Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың Қазақстанға оралуына қатысты пікір білдірді - деп хабарлайды ktk.kz арнасына сілтеме жасап kz.el24.kz.
 
«Біздің мәліметімізге сәйкес, бүгінде оның үкімі заңды күшіне енді. Қытай Халық Республикасымен сотталған азаматтарымызды бір-бірімізге беру туралы екіжақты келісімшарт бар. Бірінші шарты – ол өзінің соттылығын Қазақстан Республикасында өтеуге ниетті екендігі туралы жазбаша өтініш беруі тиіс.
 
Содан кейін ҚХР прокуратурасына қазақстандықты туған жеріне эстрадициялау мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Оның атап өтуінше, Ақжарқын Тұрлыбай Қытайда есірткі контрабандасы үшін бас бостандығынан айрылып отыр.
 
Қазақстанда да есірткі тасымалдап, сатқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. «Егер оның әрекеті осыған орай болса, онда меніңше, келісімшартқа сәйкес және барлық материлдар зерделенгеннен кейін оны Қазақстанда жазасын өтеу үшін экстрадциялауға толық мүмкіндік бар.
 
Бірақ, әзірше оның тарапынан бүгінге дейін бас прокуратураға өтініш түскен жоқ. Мұнан бөлек, қоғаушылары, ҚХР-дағы консульдығымыз, Елшілігіміз бар. Осыған орай бізге ресми өтінім түсе салысымен осы бағыттағы жұмысты бастаймыз», - деді Марат Ахметжанов.
 
Мұның алдында Қытай сотының Ақжарқын Тұрлыбайдың үкімін өзгеріссіз қалдырғаны хабарланған болатын.
 
«2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу сотында Ақжарқынға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Қорғаушы тарап сот үкіміне шағым жасады. Алайда апелляциялық сот үкімін өзгеріссіз қалдырды», - деген еді Ақжарқынның адвокаты Сұңқар Нұрмағанбетов.
 
Еске салайық, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанжоу әуежайында ұсталған болатын. Кейін оны өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Бірақ уақыттан кейін сот үкімі жойылып, іс қайта қарауға жолданды.