Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермей, халық денсаулығын сақтау мақсатында облыста карантин басталады.

Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Е.Сыдымановтың қаулысы бойынша, Маңғыстау облысының аумағында 3 сәуір сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 15 сәуірі 07:00-ге дейін карантин режимі енгізіледі.

Атап айтсақ, енгізілетін шектеу шаралары мынадай:

1) 2020 жылдың 3 сәуірі күні сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 15 сәуірі күні сағат 07:00-ге дейін халықтың өмір белсенділігін қамтамасыз етуші автокөліктерді қоспағанда, азаматтардың Маңғыстау облысының аумағына кіріп-шығуына тыйым салынады.

2) Халықтың өмір белсенділігін қамтамасыз етуші автокөліктерді (азық-түлік, дәрі-дәрмектерді тасымалдайтын жүк және жеңіл машиналар, сонымен қоса төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін арнайы және қызметтік көліктер) қоспағанда, облыс тұрғындарына қалалар мен аудандар арасына қатынауға тыйым салынады.

3) Мұнайлы ауданында, Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын Шапағатов селоларында тұратын медициналық ұйымдардың, дәріханалардың және азық-түлік дүкендерінің қызметкерлеріне Ақтау – Мұнайлы ауданы – Ақтау: № 103, № 105 бағыттары, Қызыл – төбе-2 , Батыр, № 106 (Баянды) және Ақтау – Ақшұқыр - Ақтау, Ақтау – Сайын Шапағатов – Ақтау бағыттарында, таңертең сағат 06:00-ден 09.00-ге дейін, кешкі сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін, сонымен қатар халықтың өмір белсенділігін қамтамасыз етуші автокөліктердің (азық-түлік, дәрі-дәрмектерді тасымалдайтын жүк және жеңіл машиналар, сонымен қоса төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін арнайы және қызметтік көліктер) Ақтау қаласына кіріп-шығуына рұқсат беріледі.

4) Қоғамдық көлікке тек орындықтар саны бойынша ғана жолаушылар кіргізіледі.

5) Облыс тұрғындарының өмір белсенділігін қамтамасыз етуші медициналық, полиция, авариялық-құтқару және өзге де коммуналдық шұғыл қызметтердің (жылу, газбен қамту, су және энергиямен жабдықтау) әрекеттері шектелмейді.

6) Ресми және ресми емес (тіркелмеген) жеке тасымалдаушыларға (автобустар, газельдер, такси) облыстар, аудандар арасында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.

7) Барлық автовокзалдар мен автобекеттердің қызметтері тоқтатылады.

8) Жолаушылар және жұмыс пойыздары 2020 жылдың 3 сәуірі күні сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 15 сәуірі күні сағат 07:00-ге дейін тоқтатылады.

9) 2020 жылдың 3 сәуірі күні сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 15 сәуірі күні сағат 07:00-ге дейін Ақтау қаласының Халықаралық әуежайының барлық әуе рейстері, үкіметтік рейстерді қоспағанда және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Маңғыстау облысының аймақтық комиссиясының төрағасымен келісілген рейстерден өзгелері тоқтатылады.

10) 2020 жылдың 3 сәуірі күні сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 15 сәуірі күні сағат 07:00-ге дейін теңіз айлақтарында азық-түлік, дәрі-дәрмектерді тасымалдаудан өзгелері, жолаушылар тасымалдау тоқтатылады.

11) Тұрғын үйлерден шығуға мына жағдайлардан өзге уақытта тыйым салынады: - азық-түлік, дәрі-дәрмектерді, бірінші кезекте қажетті және медициналық бұйымдарды сатып алу; - жұмысқа бару; - медициналық көмекке жүгіну; - күндізгі уақытта тұратын жерінен 200 метрден аспайтын аралықта ұзақтығы 30 минут болатын, өзге адамдармен арада 1 метрден кем болмайтын қашықтықты сақтай отырыпбалалармен серуендеуге; - күндізгі уақытта үй жануарларын ұзақтығы 30 минут болатын уақытқа шығаруға;

12) Жасы 65-тен асқан тұрғындар ерекше қажеттілік болмаған жағдайда өз пәтерлері мен үйлерінен көшеге шықпауы тиіс.

13) Барлық тұрғындар өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары: жеке куәлігі, жүргізуші куәлігі, төлқұжаты, тұруға рұқсат беретін ықтиярхаты болуы тиіс.

14) Тұрғын үйінен өзге жерге барғанда бетперде (маска) киіп жүру, бір реттік қолғап киіп, қолдарын өңдеуге арналған тері антисептиктері болуы тиіс.

15) Сауда-ойын-сауық орталықтарының және базарларының жұмысын, азық-түлік сататын бөлек залдары бар, азық-түлік супермаркеттері, азық-түлік прилавкілері, дәріханалары барлардан өзгелерінің жұмысы тоқтатылады.

16) Азық-түлік сатылмайтын сауда орталықтарының, бөлек тұрған азық-түлік сатылмайтын дүкендердің, автосалондардың, автобөлшектер сататын салондардың, гүл павильондарының, химиялық тазалау, кір жуу, фотоательелердің, фотосалондардың, оптикалардың, ломбардтардың, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің, автожуу, техникалық қызмет көрсету бекеттерінің, сауналардың, моншалардың, фитнес-клубтардың, караоке, тату – салондардың, аудио, видео жазатын студиялардың, ұялы байланыс бөлімдерінің, театрлардың, кинотеатрлардың, тренажёр залдарының, спорттық кешендердің, бассейндердің, сұлулық салондарының, спа-орталықтарының, тырнақ студияларының, барбершоптардың, шаштараз кабинеттерінің, компьютерлік клубтардың, жайлардағы балалар ойын алаңдарының, байланысқа түсерлік зообақтардың, мұз айдындарының, көрмелердің, балаларды дамыту орталықтарының және өзге де осы сияқты қызмет көрсету нысандарының қызметі тоқтатылады.

17) Мейрамхана, дәмхана, барлардың, асханалардың және өзге қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына тек «тұтынушыларға дейін жеткізу» принципі бойынша сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

18) Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жұмысы олардың меншік нысанына қарамастан (мемлекеттік, жеке) тоқтатылады.

19) Қызметкерлерді жұмысқа апаратын және жұмыстан үйге таситын көлікпен қамтамасыз етіп, қызметкерлерді таситын автобустарда санитарлық-эпидемияға қарсы және дезинфекция режимін күшейтуі тиіс (таңертең және кешке екі рет)

20) Қауесеттер және арандатушылық ақпараттардың жолын кесу жұмыстары ерекше бақылауға алынып, ондай фактілер анықталған жағдайда олардың одан әрі таралмауы және кінәлі тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген жауапкершілікке тартылу шаралары шұғыл түрде алынады.

21) Облыстағы барлық елдімекенде блокпост қойылады. 2

2) Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Е.Сыдымановтың «Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығына сәйкес, 2020 жылдың 27 наурызында шығарған № 5-ші қаулысының күші жойылады.

2 сәуірден бастап карантинге байланысты барлық сұрақтар бойынша бірыңғай Саll-орталық қызмет етеді - 8 (7292) 30-11-77.


ktk.kz