Елде коронавирус жұқтырғандардың саны күн санап кеміп барады. Дегенмен эпидемиологтар босаңсуға болмайды, сақтық шарасын сақтау қажет екенін ескертеді.
Бүгін Ақтөбе облысы «жасыл» аймаққа өткен өңірлердің сапын толықтырды.
«Қызыл» аймақтан шыға алмай тұрған әзірге төрт облыс бар. Барлығы еліміздің солтүстік шебіндегі кесел кеулеген көрші мемлекетпен шекаралас өңірлер деп хабарлайды el24.kz ,ktk арнасына сілтеме жасап.
Кеше ғана індеттің үдегенін, карантин шектеуі күшеюі мүмкін деген Ақтөбе облысы бүгін «жасыл аймаққа» өтті .
Бүгін бар-жоғы 10 адамнан коронавирустың анықталуы эпидемиологтардың өзін таң қалдырғандай. Өйткені минималды мұндай статистика осыған дейін болмаған. Дегенмен «сары» аймақтан құтылып, «жасылға» жайғастық дегенмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте.
Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары: - Олай болады, бұлай болады деп айту өте қиын. Бірақ енді көршілес Ресейде жағдай өте күрделі, Еуропа елдерінде күрделеніп тұр. Алдымызда біз эпиджағдайдың бұдан әрі күрделенуін жоққа шығара алмаймыз.
Бірақ бұл инфекцияның алдын алудың пәрменді шарасы – вакцина алу. «Қызыл» аймақтың құрсауындағы Ақмола облысында ауру әзір ауздықталар емес. Биыл 397 адам көрінбейтін кеселдің құрбаны болды.
Статистика өскенмен, оған селк етіп сақтанудың орнына сауыққа асығатындар вирус көрсеткішін көбейтуге тікелей түрткі болып тұр. Түн шымылдығын түргенде санитарлық талапты бұзып тығылып отырғандардың талайын мониторинг топ тағы да әшкере етті. Рейд барысында шектеуге шекесінен қараған бірнеше мекеме анықталды.
30 адамға дейін отыруға рұқсат берілген ойын-сауық орындарында 150-ге дейін қонақ жайғасқанын көргендер жағасын ұстады. Тіпті түнгі сағат 12-ден кейін кальян түтінін алаңсыз будақтатқандар бұл әрекетінен еш әбестік қөрмейтіндей.
Мейрам Жапбасов, Ақмола облысы ПД басқарма бастығы: - Есірткімен күрес жұмысында рейд жасадық. Көңіл көтеретін бірнеше мекеме жұмыс істеп тұрды. Олар карантин шектеулеріне сәйкес сағат 11-ден кейін жұмысын тоқтатуға тиіс. Мониторинг топты шақыруға тура келді.
Арнайы топ әкімшілік хаттама толтырып, жаза тағайындалуы тиіс. Ақмола облысынан бөлек, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары да аурудың аптығы басылмай тұрған «қызыл» аймақтың тізімінде. Еліміздің солтүстігіндегі төрт облыста түгел эпидахуалдың күрделенуіне -көршілес Ресеймен барыс-келістің жиілігімен байланыстырады санитарлар. Дегенмен «жасыл» белдеуге сегіз аймақтың ойысуы әзірге көңіл көншітіп тұр. Пандемия елге келгелі коранавирусқа шалдыққандар саны 941 мыңнан асып жығылды.