Адамдардың вакцинадан бас тартуының өз себептері бар, олармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет.
Бұл туралы мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте айтты - деп хабарлайды ҚазАқпарат. "Вакцина алғысы келмейтін адамдармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет. Бұл топ біркелкі емес. Вакцинадан бас тартудың себептері де әртүрлі. Мұндай адамдар арасында шешім қабылдай алмай жүргендер көп", – дейді президент. Осы ретте мемлекет басшысы барлық құралдармен, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды сендіруді, көзін жеткізуді тапсырды.
"Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысуда. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамға бармаймыз. Өйткені "қыңыр" антиваксерлердің шағын тобы кесірінен өз еңбегімен отбасыларының әл-ауқатын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, адам өмірін сақтап қалудың бір ғана жолы бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. "Біздің ең өзекті мақсатымыз – вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу", - дейді мемлекет басшысы.