ІІМ Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Ерлан Омарбеков интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін нені білу керегін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алдымен ол интернет-алаяқтықтың елімізде жиі кездесетін дерегіне тоқталды.
"Біріншіден, интернетте тауарды сату немесе қызмет көрсету туралы хабарландыру орналастырылады. Яғни алаяқтар құрбандарын тауардың төмен бағасымен, қолжетімділігімен қызықтырады. Кейін олар тауардың 50 пайызын алдын ала төлеу керегін айтады. Ал төлем жасалғаннан кейін іске үшінші адам араласады. Ақшаны алған соң зардап шегушіге тауардың басқа елде екені, оны елге жеткізу керегін, мәселелер туындап жатқанын айтады. Кейін телефон нөмірі өшіріліп, тауар да жоқ болады", - дейді ол ІІМ-де өткен брифингте.
Екіншіден, Ерлан Омарбеков үшінші адамдарға онлайн кредит рәсімдеу дерегі жиі кездесетінін жеткізді.
"
Алаяқ интернет-дүкен сатушысына алдын ала төлем жасау керегін айтады. Сатушы оған жеке деректерін береді. Қылмыскер оны тиімді пайдаланады. Сондай-ақ, тауарды сатуға қойған хабарландырудың иесі де тез ақшасын алғысы келеді. Ол алаяққа жеке мәліметін, реквизитін, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), банк картасының нөмірін береді. Алаяқтар осы деректерді пайдаланып, адамдардың атынан кредит алады", - дейді Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары.
Үшіншіден, ол алаяқтар адамдардың жеке дерегіне қалай ие болатынын түсіндірді.
"Алаяқтар оларға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Олар клиенттің картасында күдікті операция жүргізілгенін айтады. Олар осы әрекетті бұғаттау үшін картаның артындағы 3 таңбалы санды айту керек деп түсіндіреді. Әрине, адам оған тиісті мәліметті береді. Кейін оған алаяқ хабарласып, мәселенің шешілгенін айтады. Бірақ олар осы сәтте интернет-банкинг арқылы зардап шегушінің есепшотындағы ақшаны алып қояды", - дейді Омарбеков.
Сонымен қатар, Ерлан Омарбеков алаяқтар қазақстандықтарға қоңырау шалып немесе хабарлама жіберу арқылы олардың белгілі бір шарада жеңіске жеткенін, арнайы сыйлыққа ие болғанын айтатынын жеткізді.
"Олар бұл әрекетке мұқият дайындалады әрі адаммен қалай сөйлесу керегін біледі. Алаяқтар алдымен сіздің қайда жүргеніңізді біледі. Мысалы, сіз Петропавлда жүрсеңіз, сыйлықты Алматыдан алу керегін айтады. Сіз уақытыңыз жоғын түсіндіресіз. Осы уақытта олар сыйлықтың ақша түріндегі эквивалентін ұсынады. Осы кезде сіз алаяқтардың құрбанына айналғаныңызды білмей, жеке мәліметтеріңізді бересіз", - дейді ол.
Сонымен қатар, Омарбеков қылмыскерлер пайда табу үшін әлеуметтік желіге жарнама беретінін де атап өтті.
"Алдымен әлеуметтік желіде биржаға ақша салып немесе букмекерге ақша тігіп, аз уақыт ішінде пайда табуға болатыны туралы жарнама беріледі. Яғни алаяқтар адамдарға спорттық шаралар туралы қосымша ақпарат барын, ірі танымал компаниялардың биржадағы акциялардың бағасын білетінін айтып, оларды сендіреді. Осылайша, адамдар оларға өз ақшасын сеніп тапсырады. Салдарынан олар алаяқтардың құрбанына айналады", - дейді Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары.
Ерлан Омарбеков қазақстандықтарға алаяқтардың құрбаны болмау үшін нені білу керегін де түсіндірді:
"Біріншіден, жеке мәліметтеріңізді ешкімге бермеңіз. Күдікті, тексерілмеген ақпаратқа сенбеңіздер.
Қазіргі таңда ұйым немесе компания туралы ақпаратты интернет арқылы тексеруге болады.
Екіншіден, тауарды тексермей, оған алдын ала төлем жасаудың керегі жоқ. Сіз дүкенге тікелей хабарласып ол тауардың бар-жоғын тексере аласыз.
Үшіншіден, күмәнді келісімдер бойынша ақша аударудың керегі жоқ. Қаржы алаяқтарынан сақ болыңыз. Табыс көзі әрқашан ашық болуы керек.
Төртіншіден, байланыс құралыңыздағы құпиясөзді үнемі ауыстырып отырыңыз. Бұл ертең сіздің жеке мәліметіңізді басқа біреу пайдаланбауы үшін қажет. Ең маңыздысы сақтық шараларын ұмытпаңыз", - деп түйіндеді сөзін Ерлан Омарбеков.