Алдағы уақытта жүргізуші куәлігін алуға арналған емтихандарда биометриялық сәйкестендіру жүйесі жұмыс істейді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин онлайн брифингте мәлім етті.

Оның айтуынша, мамандандырылған ХҚКО-ларда жүргізуші куәлігін емтихансыз алу фактілері бар. Осыған байланысты сынаққа келетін адамды тексеру шаралары күшейтіледі. 

– Алдағы уақытта жүргізуші куәлігін алуға арналған емтихандарда биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жоспарда бар. Атап айтқанда, теориялық емтиханға кірердің алдында және емтихан үстінде тексеріс жасалады. Бұдан бөлек, практикалық емтиханда да тура сондай тексеріс болады, – деді Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бағдат Мусин соңғы рет 24 қазанда елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында болып, сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтағанын атап өтті.

– Қазіргі кезде біз тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. Тосқауыл қойылды. Мәселен кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықта үш адам ғана жүргізуші куәлігін алды. Бұл дегеніміз, бақылау күшейтілді. Қосымша адамдарды қойдық. Олар емтиханға кіретін адамдарды тексеріп отырады, – деді Мусин.