылдан бастап ең төменгі кепілді зейнетақыны тағайындауды ұсынып отырмыз", – деді ол.
Ал, Жанат Құрмановтың айтуынша, 2050 жылы әрбір бесінші қазақстандықтың жасы 60-тан асады. Сол себепті, Қазақстанда зейнетақы жүйесінің тепе-теңдігі сақталмаса, бюджетке үлкен салмақ түсейін деп тұр.
Жоғарыда аталған ұсыныстар әзірше бекітілмеген. Сондықтан, дәл қазір зейнетақы қорынан ешкім қаржы ала алмайды. Біржан Нұрымбетов болашақта салымшылар қаржысын алған күннің өзінде ол қолма-қол берілмейтінін айтады. Қаржы тек мақсатты түрде қолдануға беріледі. Мысалы, салымшы тұрғын үй аларда алғашқы жарна ретінде пайдаланғысы келсе, қаражат тікелей банкке аударылуы мүмкін. Дегенмен, мұның бәрі әзірше болжам ғана. Нақты қадамдар 2 айдан кейін белгілі болады.
Дереккөз :informburo.kz