Қазақстанның үш мегаполисінде модульдік инфекциялық жаңа ауруханалар салу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды - деп хабарлайды ktk.kz арнасы.
 3-4 апта ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында жұқпалы ауруханалар салу жоспарлануда.  
"Әр қаладағы ғимараттар әр түрлі болады (инфекциялық ауруханалар мен карантиндік типтегі модульдік кешендер). Өйткені, олар климаттық жағдайға байланысты түрлі жабдықтармен жарақтандырылады. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
 
Инженерлер мен құрылыс компанияларының қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Оларды 3-4 апта ішінде тұрғызу жоспарланған", – деді Біртанов. Оның айтуынша, инфекциялық ауруханаларға қажеттіліктен аталған нысандарды салу жоспарланып отыр.
 
Өйткені, пациенттер ауруханаларда ұзақ уақыт тұрады. "Бізде 3 500 жұқпалы төсек-орын бар, оларды кеңейтуге дайынбыз. Соның аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында тез тұрғызылатын ауруханалар арқылы орташа есеппен 200-300 кереуетке ұлғайтуды көздеп отырмыз", – деді министр. Нысандар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес салынады. "Қазіргі ауруханалар 60-70 жылдары салынған.
 
Олар әрдайым заманауи стандарттарға сәйкес келе бермейді. Бұл мәселелер модульдік құрылымдарды салу кезінде ескерілетін болады", – деді ол. Айта кетейік, жуырда ғана Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында жинақы құрылымдардан модульдік ауруханалар салынатыны белгілі болған. Бұған дейін қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов үш карантиндік медициналық модуль құрылысына 14,8 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеген.