Алматыдағы фтизиопульмонология орталығының директоры Жанар Сәпиева өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингте орталықтағы ковидтік стационардың жұмысы және дельта штамының жаңа клиникалық көріністері туралы айтты.
Ж. Сәпиеваның айтуынша, фтизиопульмонологиялық орталықты қала әкімдігі белгілеген және 2020 жылы коронавирус инфекциясымен сырқаттанған пациенттерге стационарлық көмек көрсетуге дайындалған.
Орталықта барлық қажетті медициналық жабдықтар бар, стационарлық көмек көрсету үшін 280 төсек-орын бар. Орталық сонымен қатар «Халық Арена» спорт кешенінің «үшінші эшелоны» ретінде жұмыс істейді.
Ол қайта бейімделіп, дерттің шырқау шегі мен эпидемиологиялық ахуал өршіген кезде резервтік аурухана ретінде пайдаланылады. «Фтизиопульмонология орталығы қазіргі кезде үш нысанда жұмыс жасауда және бізге «бірінші эшелон» ретінде күн сайын көптеген пациенттер түсуде. Соңғы 2 апта ішінде пациенттер көп түсті және олардың жағдайы ауыр болды», - деді орталық директоры.
Дәрігер дельта штамының таралуы барысында дерттің клиникалық көрінісінің өзгергенін баса айтты.
Біріншіден, ауруханаға түсетін пациенттер саны күрт өсті. Бұл штамм денеде тез көбейеді, тез таралады және инкубациялық кезеңі қысқа болады. Қазір 7-8 күн.
Екіншіден, түскен пациенттердің өкпесі қатты зақымданған. «Егер біз бұрын өкпесі 20-30 пайыз зақымданған орташа ауырлықтағы науқастарды қбылдасақ, қазір адамдар 30 пайыздан астам зақымданумен түсуде», - деді Ж. Сәпиева.
Дәрігердің айтуынша, алғашқы күндері бұл ауру суық тиюге ұқсайды және көптеген адамдар бұл белгілерді елемейді. Олар - дене қызуының төмендеуі, қалтырау, шамалы жөтел, әлсіздік және бас аурулары. Содан кейін 2-3 күннен кейін клиника шапшаңдайды. Сондықтан Жанар Сәпиева пациенттерге олардың жағдайын мұқият бақылауға және егер температура көтерілсе, емханаға баруға, мүмкін, көкірік қуысын тексеруден өткізуге кеңес береді.
«Өкпенің 30% зақымдануымен келетін пациенттерде бірнеше күн ішінде өкпенің 60% зақымдалады. Сонымен қатар, аурудың клиникалық көрінісіне құсу, жүрек айнуы, диарея, буын ауруы, бұлшықет ауруы және жоғары қызба сияқты көріністер қосылды.
Біздің пациенттердің шамамен 70 пайызының температурасы жоғары. Олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеуіміз керек», - деді дәрігер. Сонымен қатар, Жанар Сәпиеваның айтуынша, дельта штамының тағы бір өте қауіпті көрінісі - қандағы тромбоциттер санының артуы. Бұл тромбоздан өлу ықтималдығын арттырады. «Неврологиялық симптомдар да қосылады – бас ауруы, депрессия, кейбір егде жастағы науқастарда мидағы қан айналымы бұзылады», - деді дәрігер.
Дереккөз: ҚазАқпарат