Шымкент тұрғыны жолда қалған адамдарға көмектесіп жатқан полицейлердің көлігін соғып кетті. Оқиғаның видеосы желіде жарияланды.


Түркістан облысында жеңіл көлік жол жиегінде тұрған полицейлердің қызметтік көлігін соғып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға 2021 жылдың 14 наурызында Ордабасы аумағы Шымкент-Самара тасжолының 49-50 шақырымында сағат 17:15 шамасында болды.

Айта кетейік, 2021 жылдың 13 наурызынан бастап өңірде күн суытып, қар жауды. Соған байланысты облыстық полиция департаментінің барлық жеке құрамы, патрульдік полицейлер жолдарға бөлініп, кедергілерге тап болған көліктерге көмек көрсеткен.

Оқиға кезінде түсірілген видеоны Түркістан облысы полиция департаменті қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде анықтады. Тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді.

"Патрульдік полиция батальонының полицейлері қызметтік көліктерімен жердің тайғақ болуынан жолды жауып қалған көліктерді шығарып, қызметтік міндеттерін атқарып, жолаушыларға барлық көмекті көрсетіп жатқан. Сол сәтте "БМВ" маркалы автокөлік жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай, полицияның екі бірдей "Киа Рио" маркалы қызметтік көлігін соққан. Адам шығыны жоқ", - делінген Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратында.

Жүргізушінің Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды.

Бұл жайт тіркеуге алынып, тексеру амалдары жүргізілуде. Жүргізушілер тиісті медициналық куәландырудан өтті. Тексеру қорытындысы жүргізушінің ішімдік ішпегенін көрсетті.

"БМВ" иесіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610 бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.